Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:15

Ақтөбеде төрт адамның өліміне әкелген жол апаты ісі бойынша қырғызстандық азамат ақталды

1
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты Самара-Шымкент тас жолында болған өліммен аяқталған жол апаты ісі бойынша Қырғызстан азаматы, 33 жастағы Рамазан Инфуровты ақтады.

Қайғылы оқиға 2023 жылдың 21 ақпанында кешкі уақытта аталған автожолдың 921-шақырымында болған. Тергеу мәліметінше, Инфуров басқарған Volvo жүк көлігі Mitsubishi Montero Sport автокөлігімен соқтығысқан.

Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған 31 жастағы ер адам мен оның екі кішкентай баласы оқиға орнында көз жұмған. Тағы бір бала кейін ауруханада қайтыс болды. Көлікті марқұмның 32 жастағы жұбайы басқарған. Ол аман қалған. Алғашында жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелді деген айып (ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі) әйелге тағылған. Алайда ол өз кінәсін мойындамай, өз жолағымен келе жатқанын, ал қарсы бағытта бензовозды басып озған жүк көлігі оны күрт тежелуге мәжбүрлегенін айтқан. Соның салдарынан көлік тайып, апат болған.

Сот айыптаушы тарап әйелдің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар ұсынбағанын айтып, оны ақтаған.

Кейін дәл осы айып бойынша жүк көлігінің жүргізушісі Рамазан Инфуров сотқа тартылды. Ол да кінәсін мойындамай, басып озу маневрін аяқтап, өз жолағына оралған кезде жол талғамайтын көлік қарсы бағытқа шығып кеткенін мәлімдеген.

Іс алқабилердің қатысуымен қаралды. Қорғаушы тарап жүргізушінің кінәсін дәлелдейтін нақты айғақтар жоқ екенін айтты. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу барысында қылмыстық іс төрт рет тоқтатылғаны және кейбір материалдар бұрын ақталған әйелдің ісіндегі құжаттармен сәйкес келетіні айтылды.

Сот нәтижесінде Рамазан Инфуров қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты толық ақталды. Сондай-ақ оған заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны үшін келтірілген зиянды өтеу құқығы берілді.

Сот оны қамаудан дереу босату туралы шешім шығарып, бұлтартпау шарасын алып тастады.

Зардап шеккен тараптың 50 млн теңге көлеміндегі азаматтық талабы қараусыз қалдырылды. Үкімге 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым беруге болады.