Ақтөбе облысында ауыл әкімі суицид жасамақ болды: толық мәлімет

Алға ауданына қарасты ауыл әкімдерінің бірі суицид жасамақ болды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, 47 жастағы әкім бұл әрекетке өз үйінде барған. Алайда жұбайы дер кезінде байқап, дәрігерлерді шақырған. Қазір шенеунік аудандық ауруханада жатыр, жағдайы бірқалыпты.
Полиция бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
«Өз-өзіне қол жұмсауға оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Қылмыстық іс бойынша өзге мәліметтер жариялауға жатпайды», - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Оқиға туралы Алға ауданының әкімі Асланбек Шуиншалиев ресми түрде растады. Оның айтуынша, әкімнің өзіне қол жұмсау әрекетінің алдын жұбайы алған.
«Оқиғадан кейін бірден ауруханаға ауыр жағдайда жеткізілді. Нақты себебі туралы айта алмаймын. Бұл – жеке мәселе», - деді Шуиншалиев.
Әкімнің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Полиция аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады.
Айта кету керек, соңғы уақытта жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы суицид жағдайлары жиілей түсті. Мысалы, жақында Ресейде жұмыстан босатылған көлік министрі өз-өзіне қол жұмсаған еді.