Ақтөбеде курсанттың өліміне қатысты іс бойынша екі әскери қызметші сотталды
Ақтөбеде курсанттың өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты. Екі әскери қызметші «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау» бабы бойынша кінәлі деп танылды.
Әскери қызметшілер 2025 жылы Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институты курсантының қаза болуына байланысты кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен сотталушы Нұржан Айденов 4,5 жылға, ал сотталушы Заманбек Төлеген бес жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар, ҚР Қорғаныс министрлігі зардап шеккен тарапқа 20 миллион теңге төлейтін болды. Ақтөбе облыстық әскери сотында сотталушылар соңғы сөздерін айтты. Екі сотталушы да өз кінәсін мойындаған жоқ.
— Істе парашютті жинаған және қоймаға жауапты адам жоқ. Олардың іс-әрекетіне құқықтық баға берілмеді деп есептеймін. Дайын емес парашютті қалай берген? Бұл сұрақ ашық күйінде қалды, - деді Нұржан Айденов.
Өз кезегінде Заманбек Төлеген жәбірленуші тарапқа өз атынан және отбасының атынан көңіл айтты.
— Мен бұл жағдайды өзгертіп, ұлыңызды қайтара алмаймын. Егер сот отырысы кезінде сіздерге ауыр тиетін сөз айтсам, кешірім сұраймын. Бірақ мен бұл жағдайда негізгі кінәлі емеспін. 2025 жылдың шілдесінен бері отбасым мен ата-анам уайымдап келеді. Соттан сотқа дейінгі тергеу кезінде жіберілген қателіктерді ескеруді сұраймын. Курсанттың өлімі парашютті жинаған және берген қызметкерлердің жұмысқа салғырт қарауынан болды. Мен кінәмді мойындамаймын, - деді Төлеген.
Жарыссөз барысында прокурор екі сотталушыны да кінәлі деп танып, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
— Сотталушы Нұржан Айденов Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Заманбек Төлеген кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сот залында қамауға алынсын. Олар жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейтін болады. Жәбірленушілердің азаматтық талап арызы ішінара қанағаттандырылып, Қазақстан Қорғаныс министрлігінен 20 миллион теңге өндірілсін, — деді Ақтөбе облыстық әскери сотының судьясы Айдана Мәмбетқазиева.
Үкімді түсіндіру барысында судья жәбірленушілердің қатаң жаза қолдану туралы пікірін ескергенін айтты. Қаза болған курсанттың туыстары айыпталушыларды кешірген жоқ.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың шілдесінде Ақтөбеде парашютпен секіру жаттығулары кезінде курсант қаза тапқан болатын.