Ақтөбеде мектеп директоры 250 мың теңге пара алғаны үшін 7,5 млн теңге айыппұл төледі
Ақтөбеде бұрынғы мектеп директорының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталды.
Ол қызметтік құжаттарға қол қоюды жеке пайда табу құралына айналдырғаны үшін жауапқа тартылды.
Іс материалдарына сәйкес, мектеп интерактивті панельдерді орнату және жөндеу жұмыстарына қатысты жеке кәсіпкермен келісімшарт жасаған. Кәсіпкер өз міндеттемесін толық орындағанымен, мектеп директоры «жұмыстың сапасына қатысты шағым» барын алға тартқан.
Атқарылған жұмыстар актісіне еш кедергісіз қол қою және «әкімшілік салдардан» құтылу үшін директор кәсіпкерден 250 мың теңге талап еткен. Ал аталған жұмыстардың жалпы құны 339 мың теңгеден сәл ғана асқан.
Сотта бұрынғы басшыға қарсы тек жәбірленуші тараптың айғақтары ғана емес, сондай-ақ жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелері мен ақша купюраларын химиялық өңдеу хаттамалары да дәлел ретінде ұсынылды.
Сот айыпталушының жасаған ісіне өкінуін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Алайда қылмыстың қызметтік сенімді пайдалану арқылы жасалғанын атап өтіп, бұл жағдайды ауырлататын мән-жай деп таныды.
Нәтижесінде, ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлігіне сәйкес, экс-директорға пара сомасының 30 еселенген мөлшерінде, яғни 7 500 000 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан айырылды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде осындай тағы бір оқиға тіркелген еді. Онда мұғалім түлектерден ҰБТ-да «кепілдендірілген нәтиже» уәде етіп ақша жинаған. 80 балл үшін оқушылар 560 мың теңгеден төлеген.