"Жас Алаш" жазған Әбілқайыр хан туралы кітап дауы шешімін тапты
Ақтөбе облысының шенеуніктеріне Әбілқайыр хан туралы кітапты авторлық құқықты бұза отырып шығарғанын ресми түрде мойындау міндеттелді.
Осыдан екі жыл бұрын жарық көрген қазақ тіліндегі «Әбілқайыр хан: қолбасшы, саясаткер» атты монография дау тудырған еді. Кітап жарық көре сала Әбілқайыр хан халықаралық қоры мен Дайк-Пресс бұл басылымға байланысты сотқа жүгінген. Жауапкер ретінде Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Парыз» қоғамдық қоры танылған.
"Жас Алаш" аталған дау туралы көлемді "Осы Шахаров Әбілқайыр ханды біле ме екен?" деген мақала жазған еді.
Сот барысында анықталғандай, бұдан 20 жыл бұрын «Дайк-Пресс» қазақстандық тарихшы Ирина Ерофееваның «Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик» атты орыс тіліндегі монографиясын шығарған. Сол кезде автор айрықша мүліктік құқықтарын аталған қор мен баспаға ресми түрде берген.
Алайда қазақ тіліндегі нұсқасын шығару кезінде бұл құқық иелерінің келісімі алынбаған.
Сотта айтылғандай, кітапты қазақ тіліне аударып шығару бастамасын жергілікті белсенді көтерген. Әкімдік бұл ұсынысты қолдап, қаржыландыру үшін «Парыз» қорынан көмек сұраған.
Жауапкерлер талапты мойындамаған, ал қор өкілдері сот отырысына қатыспаған. Ал үшінші тарап ретінде қатысқан бастамашы мен аудармашы бұл жұмыстың коммерциялық емес, тек Әбілқайыр хан мұрасын насихаттау мақсатында жасалғанын айтқан.
Сот талапты ішінара қанағаттандырды. Қазақ тіліндегі «Әбілқайыр хан: қолбасшы, саясаткер» монографиясын шығару заңсыз деп танылды. Жауапкерлер бұқаралық ақпарат құралдарында авторлық құқық бұзылғаны туралы ресми мәлімдеме жариялауға міндеттелді.
Алайда талапкерлер кітаптың 1000 данасын айналымнан алып, жою талабына қол жеткізе алмады. Себебі сотта олардың нақты қайда екені анықталмаған.
Жауапкерлердің сот шешіміне шағымдануға әлі де мүмкіндігі бар.