Ақтөбеде әйел мен үш баланың мәйіті табылды
Ақтөбе қаласының Алматы ауданындағы жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел адам мен үш кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды.
Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімдігі мәлімдеді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, қайғылы оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан улану нәтижесінде болған. Қазіргі таңда оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Облыс әкімі тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияға Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жетекшілік етеді. Уәкілетті органдармен бірлесіп, тексеру жүргізіліп, тергеу нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.
Қазір құзырлы органдар тергеу әрекеттерін бастады.
«Ақтөбе облысының әкімдігі қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау ұсынылады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салайық, 11 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысындағы Майбалық ауылында жеке тұрғын үйде болған өрт салдарынан ер адам мен оның балалары қаза тапқан еді. Оқиға орнына жеткенше үй толықтай құлап, қаза болғандардың мәйіті үйінді астынан табылған.