Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:55

Әл-Фарабидегі резонансты жол апаты: Zeekr жүргізушісі тергеу изоляторына қамалды

Жол апаты
Фото: ашық дереккөз

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатына күдікті азамат ауруханадан тергеу изоляторына (СИЗО) ауыстырылды. Бұл туралы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде күзетпен жатқан болатын.

«Аталған жол апатына кінәлі – Zeekr көлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этаппен жеткізілді. Бұған дейін ол медициналық мекемеде болған және сот санкциясымен қамауға алынған», – деп мәлімдеді полиция.

Полиция мәліметінше, енді күдікті қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталғанша "СИЗО"-да болады.

Айта кетейік, 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Мендіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соғысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі (29 жаста) және екі жолаушы қыз (20 және 22 жаста) оқиға орнында қаза тапты.

Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. 26 наурызда тергеу соты оны қамауға алды. Апат кезінде оның жеңіл дәрежеде алкогольді мас күйде болғаны анықталған.

Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережесін бұзу») бойынша іс қозғалды. Бұл бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Апат алдында көше жарысы болды ма?

Әлеуметтік желілерде апатқа көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар тарады. Бұл жарысқа полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкері қатысқан болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те осы болжамды көтеріп, Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруді сұрады.

Осыдан кейін 26 наурызда Ішкі істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Министр Ержан Саденов бұйрығымен Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары (қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне жауапты), сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.

Сонымен қатар, тергеу аясында жаңа деректер жарияланды.

«Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеріс те, қылмыстық істер де барлық мән-жайды, соның ішінде медиада тараған ақпараттарды толық тексереді», – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Сондай-ақ, мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мүмкін деген дерек бойынша ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік қызметі жеке қылмыстық іс қозғағаны хабарланды.