Ақтаудағы AZAL ұшағы апатын тергеу соңғы кезеңге шықты
Қазақстан Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағының құлау себептерін техникалық тұрғыда тергеуге қажетті барлық сараптамалық қорытындыларды жинауды аяқтады.
Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев журналистерге мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда халықаралық комиссияның қатысуымен тергеу нәтижелерін қорытындылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бозымбаевтың сөзінше, барлық қажетті сараптамалар алынған. Оның ішінде:
GPS-трекерлер бойынша қорытындылар;
навигациялық жүйелер бойынша; сараптамалар;
әуе кемесін шығарған Embraer компаниясының деректері.
— Барлық қажетті сараптамалар алынды. Қазір комиссия мүшелерімен бірге нәтижелерді жинақтау және келісу кезеңі жүріп жатыр, — деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, комиссия құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Ресей өкілдері, сондай-ақ әуе кемесін жасаушы компания мен халықаралық авиациялық ұйымдардың сарапшылары кірген.
Халықаралық стандарттарға сәйкес, тергеудің техникалық қорытындысы алдағы бірнеше ай ішінде жарияланбақ.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында «Әзербайжан әуе жолдары» компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы апатқа ұшыраған. Ол Баку – Грозный бағыты бойынша ұшып бара жатқан.
Ұшақ бортында 67 адам болған. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам аман қалды.
Әзербайжан ұшақты Ресей атып түсірді деп айыптады.