Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:30, 19 Қараша 2023

«Әлі де ойлансақ қайтеді?» – Әнұран өзгерген уақытқа саяхат

гимн казахстана
Фото: из открытых источников

(Газет беттерінен репортаж)

 

Гимн – мемлекеттің ұстынын айғақтайтын негізгі рәміздердің бірі. Тарихи деректерде ең алғашқы әнұран жапон топырағында XII-XIII ғасырларда дүниеге келген дейді.

Ал XIX ғасырда Еуропада ұлттық мемлекеттердің негізі қаланды, осыған орай ұлттық әнұран пайда болды. Зерттеушілер Голландияның «Вильгельм» деп аталатын маршын ең ежелгі марштардың қатарына жатқызады. Оның мәтіні 1568-1572 жылдары жазылыпты. Ал Қазақстан Рспубликасының егемендігін айғақтайтын әнұран 1992 жылы маусымда қабылданды, кейін 2006 жылы қаңтарда қайтадан өзгертілді. Біз бүгін алғашқы әнұран қалай қабылданды, кейіннен не себепті өзгерді деген сияқты сұрақтардың жауабын іздей отырып, сол кездегі саяси оқиғалардың түр-сипатын жасауға тырысамыз.

Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған

Қолымызда ескі газет тігінділері, сарғайған, жемірленіп тозған қағаз беттерінде Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы айшықты оқиғалардың ізі сарнап жатыр. Міне, «Егеменді Қазақстан» газеті, 1992 жылы 5 маусым. Газеттің жоғары тұсына, бас мақала есебінде «Жоғары кеңес сессиясында» деген материал жарияланған. Онда «маусымның 4-інде Парламент өз жұмысын Республиканың мемлекеттік нышандары жобаларын талқылаудан бастады, бұл мәселе бойынша Жоғарғы кеңес төрағасы С.Әбділдин баяндама жасады» делінеді. Бұдан ары С.Әбділдин мемлекеттік рәміздерді әзірлеу үшін қаңтар айында жұмыс тобы құрылғанын айта келіп мемлекеттік туға қатысты 453 сұлба және 142 ұсыныс хат қаралғанын, сондай-ақ Елтаңбаның үздік жобасын анықтау үшін 245 жұмыс және 67 ұсыныс хат жұмыс тобының талқысына түскенін айтады. Әрі талқыға түскелі отырған Ту мен Елтаңбаның қандай негіздерге сүйеніп әзірленгенін жеткізеді. Ал Әнұранның тағдыры сәл басқаша шешіледі. Негізі жыл басында жариялаған бәйгеге саз әуенімен бірге 51 жұмыс және 132 өлең түседі, алайда жұмыс тобы Әнұранның сазы ретінде 1944 жылы жазылған (авторлары М.Төлебаев, Е.Брусиловский және Л.Хамиди) бұрынғы Әнұранның әуенін қалдырады. Ал елдігімізді айғақтайтын жаңа мәтінге түпкілікті шешім қабылдау үшін Әнұран өлеңінің екі нұсқасы депутаттардың талқысына салынатыны айтылады. Сөйтіп: «бұдан соң 60-тан астам депутат қатысқан жарыс сөз басталды». Парламенттің қабырғасында қызу талқылау болады. Мемлекеттік рәміздерге қатысты түрлі ескертулер мен ұсыныстар айтылады. Ақыр соңында «Жоғарғы Кеңес мемлекеттік туы мен мемлекеттік елтаңбасын бекітті. Депутаттар қазіргі пайдаланып жүрген мемлекеттік әнұранның музыкалық редакциясының сақталу ұсынысын қолдады». Осылайша, Жоғарғы Кеңес бұрынғы Әнұранның әуен сазын сақтап, оған лайықты сөзді әлі де нақтылай түсетін болып келісті.

Жаралған намыстан қаһарман халықпыз

Дәл осы 4 маусым күні «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранның музыкалық редакциясы туралы» деп аталатын заңға президент Н.Назарбаев қол қояды. Онда «1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы бекітілсін. 2. Осы заң 1992 жылы 6 маусымнан бастап күшіне енгізілсін» делінген. Ал 7 маусым күні Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрында ел рәміздерін ұлықтауға арналған іс-шара өтеді. Дәл сол күні орақ балғалы қызыл жалау түсіріліп, оның орнына көк түсті ту ілінеді. Жиналысты Жоғарғы Кеңестің төрағасы С.Әбділдин сөз сөйлеп ашады. Содан соң ел президенті Н.Назарбаев тізесін бүгіп, көк туды сүйіп, құрмет білдіреді. Әрине, әлі сөзі нақтыланбаған Әнұранның әуені де осы сәтте ойналады (Кейіннен ақындар М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Ж.Дәрібаева жазған мәтін бекітіледі).

«Егеменді Қазақстан» газетінің 1992 жылғы 9 маусым күні санында Н.Назарбаевтың ел рәміздерін ұлықтау жиналысында сөйлеген сөзі жарияланады. Онда президент мемлекеттік рәміздерді бекітудің тәуелсіз ел үшін қаншалықты маңызды әрі қажетті шешім екенін айтады. Сондай-ақ Елтаңба, Ту, Әнұранды нақтылаудың оңай болмағанын, ол үшін арнайы комиссия құрылып, ұзақ мерзім мұны талқылағанын, ақырында қапысыз айшықты Елтаңбамыз бен Туымыз дүниеге келгенін сөзге тиек етеді. Әсіресе Жоғарғы Кеңес депутаттарының еңбегін айрықша атайды, осының бәрін «кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп халықпен ақылдасып, жұртшылықтың пікіріне құлақ асып істедік дейді. Сонымен қоса Әнұранның бұрынғы әуені сақталатынын ескертеді, сондай-ақ Совет үкіметі кезінде көңілді дөп басатын елдікті, ерлікті айшықтайтын саз тудырған композиторларға да алғысын білдіреді. Сөз соңын Н.Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Жалауын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», – дейді.

Жұмбақ соавтор

Әрине, арада 14 жыл өткен соң мемлекеттің Әнұранын өзгертіп, оның сөзіне өзі соавтор боламын-ау деген ой президенттің қаперіне де кірмеген болар. Дегенмен екі Әнұранның арасын жалғап тұрған осы 14 жылда Қазақстанда көп дүние өзгерді.

2005 жыл, 4 желтоқсан. Дәл осы күні Қазақстан президентінің жалпыхалықтық кезекті сайлауы өтті. Президенттіктен үміткер 5 кандидат сайлауға қатысып, Н.Назарбаев 91,15 пайыз дауыс жинады. Сайлау науқанының ыстығы басылмай тұрып: «қазіргі Әнұран ескі, әуені тым шұбалаңқы, елдігімізді, шынайы ұлттық болмысымызды айғақтап тұрған жоқ» деп айтылатын сөз қайтадан үдей түсті. Осыдан соң ел арасында да: «Әнұран өзгереді екен» деген сыбыс желдей гуледі. Ақыры ресми ұсыныс та айтылды. 2005 жылы 29 желтоқсан күні сол кездегі үкімет басшысы Даниал Ахметов қос палатаға түсіндірме-жазба жолдады. Онда үкімет басшысы Қазақстан парламентінен мемлекетіміздің Әнұранын ауыстыратын конституциялық заң қабылдауды ұсынды. Мұның себебін «Бұл ұлттық идея қалыптастыру және одан ары дамытуға, қазақстандықтардың патриоттығын күшейтуге бағытталған» деп түсіндірді. Сондай-ақ Д.Ахметов: «Ұлттық идеяны қалыптастыруға» бірден-бір жарамды ән деп Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін жаңа Әнұран ретінде бекітуді сұрады. Ән мәтініне біраз өзгерістер енгізілгені де айтылды. Ең қызығы – парламенттің бірлескен отырысында депутаттардың қолына «Менің Қазақстанымның» мәтіні өзгертілген түрі берілген, алайда оның соавторы кім екені жұмбақ күйінде қалған. Дегенмен үкімет басшысының бұл ұсынысын ешкім терістеген жоқ. Оның алғашқы оқылымы 5 қаңтар күні өтетін болып белгіленді.

Әнұранның өзгеруіне қатысты осы тұста баспасөзде де біраз материалдар жарияланыпты. Айталық, «Айқын» газеті 2006 жылы 5 қаңтар күнгі санында «Қазақстанға жаңа Әнұран керек пе?» деген сауалнама жарық көреді. Басылымның сауалына жауап берген сол кездегі мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қазіргі Әнұранның тым жаман емес екенін айта келіп: «Алайда бір кемшілігі – көпшіліктің көңілінен шыға бермейді. Мыңнан екі, үш адам ғана Әнұранның сөзін білер. Ал Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні жүрекке жылы, кез келген адам айта алады» дейді. Сондай-ақ дәл осы сұраққа сол кезде Қазақстанның «Азаматтық» партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнінің Әнұран болғандығына бүтіндей қосыламын. Бұл халықтың рухын жандандыруға, ұлтты танытуға сай өлең» дейді.

Осы тақырыпқа қатысты тағы бір материал «Жас Алаш» газетінің 2006 жылы 5 қаңтар күнгі санында жарияланған. «Әнұран неге өзгертілмек?» деп аталатын мақалада Әнұранның өзгеруіне бірнеше болжамдар айтылады әрі сол кездегі тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаровтың пікірін сұрайды. О кісі: «Меніңше, Әнұранды өзгертетін уақыт жетті. Қазіргі Әнұранымыз бұрынғы Кеңестік Әнұранның сарынынан онша ұзамай тұр. Әрі әуені де тым созалаң» дей келіп: «қазіргі Әнұранды бастауыш сыныпқа күштеп жаттатқаннан әріге ұзай алмағанымыз да өтірік емес. Бізге бұдан гөрі ширақтау, жұрттың бәрі жатқа білетін, есте жақсы сақталатын Әнұран керек» деп тұжырады. Міне, осындай ала-құла, әртүрлі пікір айтылғанымен де 5 қаңтар күні сенат пен мәжілістің бірлескен отырысында «Менің Қазақстаным» әнін мемлекеттік Әнұран етіп қабылдауды талқылады.

Сондағы жарық көрген материалдарды парақтасаңыз, талқылау өте жарқын, мерекелік көңіл күйде өткенін бірден бағамдайсыз. Депутаттар кезек-кезегімен сөз алып «Менің Қазақстаным» әнін Әнұран етуді бір ауыздан қолдайды. Халық қалаулыларының біразы тебіреніп сөйлейді. Сонан соң Әнұранға қатысты құрылған комиссияның қорытындысын айту үшін сөз Б.Тілеуханға тиеді. Мәжіліс депутаты: «Әнұран жеңіс тұғырына көтерілген қыранның аузынан табылуға тиіс. Ол толқыған топтың, шалқыған көптің аузынан табылуға тиіс» деп желпініп сөз бастайды да, Әнұранның қадір-қасиеті жайында көсіліп, шешіліп сөйлейді. Одан кейін Қуаныш Сұлтанов сөз алып, 1992 жылы қабылданған Әнұран өз міндетін толық атқарғанын айта келіп: «Әнұран еліміздің тұңғыш президентімен бірге жер шарлап, әлем елдерінің ең құрметті де мәртебелі төрінде орындалып, қазақ деген халықтың үнін бейтаныс жерлерге жеткізді» дейді.

Осыдан соң «Менің Қазақстаным» әнінің мәтіні өзгертілген «Әнұран болуға лайық» деген түрі шырқалды. Жұрт мұны тебіреніп тыңдады. Сөз арасында сол кездегі ақпарат және спорт министрі Есетжан Қосыбаев жақында Туринде өтетін қысқы олимпиадаға орай жаңа Әнұранның сандық нұсқасын жақын күндері жасайтынын айтып, бір желпініп алады (алайда Туриндегі қысқы Олимпиадаға Қазақстан атынан 67 спортшы қатысып, ешқандай медальсіз елге оралды).

Жиналыстың ең маңызды сәтіне енді жеттік. Екі күннен бері депутаттардың басын қатырған, қалай ойласа да жауабын таба алмаған сұрақтың сыры енді мәлім болады. Ол сұрақ «Ж.Нәжімеденовтің сөзін өзгерткен, оған соавтор болған адам кім?» Иә, бұл сұрақ дәл осы сәтке дейін құпия, жұмбақ күйінде келді.

Жұрт назары Б.Тілеуханда, ол: «Бұл жұмбақтың шешімі қалай?» дегендей, жоғарыда отырған үкімет мүшелеріне қарайды. Сонда төрден Орал Мұхамеджанов әңгімеге араласып: «Бізде Елбасының жазған хаты бар, әлгі сауал туындамаса оқымас та едім...» дейді. Сонан соң Елбасының үшбу хаты оқылады.

Елбасы хатын: «Қазіргі қолданыстағы Әнұран осы жылдар ішінде барлық қазақстандықтардың жүрегінде жатталып қалды деу қиын» деп бастапты. Ары қарайғы қысқаша мазмұны былай. Елбасы ел араласа алдынан үлкен де, кіші де «Менің Қазақстанымды» айтып қарсы алады екен. Содан бұл әнге ресми мәртебе беру керек деп шешіпті. Онан соң «бабалар ерлігін көрсету үшін», «жеріміздің кең байтақтығын» айғақтау үшін әннің мәтініне өз тарабынан өзгерістер енгізгенін айтады. Сөйтеді де: «Елбасы ретінде емес, азамат ретінде мен осы әннің сөзіне жоғарыдағы талаптарға жауап беретін тиісті өзгерістер ұсынып отырмын», дейді. Сондай-ақ экс-президент авторлық құқыққа еш қатысы жоқ екенін, өзі үшін Қазақстанның қазіргі келбетіне сай Әнұран қабылданса қуанатынын айтады.

Мұны естіген депутаттар: «соавторлыққа Елбасын қосайық» деп жан- жақтан жамырайды. Сосын «бұл авторлық құқыққа қайшы келмей ме?» деген сұрақ әділет министріне қойылады. Зағипа Бәлиева: «Біздің қолымызда ән мәтініне авторлық, санаткерлік құқықты мемлекетке тапсыру туралы келісімшарт бар. Демек, соавторлыққа еш кедергі жоқ», деп жауап береді. Осымен шаруа бітті. Ары қарай ақпарат кұралдарында жар салып, сүйінші сұрау ғана қалды.

Кезекті инаугурация, жаңа Гимн

Ескі газеттерді ақтарыстырып отырып бір байқағанымыз, сол тұстағы негізгі басылымдар бұл жаңалықты «Әнұран жаңарды» дегеннен гөрі Елбасы жаңа Әнұранға соавтор болды деген сыңайда жариялапты. Тіпті кейбір басылымдарда: «Елбасы ат тонын ала қашса да, халық қалаулылары оның атын Жұмекен ағамызға соавторлыққа қосақтап бекітіп қойды, заңды осы қалпында, бір күнде екі оқылымда қабылдаған халық қалаулылары үйлеріне өздеріне риза болып тарасты» деп жазады. Осындай тамсану мен таңдай қағу, мақтау мен жағымпазданудың өрті өршіп тұрған сәтте бірлі-жарым сыни материалдар да жарияланыпты. Соның бірі «Жас Алаштың» 2006 жылы 10 қаңтар күнгі санында басылған «Әнұран жай ұран болмауға тиіс!» деген мақала, авторы Әмірхан Меңдеке. Онда автор Әнұранды өзгерту тым асығыс, өте жедел болғанын айта келіп, оның нақты себептеріне талдау жасайды. Бірақ бұған құлақ асып, ой түйген көп ешкім бола қоймаған сияқты. Қазақ басылымының әлгі «Елбасы» деп аталатын қарақошқыл сеңі мұны ілезде жұтып қойыпты.

Ал бір ауыздан қоштаған депутаттарға қарсы уәж айтқан Амангелді Айталы болды. Ол: «Жұмекен Нәжімеденовтің сөзін өзгерткеніміз қалай болады, «туған-туыстары рұқсат берді» деп өзгерте берсек, ертеңгі күні үрім-бұтағынан рұқсат алып, ұлы Абайдың да сөздерін өзгертіп жүруіміз мүмкін ғой... Әлі де ойлансақ қайтеді?» дейді, бірақ жалғыздың үнін көптің дуы мен шуы басып, тұншықтырып тастайды.

Арада бір күн өткенде, яғни 7 қаңтар күні президент Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары туралы» Конституциялық заң күші бар жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы бұйрығы» «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланады. Онда негізінен бес тармаққа өзгерістер мен толықтыру енгізіледі. Соның ішінде Әнұранды өзгерту туралы айтылады. Сондай-ақ газеттің осы нөмірінде мемлекеттік гимнің музыкасы мен мәтіні жарияланады. Әрі газетте «Туған жерім менің – Қазақстаным» деген көлемді материал басылыпты. Онда Әнұранның өзгергеніне орай Темірхан Медетбек, Әселхан Қалыбекова, Теміржан Базарбаев сияқты ақын, жазушы, сазгерлердің көтеріңкі лепесі жарияланады. Одан ары арнау өлеңдер, етектей-етектей мақалалар...

2006 жылы, 11 қаңтар. Ақордада инаугурация өтті. Н.Назарбаев кезекті рет президент болып ресми тағайындалды. Соавтор ретінде президенттің аты қосылған «Менің Қазақстаным» әні инаугурацияда Әнұран ретінде алғаш орындалды.

Соңғы кездері «Әнұранды ауыстыру керек» деген пікір арагідік айтылып қалып жүр. Кейбіреулер тіпті Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнінің сөзін өзгертіп, соны мемлекеттік гимн ету керек дейді. Біз осы сауалды біраз композиторлар, музыка зерттеушілеріне қойып көрдік. Алайда «Әнұран» дегеннен тіксінді ме, жауап беруден бас тартты. Сосын қазіргі Әнұранның мәтініне қатысты ақын Темірхан Медетбектен сұрап едік:

«Менің Қазақстаным» әніне Н.Назарбаев та соавтор ретінде қосылды. Бірақ расымен соны өзі жазды ма, әлде оған басқа біреулер көмектесіп жазып берді ме, оны білмейміз. Менің осыған күмәнім бар. Ал болашақта рәміздерді өзгертеміз десе, оны бір адам шеше салмауы тиіс. Жұрттың, халықтың қалауымен санасқаны жөн», деп қысқа қайырды.

Айтпақшы, Әнұранның сөзі өзгеріп жатқан кезде ақын Мұхтар Шахановтың «Менің ақын екеніме сенсеңіздер, «Менің Қазақстаныма» енген өзгерістерде мін жоқ» деген кепте сөйлеп, соавтордың талантына «гарантия» болғаны есте.

Жақсылық Қазымұратұлы