Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:15, 07 Шілде 2023

Активтерді қайтару туралы заң кімнің мүддесін көздейді

None
None

Назарбаев кланы мен оның олигархтары жылдар бойы елден тонап шығарған байлықты кері қайтару туралы мәселе жұрттың көкейінде көптен бері-ақ  жүрген.

Қаңтардан соң болашағы бұлыңғыр көрінетін бұл мақсаттың  шындыққа айналу мүмкіндігі арта түсті.  Назарбаевтарды биліктен түбегейлі кетті дегенге сеніп қалған  қоғам  олардың «ішкен-жегенін» елге қайтару туралы талаптарын қатаң қоя бастады. Тіпті Болат Әбілов, Оразалы Ержановтар «Елге қайтару» қоғамдық қорын құрып, нақты іс-әрекетке көшетіндерін көрсетті. Олардың Еуропа сапары, елден ұрланып, шет ел асқан капитал мәселесімен біраз жылдар бойы шұғылданып жүрген Әкежан Қажыгелдинмен ымыраласқандары сол капиталды иемденіп алғандардың қытығына тие бастады. Бұл көшедегі «шал, кеттің»  заңнамалық, қаржылық әрі экономикалық санадағы нұсқасы екенін билік жақсы түсінді. Түбі жоғарыдағылар үшін жақсылықпен аяқталмайтыны анық болатын. Өйткені мұндай ұран наразы күштердің қолында жойқын қару болып шыға келеді. Оған жалпы жұртшылықтың «есек дәмесін» қосыңыз.  Содан-ақ билік осы істі өз қолына ала бастады. Бұл процесті тоқтата алмайтынын білді, сөйтті де, белгілі қағидаға сай оған өзі басшылық жасауды жөн көрді. Содан басталды – ананы қысты, мынаны жапты. Өңкей «шелек жалағандар». «Айран ішкендердің» мұртына жағылып қалғанын да «сүрткен» жоқ.  Нәтижесінде, мемлекеттің әлеуеті үшін, болашақ тұрақтылығы үшін аса қажет мәселені сабырлы да салиқалы шешудің орнына кәдімгі науқанға айналдырып жіберді. Яғни «жап-жақсы әнді қор қылды». Большевиктердің ескі әдісі. Енді, міне, «Шет елге заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы» заң да жарық көрді. Мәжіліс те, сенат та үкімет ұсынған нұсқаны мақұлдап, президенттің қол қоюы ғана қалды. Әрине, «жер астынан жік шығып», жағдай күрт өзгеріп кетпесе, Тоқаевтың қол қоятыны анық.

Билік әдеттегідей қоғамның пікірін пысқырмады да. Ал келіспей пішкен тонның келте болып шығатыны белгілі. Заңға қатысты өздерінің ұтымды ұсыныстары еленбей қалған Оразалы Ержанов, Әкежан Қажыгелдиндердің ойынша, бұл құжат ел мүддесін көздемейтін көрінеді. Ержанов заң жобасын олигархтар, яғни заңсыз иемденген капиталды қайтаруға тиістілер «өздері жазған ба деп қаласың» дейді. Қажыгелдин болса «бұл капиталды қайтару емес, ұрылармен келісімге келу» деп салды. Билік те мойымайды – жарнамасын жалғастырып жатыр. Ал сонымен заңның несі шикі? Несі келте?  

Бұл жерде мамандар мен сарапшылардың, жоғарыда аталған қоғам қайраткерлерінің (оларың әрқайсысы да қаржы саласын, заңнаманы жақсы білетін мықты да білікті мамандар) пікіріне, ұсыныстарына сүйене отырып, парламент қабылдаған заңның болмысына үңіліп, қысқаша сыйпаттап  көрсек.  

Заңда Қазақстандағы коррупциялық былықтың басталуына себеп болған мемлекеттік меншікті жекешелендіру мәселесін қайта қарастыру туралы ләм-мим сөз жоқ. Ал біздің елде түзелген кез келген ірі капиталдың түбін қаузасаң сол жекешелендіруге барып тіреледі емес пе? Есімізде ғой бәрімізге «купон» деген «күпіні» кигізіп қойып, аузымызды аңқитып кетпеп пе еді? Яғни заң сол кездері ғаламдық деңгейдегі қылмысқа барғандарды орағытып өтіп, «коррупциямен күрес» деген шоуды «капиталды елге қайтару» деген шоуға айналдырып жібереді. Демек, «крышасы» жоқ немесе бір кездегі «крышасынан» айырылып қалған «қарапайым» жемқорлар сорлайтын болады. Шет жағасын көріп жатырмыз ғой.  

Капиталды шет елдерге заңсыз шығарғандардың үстінен жүретін сот азаматтық процесс ретінде өтеді. Екі бизнесменнің арасындағы шаруашылық  келіспеушіліктен туған жанжал тәрізді. Яғни бұл заңды шығарғандар және жүзеге асыратындар үшін елді тонау қылмыс емес. Ешқандай тергеу амалдары да қарастырылмаған. Олай болса, нағыз клептократтар жауапкершілікке тартылмайды да. Демек, президенттің осындай заң жобасын әзірлеп, ұрланған активтерді қайтару туралы жарлығы да, оның үкіметке берген тапсырмасы да орындалмай қалады. Сонымен бірге елді бұлайша аяусыз тонауға кім мұрындық болғаны, оның себебі неде екені нақты айтылмаған. «Ауыруын жасырған өледі» деген бар емес пе? Бұл заң да сол сияқты, басты себепкерді атап айта алмаған соң, оған да, оның туыстарына да бата алмайды. Сөйтіп, бар-жоғы «тірі өліктің» тірлігіне ғана барады. Яғни президент Тоқаевтың отандық экономиканы олигархтардан тазарту туралы мәлімдемесі де жүзеге аспай қалады.   

Заң күдікке ілінгендердің қолындағы активтерді «заңсыз иемденген» деп тану үшін, оған жұмсалған қаражаттың заңдылығын қарстыратын болады.  Демек, заңсыз алынған еш нәрсе таба алмайды. Өйткені олигархтардың бәрі де ертеден-ақ ол ақшаның заңнамалық құжаттарын даярлап қойған. Бәленбай банктен «бәленбай несие рәсімдеді» деген қағаздары бар. «Сүттен ақ, судан таза» болып шыға келеді. Оның үстіне, заң бойынша ешбір олигарх қудаланбайды да. Өйткені заң қолданылатын субъектілер тек мемлекеттік қызметкерлер ғана. Ал заңның мына бір нормасы – бүкіл елді ақымаққа балау. Заңсыз иемденген байлық ретінде тану үшін субъектінің капиталы АЕК мөлшерінен он үш миллион есе асып түсуі керек екен. Ол – 100 млн АҚШ долларына шамалас қаржы. Машкевич, Құлыбаевтар үшін бұл сома майда тиын сияқты болар. Ал қарапайым қазақ баласы үшін доллардан бұрын жүз миллион теңге де, қалтасына ғана емес, тіпті қиялына да сия бермейтін байлық. Сөйтіп, заң осы норма арқылы клептократтарға кең мүмкіндік ашып береді. «Аздап-аздап, сексен-тоқсан миллион доллардан ұрлай беруіңе болады»  дегендей. Ал ол клептократ тонап алғанын өз еркімен қайтарып беретін болса, болашақта қандай да бір қудалаудан босатылады.  

Былайша айтсақ, бірнеше рет Назарбаев жүргізген, «заңсыз дүние-мүлікті, қаржы-қаражатты заңдастыру» деген «лас» ақшаны «жуып» берген шара сынды. Біреулер әрең жүріп салып алған тауық қорасын заңдастырды, енді біреулер миллиондарын елге кіргізіп, жуып-шайып, қайта шығарып алып кетті. Мына заң да соның керін киетін болар. Өйткені мұнан елдің мүддесін көре алмаймыз. Кеткен «мал» қайтпай қалады. Бір қызығы, билік күзде заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, қоғам тарапынан жасалған ескертулерді әлі де қарастырамыз дегенді білдірді. Сонда кімге соншама уақыт беріп отыр? Неге бірден толыққанды заң шығармады? Ел байлығын тонауды неге қылмыстық іс-әрекет деп танымады?  

Міне, осыған қарап-ақ, заң жобасының авторлары Назарбаевтар мен олигархтардың өздері дегенге сенуге болады. Яғни осы арқылы олардың ұрлап шығарған капиталдарын қайтару емес, заңдастырып беру процесі жүреді. Мысалы, Қайрат Боранбаевқа қатысты қылмыстық істің нәтижесінен көріп отырмыз. Дариғаның құдасына тағылған айыптар алынып тасталып, бірінші сот инстанциясында оған кесілген сегіз жыл жазаның күші жойылды. Оның шет елдердегі қыруар активтерін ешкім іздестірген де, қайтаруға тырысқан да жоқ. Жақын күндері босап шығады.

Ал мәжіліс депутаты, журналист Ермұрат Бапи өзінің бас прокурорға жолдаған сауалында Назарбаев кланының басқа үш мүшесі – Шәріпбаев, Нұрәлі Әлиев пен Ғалымжан Есеновтердің заңсыз шығарған қаржысына қатысты мәселе көтерген болатын. Білгеніміз – Дариғаның күйеуі деп саналатын, Қайрат Шәріпбаевтың қызы басқаратын Tethys компаниясы әкесі басқарып отырған мемлекеттік «ҚазТрансГаздың» газын сыртқа сатып келген. Бұл фирма Шәріпбаевтың бақылауындағы тағы бір APL компаниясы арқылы батыс банкілеріне бірнеше миллиард доллар шығарған. Оның мөлшері 20 млрд доллар деген де ақпарат бар.  Ал Ахметжан Есімовтің күйеу баласы Ғалымжан Есеновтің есепшотында орасан зор ақша жатқанын Швейцария үкіметі көрсетті. Олар біздің елге сауал жіберіп, бас прокуратура Есеновтің ол ақшаны адал жолмен тапқанын, оған қатысты ешқандай да қылмыстық іс қозғалмағанын айтқан. Яғни оны ақтап шыққан. Ал Назарбаевтың жиені, Дариғаның үлкен ұлы Нұрәлі болса, оған  «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы құрамындағы  стратегиялық маңызы бар, баланстық құны 250 млрд теңге тұратын, жылына 80-90 млрд теңге табыс табатын «Транстелеком» компаниясы небәрі 18 млрд теңгеге, яғни «сутегін» берілген. Нұрәлінің әр жылдары алған дивидендінің жалпы көлемі – 8 млрд теңге шамасында ғана.  

Бұл – Назарбаевтар заңсыз иеленіп кеткен байлықтың бір пұшпағы ғана. Біршама дереккөздер, сарапшылар экс-президенттің елдегі алпауыт өндіріс орындарының, энергетика саласындағы негізгі кәсіпорындардың түпкі бенефициары деп білетінін ескерсек, ол байлықты елге қайтаруға мына заңның еш құзыры жоқ екенін түсінеміз. Оның жақындары да аман қалады. Сонда елге қайтатын не ақша? Кімнің ұрлағаны? Бас прокурордың ендігі 750 млрд шамасындағы қаржының қайтарылғанын мәлімдегені бар. Бірақ ол ақша кімнен, қайтіп қайтты, қайда қайтты, біз – әрине, одан бейхабармыз. Ал бұл маңызды істі прокуратураға сеніп тапсыру –  елдің үмітін үзіп тастау. Өйткені бұл органның талай рет небір жемқорды ақтап бергенін, олардың еш қылмысы жоқ деп, шет елдік тергеу органдарынан құтқарып келгенін білеміз.   

Tax Justice Network ұйымына сенсек, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорға шамамен –140-160 млрд доллар шығарылған. Заңсыз шығарылған ақша көлемі бұдан едәуір көп дейтіндер де бар. Бұл ақшаның біразын жылжымайтын мүлік, түрлі компаниялардағы үлес сатып алып, заңдастырып та үлгерген. Ал заңды негізін дәлелдей алмаса, ұрыға да тимей, елге де қайтпай, сол елдердің бюджетіне аударылатын болады. Еуропада ондай құқық беретін заң қабылданып та қойды.  

Міне, отыз жыл бойы елге, мемлекетке, қазақ халқына қарсы жасалып келген, әлі де жалғасып жатқан қастандықтың, сатқындықтың нәтижесі осындай. Ал парламенті бар, прокуратура мен қауіпсіздік органдары бар – бәрі жабылып, сол ұрылықты заңдастырып бермекші. Мына заң қабылданған соң, біздің ол туралы басқа пікіріміз де қалмады.  

Сонда президент Тоқаев мәлімдеген елдің жарты байлығының иесі – 162 адамның тізімі қайда? Олардың не ұрлағанын неге ашық жарияламасқа? Мысалы, Transparency International Kazakhstan қоғамдық қоры жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) туралы ақпараттың жалпыға бірдей ашық емес екенін айтады. Олардың пікірінше, бұл жағдай экс-президент Назарбаев пен оның маңындағылардың заңсыз иеленіп алған активтерін елден еш кедергісіз шығарып кетуіне мүмкіндік беріп отыр. Ал биліктің өзі жариялағандай, ашық та әділ қоғам – коррупциямен барынша күресе алатын билік пен еркін экономика құрамыз десек, бұл аса маңызды әрі керек шара.

Иә, дегенмен де сеңнің шеті сетінеді. Бәлкім, осындай әр қадам арқылы әділдіктің ақ жолына түсіп те кетерміз. Солай деп сенгің де келеді. Бірақ… Бірақ қайдам… Үміттен күмән басым.

Тегтер: