АҚШ–Израиль мен Иран қақтығысы: 40 күнде қанша адам қаза тапты?
28 ақпанда басталған АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері Таяу Шығыста кең ауқымды қақтығысқа ұласты. Шамамен 40 күнге созылған соғыс барысында мыңдаған адам қаза тауып, ондаған мың адам жарақат алды.
Халықаралық ұйымдар мен ашық дереккөздерге сүйенсек, ең көп шығын Иранда тіркелген. Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, елде 3600-ден астам адам қаза тауып, олардың жартысына жуығы бейбіт тұрғындар. Сонымен қатар кемінде 20 мың адам жараланған.
Ливанда да жағдай ауыр. Израиль соққылары салдарынан 1500-ден астам адам қаза тапқан, олардың арасында балалар да бар. «Хезболла» жасағы ондаған жауынгерінен айырылған.
Израильдің өзінде де шығын бар. Иран мен Ливан тарапынан жасалған шабуылдар нәтижесінде 20-дан астам адам қаза тауып, бірнеше әскери қызметкер көз жұмған.
АҚШ Қарулы күштері де шығынға ұшырады. Ресми мәлімет бойынша, 13 америкалық әскери қаза тауып, 300-ден астамы жараланған.
Сонымен қатар қақтығыс Ирак, Сирия, Парсы шығанағы елдеріне де әсер етті. Бұл елдерде де зымыран және дрон шабуылдары салдарынан ондаған адам қаза тапқан.
Сарапшылардың айтуынша, бұл соғыс тек әскери емес, аймақтағы гуманитарлық ахуалды да күрт нашарлатқан. Миллиондаған адам үйлерін тастап, қауіпсіз аймақтарға көшуге мәжбүр болған.
Айта кетейік, 7 сәуірде АҚШ пен Иран екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. Алайда сарапшылар бұл бітім ұзаққа созылмауы мүмкін екенін айтып отыр. 9 сәуірде Иран Израильді бітімді бұзды деп Ормуз бұғазын қайта жапты.