Ақтөбеде 12 адам қаза тапқан жол апатының сотында кінәлілер жазаланған жоқ
Ақтөбе облысында 12 адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Сот апатқа кінәлі деп танылған, бірақ өзі қаза тапқан жүргізушіге қатысты істі оның қайтыс болуына байланысты қысқарту туралы шешім шығарды.
Судья Сабыровтың қаулысына сәйкес, айыпталушы Халеловтың қайтыс болуына байланысты ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 11-тармағы негізінде іс тоқтатылуға тиіс болған. Алайда тергеу органы бұл шешімді дер кезінде қабылдамай, айыптау актісін жасап, істі сотқа жолдаған.
Осыған байланысты сот Ақтөбе облысы полиция департаментінің басшысының атына жеке қаулы шығарды. Судьяның айтуынша, полиция қызметкері Тәжікен өз қызметтік міндеттерін формалды орындап, процессуалдық заң талаптарын сақтамаған. Сот мұндай заңбұзушылықтардың қайталанбауы үшін полиция басшылығының назарын осы жайтқа аударуды қажет деп тапты.
Апат 23 қазан күні таңертең республикалық маңызы бар Самара -Шымкент автожолының Айтеке би ауданындағы бөлігінде болған. DAF жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын «ГАЗель» микроавтобусы соғысқан. Салдарынан екі жүргізуші мен микроавтобустағы 10 жолаушы, оның ішінде 9 және 3 жастағы екі бала қаза тапты.
Қайғылы оқиғадан кейін Премьер-министр үкіметтік комиссия құрып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуді тапсырған. Алты зардап шегуші Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген, олардың біреуі – бала. Кейін вице-премьер Қанат Бозымбаевтың тапсырмасымен зардап шеккендер Астана қаласына ауыстырылды.