Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратындағы өрттің себебі аталды
Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратындағы өрттің себебі электр сымдарындағы қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Мұндай нұсқа облыстық төтенше жағдайлар департаментінде өткен брифингте айтылды.
Брифингте өртті сөндіру жұмыстары мен тергеу барысы туралы ақпарат берілді. Кеше өртті сөндіруге 338 адам және 58 техника жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖ қызметінің 130 қызметкері мен 34 техникасы қатысты. Сондай-ақ полиция және Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімі де жұмыс істеді. Астана әкімдігі су тасымалдау үшін 10 техника бөлген.
— Хабарлама 20:21-де түсті. Өрт 21:19-да оқшауланып, 21:52-де толық сөндірілді. Әкімдік ғимаратының 2400 шаршы метр шатыр аумағының 300 шаршы метрі жанды. ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды. Келтірілген залал көлемі анықталуда. Ғимарат шатыры ағашпен қапталған. Болжам бойынша, өрттің себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болуы мүмкін. Кабельдің тұтануы токтың қатты қызуынан болған болуы ықтимал. Шатырда байланыс қызметінің де сымдары бар, - деді облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Айбат Жанабергенов.
Оның айтуынша, әкімдік ғимаратында 2024 жылдың қарашасында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру жүргізілген. Сол кезде жеті заңбұзушылық анықталып, екі ай ішінде жойылған. Сонымен қатар өртке қарсы оқу-жаттығулар да өткізілген.
— 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы да оқу-жаттығулар жоспарланған. Ғимарат ішінде дабыл жүйесі бар, бірақ шатырда жоқ. Сондықтан ішкі жүйе іске қосылмаған. Өрт кезінде эвакуация жүргізілген жоқ, өйткені кешкі уақытта қызметкерлер болмаған. Күзет қызметі 109 нөміріне өзі хабарлаған, - деді ол.
Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешовтың айтуынша, әкімдікте шамамен мыңға жуық адам жұмыс істейді, олардың жартысы – мемлекеттік қызметкерлер. Олар түстен кейін жұмысқа қосылады. Қалпына келтіру жұмыстары туралы шешім штаб отырысында жарияланады.
— 2022 жылы әкімдік ғимаратында ішкі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2024 жылы шатырға жөндеу жасалды, - деді Байнешов.
Еске салайық, кеше кешке Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратында өрт шыққан болатын. Өрт аумағы 300 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, оған облыс әкімі Асхат Шахаров жетекшілік етті. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ғимараттың жағдайын толық бағалау үшін сарапшылар тартылған.