Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апаты: Қазақстан тергеудің аралық есебін жариялады
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 ұшағына қатысты тергеудің аралық есебін жариялады.
Апатқа ұшыраған әуе кемесі Баку-Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі кезеңде тергеу комиссиясы нақты деректерді жинап, талдаған. Олардың қатарында экипаж туралы мәліметтер, диспетчерлік қызметтердің жұмысы, әуе компаниясының нормативтік құжаттары, ұшуға дайындық пен рейсті орындау материалдары, метеорологиялық деректер және техникалық қызмет көрсету құжаттары бар. Сондай-ақ борт журналы мен рейске қатысты өзге де құжаттардың көшірмелері алынған.
Тергеу жұмысына Әзербайжан, Ресей және Бразилия өкілдері қатысуда. Сонымен қатар, процесті ICAO – Халықаралық азаматтық авиация ұйымының бақылаушысы қадағалап отыр.
Ұшақ сынықтары мен сараптамалар
Мамандар апат орнын егжей-тегжейлі тексеріп, ұшақ конструкциясы элементтерінің кеңістіктегі орналасуын тіркеген. Фото және бейне түсірілім жүргізіліп, әуе кемесінің негізгі агрегаттары оқиға орнынан шығарылған.
Тергеу аясында бірнеше сараптама жасалған. Атап айтқанда, апат орнынан табылған бөгде металл заттарға қатысты трассологиялық, баллистикалық, жарылыс-техникалық және өрт-техникалық кешенді зерттеулер жүргізілген.
Комиссияның қорытындысына сәйкес, ұшақтың гидравликалық жүйесі «қатты зат тию салдарынан металдың жыртылуы» нәтижесінде зақымданған.
Есепте:
«Әуе кемесіне келтірілген зақымдар, болжам бойынша, әскери оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтерінен болған, алайда олардың нақты қай тарапқа тиесілі екенін анықтау мүмкін болмады», - деп көрсетілген.
Маңызды деректер әлі ашылмады
Комиссия ұшақтың техникалық қызмет көрсетуіне жауап беретін орталық компьютердің кассетасындағы деректерді оқи алмаған. Бұған құрылғының жоғары температура әсерінен зақымдануы себеп болған.
Тергеудің қорытынды есебі Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланатын болады, алайда нақты мерзімі әзірге көрсетілмеген.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 (J2-8243) ұшағы Бакуден Грозныйға ұшып бара жатып, Ақтау маңында апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алды.
Қаза тапқандардың ішінде:
-
6 Қазақстан азаматы,
-
25 Әзербайжан азаматы,
-
7 Ресей азаматы бар.
Алғашында апат себептеріне қатысты түрлі болжамдар айтылған. Кейін Ильхам Әлиев ұшақтың құлауына ресейлік тарап жауапты екенін мәлімдеп, Мәскеуден кінәні мойындап, жауаптыларды жазалауды талап етті.
Ал Владимир Путин азербайжан ұшағының апатына байланысты кешірім сұрағанымен, бастапқыда жауапкершілікті мойындаудан бас тартты. Тек 2025 жылғы 9 қазанда, Душанбе қаласында Ильхам Әлиевпен өткен кездесуде ол апатқа Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесінен атылған зымыран себеп болғанын ресми түрде мойындады.