Ақтөбе облысында әкім көңілдесін ұрғаны үшін жазаланды

Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр әйелді ұрып-соққаны үшін кінәлі деп танылып, 80 АЕК (314 560 теңге) айыппұл төлеуге міндеттелді.
Сонымен қатар ол жәбірленушіге 100 мың теңге моральдық өтемақы, 100 мың теңге өкілдің шығынын және мемлекетке 1966 теңге мемлекеттік баж өтеуі тиіс.
Оқиға 2024 жылдың 26 желтоқсанында әкімнің кеңсесінде болған.
Тергеу материалдарына сәйкес, былтыр жылдың соңында 39 жастағы әкім Қандыағаштағы балабақшаның ересектер тобының тәрбиешісі Е. есімді азаматшаға қол жұмсап, беті мен басынан бірнеше рет ұрған. Оқиға барысында ол бейәдеп сөздер айтып, балағаттағаны да айтылады. Кейін жәбірленушіге «ми шайқалуы» диагнозы қойылған.
Жағдайды одан сайын күрделендірген жайт – тәрбиешінің өзі берген мәлімдемесі. Ол әкіммен интимдік байланыста болғанын айтқан.
Айта кету керек, биылдың өзінде Қазбек Аққайыр екі рет Әдеп жөніндегі кеңестің қарауына түсіп, екі мәрте тәртіптік жаза алған. Бұған дейін оған тұрғындармен дөрекі сөйлегені үшін де шағымдар түскен. Ол 2020 жылы республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауында жеңімпаз атанған болатын.
Сотта әкім жәбірленушімен «қыз-жігіт ретінде қарым-қатынаста болғанын» да мойындады.