Ақтөбедегі облыс әкімдігі ғимаратындағы өрт толық сөндірілді — ТЖМ
Ақтөбе қаласындағы Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан облыс әкімдігі ғимаратында шыққан өрт толық сөндірілді. Бұл туралы Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, 7 сәуір күні кешке 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры өртенген. Құтқарушылар оқиға орнына небәрі 5 минутта жеткен, алайда сол кезде ғимаратта бірден үш өрт ошағы болған.
Өртті сөндіру жұмыстары қою түтін, жоғары температура, жалынның тез таралуы және ғимараттың құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты қиындаған.
Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында облыс әкімі Асхат Шахаров оқиға кезінде ғимаратта тек күзет қызметкерлері болғанын айтты, себебі жұмыс күні аяқталып қалған.
«Жұмыс уақыты 17:30-да аяқталады, сондықтан ғимаратта тек күзет қызметкерлері болды. Зардап шеккендер жоқ», - деді әкім.
Сондай-ақ құжаттар мен мүлікке зақым келмегенін атап өтті.Әкім өрттің қасақана қойылуы мүмкін деген нұсқаны жоққа шығарды.
ТЖМ мәліметінше, өрт сағат 22:00-ден кейін толық сөндірілген. Өрт аумағы 300 шаршы метрді құрады. Өртті сөндіруге 80-нен астам адам және 30-ға жуық техника жұмылдырылған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, өрттің шығу себептері анықталып жатыр.