Ақтөбе облысында болған жол апатынан 12 адам оқиға орнында қаза тапты

Полицияның алдын ала мәліметінше, DAF жүк көлігі мен «ГАЗель» маркалы шағын автобус соғысқан. Алдын ала деректер бойынша, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен.
Оқиға орнында екі көліктің жүргізушісі мен «ГАЗельдің» 10 жолаушысы көз жұмған. Тағы 5 адам ауруханаға жеткізілді.
Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Белгілі болғандай, «ГАЗель» ресми түрде Жүргенев атындағы ауылдан Ақтөбеге дейінгі бағытта жолаушы тасымалымен айналысқан.
Айта кетейік, Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының деректеріне сәйкес,Қазақстан миллион тұрғынға шаққандағы жол апаттарынан өлім көрсеткіші бойынша әлемде үшінші орында, Ресей мен АҚШ-тан кейін орналасқан.
Тек 2025 жылдың тоғыз айында елімізде жол-көлік оқиғаларынан 1600-ден астам адам көз жұмып, 35 мыңнан аса адам түрлі жарақат алған.
Прокуратураның мәліметінше, жол апаттарының 86%-ы жүргізушілердің, ал 14%-ы жаяу жүргіншілер мен басқа қатысушылардың кінәсінен орын алады.
Қыркүйек айында елімізде 25 адам жол апатынан көз жұмды.
-
11 қыркүйек күні Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, салдарынан 10 адам қаза болды.
-
14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көлік соқтығысып, қарсы бағытқа шыққан бір автокөліктің әрекетінен тағы 10 адам мерт болды.
-
Ал Қарағанды облысында болған апатта 5 адамның өмірі үзілді.