Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары марапатталды

Биылғы жылдың ақпан айы табиғаттың тосын мінізімен есте қалды. Қыстың соңғы айында республиканың көп өңірінде қалың қар жауып, боран болды. Салдарынан көптеген өңірде тас жолдар жабылып, халықтың қалыпты режимде жүріп-тұруы қиындады. Әсіресе, алысқа жүк көлігін айдап, тауар тасымалдайдын тасымалдаушы жүргізушілерге бұл жағдай қиын тиді.
Мысалы, ақпанның басында Ақтөбе облысы мен Қостанай облысындағы республикалық маңызы бар А-22 тас жолында қалың қар себебінен жол жабылып, ауыр жүк көліктерінен кептеліс пайда болған болатын. Жолда қалған жүргізушілер суықта тоғып, қарын тоя тамақ ішуі қиын болды.
Сондай қысылтаяң кезде көмекке ең алдымен өңірлік Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері келді. Атап айтқанда Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жолда қалған жүргізушілерге дер кезінде көмек көрсетіп, олардың қысылтаяң сәттен қиналмай өтуіне жәрдемдесті.
Жолда қалған жүргізушілерге көмек көрсеткен қызметкерлердің игісі ісі есерусіз қалған жоқ. Олар жайлы бұқаралық ақапарат құралдары жарыса жазып, халық алғыс жаудырып жатты. Мамандарды тиісті министрлік те марапатсыз қалдырған жоқ. Мысалы, ақпаның айының аяғында Қазақстан республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ақтөбелік құтқарушыларды арнайы марапаттады. Атап айтқанда, ақ боранен арпалысқан құтқарушыларға «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісін тағып, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Ақырған аязда қар құрсауында жолда қалған жолаушылар мен жүргізушілерге көмек қолын аямай, қызметін адал атқарған қызметкерлерді Ақтөбе облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов арнайы марапаттады.
Сонымен қатар Ақтөбе облысы Хромтау аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Арман Әлмағамбетов те бірнеше құтқарушы қызметкерлерге марапат тапсырды. Атап айтқанда, өртке қарсы қызметінің алтыншы өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкері Доспаев Мейрамбек және бөлімшеге қарасты жедел-құтқару жасағының бас құтқарушы маманы Оңалбаев Айқын бөлім бастығы Әлмағамбетовтың қолынан «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» арнайы төсбелгісін алды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұдан бөлек төтенше жағдайлар қызметінің тоғыз қызметкеріне Төтенше жағдайлар министрі өз қолымен арнайы сертификат тапсырды.
Қиын-қыстау сәтте халықтың қасынан табылған құтқарушы қызметкерлердің еңбегі еленіп, тиісті марапатқа ие болғаны көңіл қуантады. Тұтқиылдан болатын тосын оқиғалар кезінде көпшілік ең алдымен төтенше жағдай министрлігінің қызметкерлерін іздейді. От пен судың арасында жүріп, халықтың амандығы үшін аянбай қызмет атқарған төтенше жағдай қызметкерлері қандай марапатқа болса да лайық деп есептейміз. Ел үшін еңбек еткен ерлердің еңбегі еленуі керек қашанда. Бұл жазылмаған қағида деп білеміз.