Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:13

Ала-Тооның арғы бетіндегі саяси айқас: «Екідос» одағы ыдырады ма?

Ташиев пен Жапаров
Фото: АКИpress

Қырғызстанда ақпан айының ортасында басталған кадрлық өзгерістер елдегі саяси тепе-теңдіктің жаңа кезеңге аяқ басқанын аңғартты.

Басты оқиға – президент Садыр Жапаровтың Камчыбек Ташиевті Ұлттыққауіпсіздік мемлекеттік комитетітөрағасы қызметінен босатуы. Бұл шешім бір ғана отставкамен шектелмей, күштік құрылымдар мен парламент айналасындағы өзгерістерге ұласты. Осы оқиғалар көптен бері айтылып келе жатқан «екі дос» тандемінің біржола ыдырағанын көрсетіп, «екеуі саяси қарсыласқа айналды ма?» деген сұрақтың шетін шығарды.

Жапаров пен Ташиевтің саясаттағы достығы 2010 жылдардан басталады. Ташиев – 2020 жылғы билік ауысуынан бері Жапаровпен бірге жүрген негізгі серіктестердің бірі. Қоғам оларды «екі дос» тандемі деп атаған. Бес жыл бойы қауіпсіздік саласын басқарған Ташиев биліктің тірек тұлғасына айналған еді. Енді оның орнына МҰҚК (Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитеті) төрағасының міндетін уақытша атқарушы болып Жумгалбек Шабданбеков тағайындалды. Бұл әрекет күштік блокты жедел қайта құрастырудың белгісі ретінде қабылданды.

Ташиевтің кетуімен бірге МҰҚК ішінде бірнеше орынбасардың қызметінен алынғаны белгілі болды. Бұған қоса, шекара қызметінің мәртебесіне қатысты құрылымдық өзгерістер жасалып, қауіпсіздік саласындағы басқару тетіктері президентке тікелей бағынатын форматқа жақындатылғаны айтылды. Бұл қадамдар Ташиев кеткеннен кейін қауіпсіздік жүйесінде ықпал балансын қайта бөлудің басталғанын көрсетеді. Сарапшылар мұны «билікті президент аппаратына толық шоғырландыру» әрекеті деп бағалап отыр.

Іле-шала кадрлық толқын парламентке де жетті. Жогорку Кенеш спикері Нурланбек Тургунбек уулу қызметінен кетті. Оның саяси байланыстары Ташиевпен тығыз болғаны айтылып жүрген. Араға көп уақыт салмай, Ташиевтің жиені саналатын Нургазы Матисаков көліктік прокуратура басшысы қызметінен босатылды. Бұл шешімдер «тазалау» немесе «ықпал шеңберін қысқарту» саясатының жалғасы ретінде қарастырылып жатыр.

Ал Қырғызстандағы саяси оқиғаларды президент Жапаровтың өзі «мемлекеттік тұрақтылықты сақтау» қажеттілігімен түсіндірді. Оның айтуынша, Ташиевтің айналасында оны президент сайлауына қатысуға үгіттеген топтар болған.

Ташиев те бұл өзі үшін күтпеген шешім болғанын мәлімдеді. Ол сол сәтте Германияда емделіп жатқан еді. Ашық қарсы пікір білдірмегенімен, оның үнсіздігі мен қысқа реакциясы саяси сахнадан біржола кету емес, уақытша шегіну болуы мүмкін деген болжамды күшейтті.

Сарапшылардың бір бөлігі Қырғызстандағы саяси оқиғаларды президент сайлауы қарсаңындағы ықтимал бәсекелестіктің алдын алу деп есептейді. Енді біреулер биліктің ішкі тепе-теңдігі өзгеріп, күштік құрылымдардың ықпалы қайта бөлінді деп пайымдайды. Дегенмен де бір анық нәрсе – Ташиевтің кетуі Қырғызстандағы саяси жүйеге салмақты әсер етті. Оның артынан жүрген кадрлық шешімдер елдегі билік архитектурасының қайта сызылып жатқанын көрсетеді.

Көрші елдегі саяси оқиғаларға байланысты «Жас Алаштың» тілшісі қырғыз саясаткері, «Ала-Тоо» халықаралық университетінің профессоры Кубан Таабалдиевпен сөйлесіп, бірқатар сұрақтарға жауап алды.

Кубан ТААБАЛДИЕВ,
Фото: Кубан ТААБАЛДИЕВ,

Кубан ТААБАЛДИЕВ, саясаткер:  Ташиевтің ықпалы – Қырғызстандағы оңтүстік элитаның басты үміті

– Ташиевтің қызметінен алынуы нені білдіреді? Ол алдағы президент сайлауына түсуі мүмкін бе еді?

– Қазір бақылаушылар мен сарапшылар арасында президент Жапаровтың бұл шешімінің нақты себептері жөнінде ортақ пікір жоқ. Президенттің өзі де бұл қадамды біршама екіұшты түрде түсіндірді. Тіпті бір сұхбатында ол Ташиевті «шамадан тыс мүдделі жақтастарының ықпалынан қорғау үшін» осындай шешім қабылдағанын, яғни оны сақтап қалғанын айтты.

Екінші жағынан, 2020 жылы билікке келгеннен кейін Жапаров пен Ташиевтің «екі дос» атанған тандемі бұдан әрі де тиімді жұмыс істей алар еді. Мұндай әлеует қазір де бар болуы мүмкін. Ташиевтің дәл осы сәттегі отставкасы «75 үндеуге» тікелей байланысты емес. Оның құрамына бұрынғы белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, мәдениет өкілдері кірген еді. Алайда бұл үндеу президенттің сарқылған сабырын білдірсе керек.

Сырт көзге тандем мүшелері бір-біріне достық қарым-қатынас танытып, одақтастықтарының ұзақ мерзімді екенін мәлімдеп келгенімен, үлкен саясатта осы уақытқа дейін Ташиев ықпалының күшеюіне байланысты бірқатар сұрақ жиналып қалған еді. Кадрлық шешімдерді авторитарлық тәсілмен қабылдауынан бастап, Қырғызстандағы ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы күресті біржақты шешіммен жүргізуіне дейінгі мәселелер қоғам назарынан тыс қалған жоқ. Ел ішінде арнайы және күштік құрылымдардағы биліктің бір қолға шоғырланғаны ашық байқалды.

Президент Жапаровтың сұхбатында: «МҰҚК (Мемлекеттік Ұлттық қауіпсіздік комитеті) қызметкерлерінің кез келген заңбұзушылығы қатаң түрде тоқтатылады», – деп ерекше атап өтуі де бекер емес. Көп ұзамай МҰҚК басшысының барлық орынбасарлары қызметінен алынып, кейін құрылымның өзі қайта ұйымдастырылды. Нәтижесінде Шекара қызметі мен Мемлекеттік күзет қызметі МҰҚК құрамынан шығарылып, басшылығына Ташиевпен байланысы жоқ кадрлар тағайындалды.

«75 үндеу» елде президенттік мерзімге байланысты өрши бастаған пікірталасты үдетті. Қалай болғанда да, бұл үндеуден кейін қоғамда жік түсу қаупі күшейді. Қазірдің өзінде толық кепілдік беру қиын.

13 ақпанда Ташиев Бішкекке оралғаннан кейін қоғам тағы да екіұдай күйге түсті: бұл нені білдіреді және бұдан не күтуге болады? Егер ол президентке адалдығын тағы да дәлелдеп, оны мемлекет басшысы ретінде көргісі келетін тым қызу жақтастарын тоқтатса, жағдай тұрақталуы мүмкін. Оптимистер дәл осы сценарийге үміт артады және «екі дос» бір-біріне қарсы шықпайды деп сенеді.

Ал егер Ташиев бір үзілістен кейін радикалды қолдаушыларының ықпалына қайта түссе, оның әрекетін болжау қиын. Оның күрескер мінезін, принципшілдігін ескерсек, үлкен саясаттан шет қалып, қол қусырып отырады деу қиын. Соған қарамастан, «екі дос» қайта бас қосып, ортақ шешім табуы да ықтимал. Мұндай жағдайда Ташиев үлкен саясатқа өзге сапада оралуы мүмкін. Бірақ бұл сценарийге екі тарап та елемей кете алмайтын үшінші күштер кедергі келтіруі ықтимал. Қазір ең ықтимал нұсқа да – осы.

– «Екі дос» тандемі ыдырады дегенге келісесіз бе? Бұл шешім билік архитектурасын қалай өзгертеді?

– Формалды түрде тандем тарады, бұл күмәнсіз. Алайда саясаттан тыс жеке достық қарым-қатынас жалғасуы мүмкін. Тандемнің біржола ыдырағанын айтуға әзірге ерте.

10 ақпаннан кейінгі Жапаровтың шешімдері Қырғызстандағы билік архитектурасының түбегейлі өзгергенін көрсетті. Мұның айқын дәлелі – парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулудың «ерікті түрде» отставкаға кетуі. Ол бастапқыда-ақ қашқын президент Курманбек Бакиев дәуірінен бері оңтүстік кланмен тығыз байланысты тұлға саналады және және спикерлікке Ташиевтің қолдауымен келген еді.

Бүгінде Ташиев Қырғызстанның оңтүстік саяси элитасы үшін президенттікке басты үміткер болып қала береді.

– Президент әкімшілігі «қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы жікке жол бермеу қажет» деді. Қандай жік туралы айтылып отыр?

– Бұл жерде жік өңірлік сипатта да, жалған саяси сипатта да болуы мүмкін. Биліктен шеттетілген саясаткерлер топтасып, билікті өзгерту арқылы үлкен саясатқа қайта оралуды көздеуі ықтимал. Қырғызстанда билік ауысуы көбіне сайлаудан кейінгі шиеленіс нәтижесінде жүзеге асатыны белгілі.

Тәуелсіздік жылдарында елде алты президент ауысты. Әр жолы билік бір өңірден екінші өңірге өтті деген түсінік қалыптасқан. Қазір президент солтүстіктен шыққан Жапаров болғандықтан, келесі кезек оңтүстікке тиесілі деген қоғамдық пікір бар. Ал оңтүстік өкілдерінің көбі балама көрмей, Ташиевті қолдайды. Кейбір күштер бұл үдерісті жеделдетуге мүдделі.

Жіктің мәні де осында.

– «75 үндеу» мен президент өкілеттігіне қатысты құқықтық даулар бұл шешімге қаншалықты әсер етті?

– Бұл сұрағыңызға жоғарыда жауап беріп өттім деп ойлаймын.

– Егер сайлау тақырыбы шынымен триггер болса, Жапаров қандай сценарийге дайындалып жатыр: мерзімінен бұрын сайлау ма, әлде 2021 жылғы Конституциядағы «екі мерзім» логикасын бекіту ме?

– Ташиев отставкаға жіберілгеннен кейінгі күні президент Жапаров Конституциялық сотқа жүгініп, конституциялық нормаларды түсіндіруді сұрады. Яғни, ол 2027 жылғы қаңтарға дейін қызметте қала ма, әлде қайшылықтарды болдырмау үшін мерзімінен бұрын сайлау өткізуі керек пе – соны нақтылауды өтінді.

Алайда көптеген сарапшылар 2021 жылғы жаңа Конституцияға сәйкес келесі президент сайлауы 2027 жылдың қаңтарында өтуі тиіс деп санайды. Парламент сайлауы 2026 жылдың қарашасына жоспарланған еді. Парламент пен президент сайлауы қатар келмеуі үшін парламент өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдап, жаңа құрам бір жыл бұрын сайланатын болды.

Бұл шешімге ешкім қарсы шыққан жоқ. Саяси ахуалдың ушығуына айқын біржақты және шектен тыс амбициясы бар кейбір «үлкен саясаттан шет қалған» тұлғалардың әрекеті себеп болды. Олар «лай судан балық аулауды» көздейді. Нәтижесінде Камчыбек Ташиев те, «75 үндеу» авторларының басым бөлігі де қарапайым «шахмат ойынын» ұға алмай, осы жағдайдың құрбанына айналды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тұрсынбек БАШАР