Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Акварель тіліндегі жарық пен кеңістіктің үйлесімі

Үкі Әжиев
Фото: ашық дереккөз

Үкі Әжиевтің шығармашылығы туралы

1980 жылы қазақ өнер кеңістігінде бұрын-соңды болмаған оқиға орын алды. Алғаш рет Мемлекеттік сыйлық майлы бояумен жазылған үлкен туындыға емес, акварельмен орындалған портретке табысталды. Бұл суреттің авторы Үкі Әжиев болатын. Нәзік техникамен терең мазмұнды шебер жеткізген суретші осы туындысы арқылы елдегі акварельге деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. 

Үкі Әжиев 1924 жылы 23 желтоқсан күні Алматы облысының Кемертоған ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.

Әжиевтің шығармашылық жолы елімізде бейнелеу өнері енді ғана қалыптасып, алғашқы кәсіби бірлестіктер құрылып жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Дәл осы уақытта жас Үкінің тағдыры өнермен түйісті. Енді ғана құрылған Қазақ КСР Суретшілер одағында бұл кезде Крутильников, Бортников, Ненашев, Ысмаилов, Балкоев, Мухин сынды атақты суретшілер жұмыс істеп жатты.

1930 жылдардың соңында Алматыдағы ең алғашқы көркемсурет училищесі ашылды да осыған орай қалада арнайы дайындық курсы ұйымдастырылды. Сол курсқа қатысқан 50 талапкердің ішіндегі ең жасы Үкі болатын. Алайда жасына қарамастан, ол қабылдау емтихандарында ең жоғары баға алыпты. Дегенмен оның небәрі бес-ақ сыныптық білімі болғандықтан, ал училищеге кемінде жеті сынып бітіргендер қабылданатындықтан, ол оқуға түсе алмады. Осы жағдайдан кейін Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы Өнер істері жөніндегі комитет Үкі Әжиевті Бүкілресейлік өнер академиясы жанындағы жас дарындарға арналған мектепке оқуға Ленинград қаласына жібереді. Осылайша бар болғаны 14 жасында, өз бетінше сурет салып жүрген ауыл баласы сол кездегі өнердің жүрегі саналатын Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербург) жол тартты. Бұл – оның шығармашылық ғұмырының шешуші сәті еді. Себебі Ленинград нағыз өнердің ордасы болатын.

«Көкжиек», кенеп, майлы, 181x135
«Көкжиек», кенеп

Ленинград жас суретші үшін тың әлемге айналды. Невский даңғылы, Дворцовая алаңы, Нева өзенінің жағалауы – барлығы да оның алғашқы шығармашылық шабытына қатан бітірді. Жүрегі алып ұшып толқыған жас суретші тарихи қаланың әр көрінісін қағаз бетіне түсіріп, үнемі этюдтер мен нобайлар салып жүрді. Сол кезеңдегі естеліктерінде бұл қаланы ол «музейге» ұқсатқан екен. Расында да, қаладағы филармониялар мен түрлі консерваторияларда, түрлі музейлер мен театрларда кез келген адам өзін мұражайда жүргендей сезінуі ғажап емес еді. Осындай рухани ортамен қатар Ливеров, Сукосьянц, Зайцев сынды профессорлардан тәлім алу – өнер жолындағы үлкен бақыт еді. Сондай-ақ оның болашаққа деген сенімі мен суреткерлік қуаты дәл сол Ленинградта сынға түсті. Қалада ол Екінші дүниежүзілік соғыстың ең ауыр кезеңдерін – ленинградтық блокаданың сұрапыл күндерін бастан өткерді. Жас суретші сол жылдары қаланы қорғауға белсене қатысып, майдангер суреткерге айналды.

1942 жылдың көктемінде Әжиев Самарқанға эвакуацияланып, сол жылдың тамызында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Осыдан кейінгі жылдары оның өмірі окоптар мен жорық жолдарында өтті. Ол Бірінші Украин майданының құрамында Донбасс пен Днепрдің сол жағалауындағы елді мекендерді азат ету операцияларына қатысты. Харковь түбіндегі ұрыста ауыр жараланып, соғыстың жеңісті күнін сол жерде қарсы алды.

Соғыс аяқталған соң ерлігі мен отансүйгіштігі үшін Үкі Әжиев «Ленинградты қорғағаны үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды. Әжиев майданнан қайтқаннан кейін Алматыға қайта келіп, суретшілігін жалғастыруға бел буады. Сөйтіп, 1948–1950 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде кескіндеме бөлімінде оқып, үздік тәмамдады. Мұнда ол Н.Крутильников, А.Черкасский сынды белді мамандардан дәріс алады.

1950 жылдан бастап Үкі көрмелерге тұрақты түрде қатыса бастады. Шығармашылық жолының алғашқы жылдары ол бейнелеу өнеріндегі серігі, рухтас әріптесі әрі ұстазы – Әбілхан Қастеевпен бірге табиғат аясында этюд жазуға жиі шығып жүрді. Бұл туралы Үкі Әжиев естеліктерінде «Мен Қастеевтен ең алдымен еңбекқорлықты үйрендім», – деп жазды.

Әңгімелесу
Әңгімелесу, 1966 жыл

Әжиевтің 1954 жылы Мәскеу маңындағы атақты «Сенеж» шығармашылық үйінде жазылған майлы бояудағы миниатюралар топтамасы кәсіби ортада үлкен бағаланып, дәл осы еңбектері үшін КСРО Суретшілер одағына мүше болуға ұсынылды. Ал 1959 жылы ресми түрде КСРО Суретшілер одағының мүшесі атанды. 1960–1963 жылдары ол Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде ұстаздық етіп, жас буын суретшілерге өз тәжірибесін үйретті.

Үкі Әжиев майлы бояумен де, гуашьпен де, тушьпен де жұмыс істей білді. Алайда оның ең сүйікті техникасы акварель болды. 1960–1980 жылдар аралығында Ү.Әжиев шетелдерге жасаған шығармашылық сапарлар арқылы өзінің акварельдік шеберлігін жаңа деңгейге көтерді. Украина, Югославия, Орта Азия республикалары, Моңғолия, Жапония және Африка елдерінде болған сапарлары оның шығармашылық палитрасын байытып, көркемдік тілін түрлендірді. Суретші түрлі елдерді аралап, шетел табиғатын, мәдени пейзаждарды, жарық пен кеңістіктің өзгеше үйлесімін зерттеді. Бұл ізденістер оның кескіндемесіне жаңа тыныс, түрлі реңдік шешімдер мен формалық икемділік әкелді.

Сапар кезінде ол этюдтік әдіске жүгініп, табиғат пен сәулет элементтерін дәл сол сәттегі атмосферамен бірге жеткізуге тырысты. Әсіресе Орта Азия мен Кавказ өңірлеріндегі көне қалалардың қақпалары, шығыс базарлары, медреселер мен тар көшелер – бәрі суретші қылқаламында қайта жаңғырды. Ол бейнелеумен қатар, осы тарихи нысандардың мәдени маңызын зерттеуге де ден қойды. Ал Африкаға жасаған сапарында экзотикалық пейзаждар мен жергілікті халықтың күнделікті тұрмысын тірілткен этюдтер сериясы дүниеге келді.

Үкі Әжиевтің шығармашылығы жоғары бағаланып, 1980 жылы оған Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлық, 1985 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы, ал 2006 жылы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығы табысталды.

Суретші 2015 жылдың 7 мамырында Алматыда өмірден озды. Бүгінде Әжиевтің шығармалары Қазақстанның ұлттық музейлерінен бөлек, әлемдік деңгейдегі беделді өнер жинақтарының төрінен орын алған. Оның туындылары Лондондағы Tate Britain музейінде, Мәскеудегі Третьяков галереясы мен Шығыс халықтарының өнер музейінде, сондай-ақ Киев, Баку, Вильнюс, Рига қалаларындағы музейлерде сақтаулы. Бұған қоса, Франция, Италия, Германия, АҚШ, Швейцария, Оңтүстік Корея сынды көптеген елдердің жеке коллекцияларында да суретшінің шығармалары бар. Демек бұл оның өнері шекара асып, жалпыадамзаттық мәдени мұраның бір бөлшегіне айналғанының айқын дәлелі екенін көрсетеді.

Қазақ Мадоннасы. Қағаз, акварель. 1979 ж
Қазақ Мадоннасы. Қағаз, акварель. 1979 ж

Қазақстанның акварель мектебі

«Пішіндер мен фактуралардың алуандығын, тондар мен сызықтардың үйлесімін, контрастты реңктердің балғындығын, сызықтардың көпқабатты мөлдірлігін, бояу түстерінің өзгермелілігін жеткізу – мұның бәрі акварельге тән ерекше эмоциялық әсерлер», – дейді өнертанушы С.Көбжанова.

Сол себепті болар, нәзік бояуымен ерекшеленген акварель мектебі Қазақстанда тұтас бір эстетикалық құбылыс ретінде қалыптасты. Бұл процесті Ә.Қастеев, Ә.Ысмайылов, А.Ходжиков, А.Бортников, Н.Крутильников сияқты суретшілер бастады. Кейін Ү.Әжиев, Г. Галимбаева, П. Зальцман, Е. Сидоркин, М. Қисамединов, А.Бурбаев, В. Великанова және басқа да шеберлер дамытып, акварельді қазақ бейнелеу өнерінің толыққанды тіліне айналдырды.

1930–1950 жылдар аралығындағы акварель туындылары табиғатпен тікелей диалог жүргізудің, этюдтік жылдам сурет салудың және автордың ішкі түйсігіне еркіндік берудің құралына айналды. Су бояу көркем бейнені нәзік, ішкі тонмен жеткізетін тіл ретінде дамыды.

Үкі Әжиевтің акварельдік әдісін осы дәстүрлік желімен сабақтастыра қарастыруға болады. Ол классикалық этюдтік әдісті сақтай отырып, өз туындыларында интуитивтік бейнелеу мен түстік үндестікті жоғары деңгейде біріктіре білді. Оның көптеген шығармаларында таза акварельге тән – жарықтың және бейненің ауада еруі сияқты эффектілер сәтті қолданылған. Бұл тәсіл акварельдің «эмоционалды-музыкалық құрылымға» жақын тіл екенін дәлелдей түседі.

Шын мәнінде, акварельдің қазақ бейнелеу өнеріндегі орны да символикалық сипатқа ие. Қазақ кескіндемесінің атасы саналатын Әбілхан Қастеев те өзінің алғашқы шығармашылық қадамын акварельмен бастаған. Өзінің естеліктерінде ол акварель бояуын ұстазы Хлудовтан сыйға алғандығын айтады. Бұл жайттың өзі акварельдің қазақ өнеріндегі киелі бастаулардың бірі екенін көрсететіндей.

Әжиев акварельмен жұмыс істеуді жай техника ретінде емес, өмірлік миссия, көркемдік болмыстың бірегей көрінісі ретінде қабылдады. Суретшінің өз бұл туралы: «Акварель – бұл скрипкадағы немесе фортепианодағы соло. Ал майлы бояу – бұл симфониялық оркестр, оған үлкен шеберлік қажет... Бұл шеберлікке, меніңше, Абрам Маркович Черкасский ие болды. Ал мен акварельді оның колоритке байлығы мен уақытты үнемдеу қасиеті үшін жақсы көремін», – дейді.

1965 жылдан 1991 жылға дейін – ширек ғасыр бойы, Үкі Әжиев КСРО Суретшілер одағының акварель комиссиясының мүшесі әрі Қазақстан акварелистер секциясының төрағасы қызметін атқарды. Бұл жылдар – қазақ акварель мектебінің шығармашылық тұрғыдан жетіліп, кеңестік кеңістікте өзіндік орны қалыптасқан кезеңге айналды. Мәскеулік комиссияға Әжиев алғашында Әбілхан Қастеевпен бірге тілмаш ретінде барған. Бірақ уақыт өте келе оның жеке шығармашылық келбеті мен маңыздылығы бүкіл кеңестік ортада таныла бастады.

Әжиевтің акварельдері бүкіл Одақ көлемінде жоғары бағаланды. Ол КСРО Суретшілер одағының акварель комиссиясының мүшесі ретінде Қазақстандағы акварель өнерін дамытуға ерекше үлес қосты. Суретшінің бастамасымен Қазақстанда акварель секциясы құрылып, оның мүшелері Кеңес Одағы мен шет елдерге шығармашылық сапарларға барып, табиғат аясында этюд жазып, жаңа тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие болды.

Автопортрет. Қағаз, акварель. 1981 ж
Автопортрет. Қағаз, акварель. 1981 ж

Автопортрет

1981 жылы салынған Үкі Әжиевтің автопортреті – акварель техникасының нәзіктігі мен психологиялық тереңдік ұштасқан сирек туынды. Портрет композициялық жағынан қарапайым, алайда мазмұндық тұрғыдан күрделі. Суретші өзін оң қырынан сәл бұрыла бейнелейді. Суретшіліктің символына айналған қара береттің астынан көрінетін ашық маңдай, ойлы да тік жанар, сабырлы қалып пен сәл жымиған бейне тұлғаның ішкі байсалдылығы мен рухани зерделілігін айқын танытады.

Жұмыстың бояу палитрасы ұстамды: жылы қоңыр, сұрғылт және қою көк реңктер арқылы портретке тереңдік, ал жарық пен көлеңке қатынасы арқылы пластикалық тұтастық берілген. Бұл жұмыс – акварельмен психологиялық портрет жазудың жоғары деңгейін көрсетеді. Көрерменге тік қараған жанардан – қырағылық, ішкі сын, тіпті сәл ирония сезіледі. Портрет авторының өзіне деген сыншыл көзқарасы, адам мен суретші болмысының түйісуін бейнелеуге деген талпынысы анық байқалады.

Бұл жұмыс әйгілі Рембрандт автопортретіне акварельдік парафраз ретінде қабылдануы мүмкін. Мұндағы ішкі байыптылық, өзіне ғана мәлім ой мен көзқарас, көрінер-көрінбес жылы күлкі тек айнаны көру арқылы ғана ашылатын көңіл күй. Бұл – сырттағы адамның көзіне шалынбайтын, тек өз-өзіңмен бетпе-бет келген сәтте ғана білінетін шындық.

Шебердің жан серігі болған Павел Зальцман бұл автопортретті Жан-Батист Шарденнің ең үздік портреттерімен қатар қоюға болатынын айтқан-ды. Оның пікірінше, портрет өнеріндегі мұндай тереңдік өзгені көре білуден басталып, өзін өзге ретінде тануға ұласатын көркем сана жемісі. Расында да, ондаған портреттер жазған Үкі Әжиев өзін де өзгеше жан ретінде – тұлға, суреткер, азамат ретінде көріп үйренді.

«Өнер – адамның қолы мен жанының үйлесімді байланысынан ғана туады», – дейді Үкі Әжиев. Ал бұл үйлесімділік – ұдайы ізденіс пен іштей күмәнданудың, күрделі рухани еңбектің нәтижесі екенін осы автопортрет айқын аңғартып тұрғандай көрінеді.

Санжар СЫРҒАБАЕВ

суретші, өнертанушы

Тегтер: