Ақтау прокуроры Алматы әуежайында мас күйінде жанжал шығарғаны үшін ұсталды

«Ақ Жайық» басылымы Ақтау қаласының прокуроры Ерболат Абдировтың ұсталғанын хабарлады. Ұстауға «мас күйінде жанжал шығару» себеп болған.
«1977 жылы туған Абдировқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы, 1-бөлігі (“Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға мас күйінде келу”) және 434-бабы, 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық: қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, азаматтарға сыйламаушылық танытып тиісу және қоғамдық тәртіпті бұзатын өзге де әрекеттер”) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды», - деп хабарланды.
Оқиға Абдировтың еңбек демалысы кезінде болған. Ол Астанадан ұшып келген рейстен кейін ұсталды.
Абдиров прокуратура органдарында 20 жылдан бері жұмыс істейді. Ақтау қаласының прокурорының Алматыда ұсталуына байланысты қызметтік тергеуді Маңғыстау облысының прокуратурасы жүргізіп жатыр.