Ақтауда екі айлық нәрестенің өлімінен кейін қылмыстық іс қозғалды
Ақтауда екі айлық сәби көз жұмды. Блогер Азамат Сарсенбаевтың айтуынша, сәбидің анасы мен оның бірге тұратын ер адамына көршілер бірнеше рет шағымданған. Олар ішімдік ішіп, подъезде жиі жанжал шығарған көрінеді.
Оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді. Құқық қорғау органдары 4 сәуір күні «102» нөміріне баланың өлімі туралы хабарлама түскенін растады. Нәресте ауруханада қайтыс болған.
«Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Алғашқы қарау барысында зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ», – деп хабарлады Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция бұл отбасының бұрыннан құқық қорғау органдарының назарында болғанын нақтылады. Атап айтқанда, әкесіне қатысты тыныштықты бұзғаны үшін төрт рет әкімшілік хаттама толтырылған.
Бұған дейін Атырау облысында дәрігерлер алты айлық балаға нақты диагноз қоя алмай, санитарлық авиациядан бас тартқаны туралы жазылған еді. Соның салдарынан сәби ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.