Ақтөбе облысында қала әкімі өз-өзіне қол жұмсады
Ақтөбе облысына қарасты Темір қаласының әкімі Еркін Далмағамбетов өз-өзіне қол жұмсады. Оның денесі өз үйінен табылған. Ол 46 жаста болған.
Бұл туралы Orda.kz тілшісі хабарлады.
Қайғылы оқиға 20 желтоқсан күні кешкі сағат тоғыздар шамасында белгілі болған. Бейресми ақпаратқа сәйкес, сол күні әкім достарымен кездескен. Аудан әкімдігі бұл ақпаратты растады.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықов сүйегі өз үйінен табылғанын мәлімдеді.
«Оның мәйіті үйінен табылды. Қазір жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр. Оның артында балалары қалды», – деген хабарламада.
Еркін Далмағамбетов екі некеден алты бала тәрбиелеп отырған.
Ол Темір қаласының әкімі қызметіне өткен жылдың маусым айында тағайындалған. Бұған дейін мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында еңбек еткен.
Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты тергеу басталғанын хабарлады.
«Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат жария етілмейді», - делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысының Алға ауданында Бестамақ ауылының әкімі Қанат Дәулеталин де өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенгені туралы ақпарат тараған болатын.