Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:40

Ақтөбеде негізсіз жындыханаға жатқызылған бес баланың анасы «дені сау» деп танылды

Құралай
Фото: скриншот

Ақтөбелік әйелді психикалық жағдайына байланысты балаларынан ажыратқан еді. 

Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының 20 дәрігерінен құралған консилиумның қорытындысы бойынша, ақтөбелік тұрғын Жұлдыз Тлеу дені сау деп ресми түрде анықталды.

Бұл қуанышты жаңалықты әйелдің үлкен қызы Құралай Есболова мен отбасыға көмек көрсетіп жүрген еріктілер бөлісті.

Бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бес балаға баспана берілетінін хабарлады 

– Бес баланы орналастыру керек. Қалған мәселелерді біз қолға аламыз, одан бас тартпаймыз. Біз үшін ең маңыздысы – олардың болашағы. Егер заңбұзушылық болса, кінәлілер жауапқа тартылады. Балалардың тағдыры тікелей бақылауымда болады, - деді өңір басшысы.

Әкімдік отбасыны баспанамен қамтамасыз ету мәселесі де шешілетінін хабарлады.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 5 баланың анасы туысының өтінішімен негізсіз түрде жындыханаға жіберілгені, ал оның балалары қазір жалдамалы пәтерде тұрып жатқаны белгілі болған еді.

Отбасы бұған дейін Қобда ауданында тұрған. Ата-анасы ажырасқаннан кейін қалаға көшіп келген. Осы кезде туыстар арасында мүлікке байланысты дау туындап, соңы осындай жағдайға ұласыпты.

Үйдің үлкені Құралайдың айтуынша, нағашы тәтесі дәрігерлерге «анасы есінен айрылған, балалары қараусыз қалған» деп жалған ақпарат берген. Содан кейін анасын күштеп ауруханаға жатқызған. Ал тәтесі қыздың телефонын пайдаланып, үйді сатып, таныстарынан ақша алған.

Тегтер: