Ақтауда ауадағы жағымсыз иіс тұрғындарды алаңдатты
Ақтау қаласының тұрғындары ауадағы қолайсыз иіс туралы шағымдарын жалғастырып келеді. Алайда экологиялық бақылау қызметі қала атмосферасындағы жағдайдың қалыпты екенін мәлімдеді.
Маңғыстау облысы экология департаментінің зертханалық-талдау бақылау бөлімінің мамандары 12 қараша түнінде әлеуметтік желілерде тараған шағымдарға байланысты ауа сапасын тексерген. Мониторинг №33, 39, 14, 26, 11, 7, 9 шағын аудандарында және Ақ Желкен ауылында жүргізілді.
«Мониторинг нәтижесінде қала аумағында жағымсыз иіс байқалмады. Өлшеу құралдарының нәтижелері бойынша ластаушы заттардың шекті мөлшерден асып кету фактілері тіркелген жоқ», – делінген экология департаментінің хабарламасында.
Алайда халықаралық aqi.in порталының деректеріне сүйенсек, дәл қазір Ақтауда ауа орташа деңгейде ластанған.
-
PM10 (ірі бөлшектер) – 51 µg/m³,
-
PM2.5 (ұсақ бөлшектер) – 26 µg/m³.
Бұл көрсеткіштер рұқсат етілген шектен сәл жоғары, яғни қалада тыныс алу сапасы төмендегенін көрсетеді.
Ақтаулықтар бұған дейін де бірнеше рет ауаның сасуы мен күйік иісі туралы шағымданған.
Экологтар мұндай иістің Атырау немесе Астрахан облыстарындағы қамыс өртенуінен пайда болатынын және жел бағытымен Ақтауға жететінін түсіндіріп келеді.