Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:46

«Актив Ломбард» желісінің иесі Сергей Койнов ұсталды

 Сергей Койнов
Фото: ашық дереккөз

Агенттіктің мәліметінше, елдің түрлі қаласында 200-ге жуық филиалы бар «Актив Маркет» желісі арқылы лицензиясыз микрокредит беру ісі жолға қойылған. Желі иесі ретінде Сергей Койнов анықталды. Ол компанияларды сенімді адамдардың атына рәсімдеп, сырттай тұрмыстық тауарларды сатып алу қызметін көрсеткендей етіп көрсеткен.

Алайда іс жүзінде азаматтарға жылжымайтын мүлік пен мүлікті кепілге алып, қарыз берумен айналысқан.

Ең басты мәселе – мұндай қарыздардың сыйақы мөлшерлемесі заңмен белгіленген шектен 4 есе жоғары болған.

«Қарыз 15 күнге беріліп, сыйақы 16,2% болған. Бұл заңдағы шекті мөлшерлемеден төрт есе артық», – деп хабарлады ҚМА.

Тек кейінгі екі жыл ішінде осындай жолмен халықтан 3,5 млрд теңгеден астам қаражат заңсыз өндірілген. Зардап шеккендер қатарында зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да бар.

Заңсыз табысты жасыру үшін аффилиирленген компаниялармен 1,9 млрд теңгеге жалған келісімшарттар жасалған. Қаражат кейін меншік иесінің жеке шотына дивиденд түрінде аударылып отырған.

Бүгінде республика бойынша 200-ден астам  ломбард ғимаратына тінту жүргізіліп, заттай айғақтар тәркіленген.