Ақтөбеде 9-сынып оқушысының өліміне қатысты үкім шықты

Темір ауданында болған қайғылы оқиға бойынша алты жасөспірім сотталды.
Ақтөбе облысында 9-сынып оқушысының өліміне себеп болған іс бойынша сот үкімі шықты. Қайғылы оқиға 2024 жылғы 2 қыркүйек күні Темір ауданының ауылында болған.
Кешкі уақытта ауыл шетінде 10–11 сыныптың бірнеше оқушысы өздерінен кіші 9-сынып оқушыларын соққыға жыққан. Олар кішілердің өздеріне «құрметсіздік танытты» деп ойлаған.
Салдарынан 14 жастағы бір оқушы алған жарақатынан көз жұмды.
Сотта алты жасөспірім айыпталушы ретінде жауап берді. Олар өз кінәсін ішінара мойындап, істеген істеріне өкінетінін айтқан.
Бес оқушыға «бұзақылықты алдын ала сөз байласу арқылы және бірнеше рет жасау»,
сондай-ақ «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соқтыру» баптары бойынша айып тағылды.
Ал бір оқушы тек «қасақана ауыр жарақат салып, өлімге себеп болу» бабымен жауапқа тартылды.
Мемлекеттік айыптаушы әрқайсысына 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
Алайда жәбірленуші тараптың өкілдері соттан жаза тағайындағанда бас бостандығынан айырмауды өтінді.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушылардың кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындысымен және өздерінің мойындау мәлімдемелерімен толық дәлелденгенін мәлімдеді.
Сот шешімімен:
- үш жасөспірімге – 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды;
- тағы үшеуіне – 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Сонымен қатар, сот бір сотталушыдан 5 миллион теңге мөлшерінде өтемақы өндіруді шешті.
Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.