Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:58, 05 Желтоқсан 2023

«ALAÑ» бағдарламасы бұқаралық спортты қаншалық дамыта алады?

Алаң
Фото: из открытых источников

Сингапур – әлемдегі ең сау мемлекеттердің бірі. Бұл – Лондондағы Legatum Institute Foundation талдау орталығы құрған Legatum өркендеу индексінің дерегі. Ал Сингапур денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, егер сіз осы елде тұрсаңыз, орташа есеппен 82 жасқа дейін өмір сүруіңізге ықтималдық жоғары. Бұған себеп – салауатты өмір салты, мәдениеті мен сапалы медициналық қызмет.

Жалпы халықтың белсенділігі кез келген мемлекет үшін маңызды көрсеткіш. Бұл ұлттың саулығы мен саламатының кепілі. Дамыған елдерде халықтың елу пайызға жуығы бұқаралық спортпен айналысады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 30 пайыздың айналасында ғана. Демек, бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту кезек күттірмейтін маңызды міндет. Бұл үшін ең әуелі елді мекендерді спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету керек. Әсіресе өңірлерде жалпы халыққа қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жасап, қажетті ғимараттар салып, спорттық-бұқаралық шараларға көңіл бөлу маңызды. Елімізде осы мақсатта көптеген бағдарламалар іске асырылып келеді. Соның бірі – футбол алаңдарын жаңартуға арналған «ALAÑ» бағдарламасы. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Қазақстан футбол федерациясының енгізген 3 жылдық бағдарламасы республикадағы спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған президенттің тапсырмасына сәйкес іске қосылып отыр. Осы жылдың өзінде УЕФА-ның қолдауымен Ақтөбе, Алматы, Шымкент қалаларында жаңарту жұмыстарынан өткен футбол алаңдары халық игілігіне жараған. Жақында «ALAÑ» бағдарламасының 4-алаңы болып Жетісу облысының Балпық би ауылындағы Батыржан Оңғаров атындағы орталық стадионның алаңы жаңғыртылып, қолданысқа берілді.

Арын Алпысбаев, Көксу ауданындағы спорт мектебінің директоры:

—Көксу ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты Б.Оңғаров атындағы футбол алаңына жаңарту жұмыстарын жасап, жасанды жабын төсеу туралы шешім биыл 23 мамыр күні Қазақстан футбол Федерациясы ассоциациясының қатысуымен өткен техникалық жиналыста қабылданып, жұмыс ауқымы анықталған болатын. Біз ҚФФ-мен футбол алаңын тегін жаңартып беру туралы қайырылымдық келісімшарт жасасып, қыркүйек айында жұмысты бастап кеттік. Ең әуелі алаңның ескі жабыны мен төселген топырағы алынып, бес қабаттан тұратын арнайы тас қиыршықтары жабылды. Содан соң жаңадан жасанды жабын төселіп, оның үстіне ұсақталған кварц құмы мен ұсақталған құм шайыры салынды.

Алаңның ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов, Қазақстанның футболдан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Қонақтар ертеңгі ел туын асқақтатар спортшылардың осындай ауылдардан шығатынын, сол үшін балалар мен жасөспірімдер футболын және бұқаралық футболды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау керектігін айтты. Ауылдың спортшы балаларына 100 доп үлестіріліп, салтанатты шара «Жетісу» футбол командасы мен Көксу ауданының футбол командасы арасында жолдастық кездесуіне ұласты.

Руслан Молдабергенов, ауыл тұрғыны:

  • Ауылымызда еуростандартқа сай келетін мұндай алаңның салынуы үлкен жаңалық. Бұл ең алдымен жастарды спортқа баулып, келешекте еліміздің атын аспандататын азаматтардың өсіп шығуына тигізген үлесіміз. Сонымен қоса УЕФА-ның талаптарына сай алаңда спортшылардың кез келген ауа райында жаттығуына мүмкіндік жасалған. Тіпті республикалық маңызы бар жарыстардың өзін ауылымызда еш қымсынбай өткізе аламыз.

Балпық би ауылындағы жаңа алаңның құрылыс жұмыстарының құны 197,8 млн теңгені құраған. Бұл толықтай футбол федерациясының қаржыландыруымен іске асты. Бұдан бөлек Жетісу облысында жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрайтын спорт кешендері, күрес залы, орталық стадион сияқты 14 спорт нысанының құрылысы басталып, оның 6-уы пайдалануға берілген. ҚФФ баспасөз қызметінің мәліметінше, «ALAÑ» бағдарлама аясында еліміздің ірі қалалары мен ауыл, аудандарында 20 футбол алаңы қайта жаңартылады. Қазіргі таңда алдағы жөндеу жұмыстарына өтінімдер қабылдануда. Спорттық инфрақұрылымдардың дамуы өз кезегінде халықтың бұқаралық спортпен айналысып, салауатты өмір мәдениетінің қалыптасуына әсер етіп қана қоймай, әлемдік деңгейдегі ел спортының ілгері басуына да септігін тигізеді. Себебі ауылдар мен аудандарда игерілмей жатқан үлкен потенциал бар.

     Қосқанат Бауыржан

      Жетісу облысы