Бүгін, 14:47
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі қайта жанданды
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі қайта жанданды. Интерпол Нигерия азаматын іздестіріп жатыр.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің мәліметінше, Нигерия азаматы Қазақстанға жеткізіліп, тергеуге алынуы тиіс.
«Бұл іс біздің назарымызда. Қазір Интерпол іздеудегі азаматтың нақты орналасқан жерін анықтап жатыр. Ол белгілі болған соң экстрадицияланады», - деді Қойгелдиев сенаттағы брифингте.
Еске салайық, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды.
Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Әзірге оны экстрадициялау мүмкін болмай отыр.