Ақтөбе облысында автобус апатынан бес адам қаза тапты
Ақтөбе облысында автобус апатынан 5 адам қаза тапты. Олардың ішінде шетел азаматтары да бар.
Өзбекстан ТЖМ дерегінше, 7 желтоқсанда ПермьТашкент бағыты бойынша жүріп келе жатқан Yutong маркалы автобус жолдан шығып, сайға аударылған. Автобуста 49 жолаушы болған. Бес адам қаза тапты. Қайтыс болғандардың арасында Өзбекстанның екі азаматы бар.
«Министрлік қызметкерлері Қазақстандағы әріптестерімен байланыста. Олар бірге апат себептерін анықтап жатыр», - делінген Өзбекстан Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан хабарламада.
Қазақстан билігі әзірге ешқандай толық ақпарат бермеген.
Айта кетейік, 1 желтоқсанда Алматы облысында Минивэн мен жүк көлігі соғысып нәтижесінде жеңіл көлікте отырған жеті адамның барлығы, оның ішінде жүргізуші де, оқиға орнында қаза тапты.
Қазақстан жолдары Орта Азиядағы ең қауіптілердің бірі саналады. Мәселен, 2024 жылы жол-көлік апаттарынан 2 579 адам қаза тапты, бұл көрсеткіш соңғы он жылдағы ең жоғары сан болып тіркелді. Ал биылдың өзінде (қаңтардан қарашаға дейін) 1 916 адам жол апатынан көз жұмғаны хабарланды. Бұл тенденция жол қауіпсіздігі бағытында ілгерілеу жоқтығын, керісінше, жағдай күрделеніп жатқанын көрсетеді. ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, жыл басынан бері 12 миллионнан астам жол ережесін бұзу дерегі тіркелген. Мұның барлығы полиция қызметінің бұл бағытта нәтижесі мардымсыз екенін аңғартады. Қаншама ресми есепте «жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету» шаралары атқарылып жатқаны айтылса да, көрсеткіштер көңіл көншітпейді.
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны ғана емес, олардың салдарының ауырлығы да айтарлықтай күшейген. Сақтандыру компанияларының дерегіне қарағанда, қаңтар-маусым айларында міндетті автосақтандыру аясында 74 мыңнан астам сақтандыру төлемі жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,6 пайызға көп. Сонымен қатар адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келген ауыр жол апаттарының саны бір жылда 54 пайызға өсіп, 15 698 дерекке жеткен. Мұндай мәліметтерді «Евразия» сақтандыру компаниясының аналитиктері Мемлекеттік несие бюросы, Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика комитеті және сақтандыру төлемдерінің статистикасы негізінде келтіреді. Сарапшылардың есебінше, республика бойынша әр бесінші жол апаты – ауыр. Орта есеппен алғанда, Қазақстанда болған барлық жол апатының 21,3 пайызы адамдардың жарақат алуымен аяқталады. 2025 жылдың қорытындысында жол-көлік оқиғаларының жалпы саны 150 мыңнан асып кетуі мүмкін деген болжам жасалған.