Алагөзов «Maxi tea» және басқа да сусындардан 17,3 млрд теңге пайда тапты

Galanz Bottlers компаниясының таза пайдасы жылдық есеп бойынша 55,1%-ға, яғни 6,1 млрд теңгеге артқан.
Тұрсенғали Алагөзовке тиесілі компания табысты арттыруға қол жеткізген: кіріс көлемі 57,7 млрд теңгеден 64,5 млрд теңгеге өсіп, өнімнің өзіндік құны 37,4 млрд-тан 36,1 млрд теңгеге төмендеген. Соның нәтижесінде жалпы пайда 28,4 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 8,1 млрд теңгеге (39,6%) көбейген.
Айта кетейік, Тұрсын Алагөзовтің рейдерліктің құрбаны болғаны да осы акционерлік қоғамға байланысты. Galanz bottlers компаниясын ол 16 жыл басқарған. 2016 жылы бұрынғы әйелімен ажырасып, компанияның 43,25 пайыз акциясын әйеліне бөліп берген. Кейін АҚ-ның банк алдында қарызы көбейген. Осы қиындықтарға байланысты экс-жұбайы Ляйсира Марат Гүлмира Сатыбалдыдан көмек сұраған. Назарбаевтың келіні акционер болуға келіскен. Арада көп өтпей, ол Алагөзовке хабарласып, бұрынғы әйелімен арадағы сотты тоқтатып, компания акцияларының бәрін беруді сұраған. Сонымен бірге Қайрат Сатыбалды да Алагөзовке қоңырау шалып, «егер прокуратура және басқа жағдайлармен мәселе болғанын қаламасаң, компанияңды бізге өткіз» деп қорқытқан.
Тұрсын Алагөзовтің әйелі Баян Алагөзова Дариға Назарбаевамен таныс болғандықтан одан күйеуін Гүлмира Сатыбалдымен кездестіруін сұраған. Екеуі «Рахат Палас» қонақ үйінде кездесіп, сол жерде де Назарбаевтың келіні Алагөзовке қысым көрсеткен. Сөйтіп ол Galanz bottlers-тің 20 177 956 акциясын Гүлмира Сатыбалдының жүргізушісіне 1 теңгеден сатқан. Ал ол кезде АҚ-ның бір акциясының құны 200 теңге тұрған.
Арада біраз уақыт өтіп Тұрсын Алагөзовке Қайрат Сатыбалды хабарласып, компанияны қайта сатып алуды ұсынған. Осылайша, Алагөзов өз компаниясын қайтадан 30 млн долларға сатып алуға мәжбүр болған. Соншама қаржысы болмағандықтан алдымен 10 млн долларын төлеп, қалғанын бөліп төлеуге келіскен. Бірақ қалған соманы төлей алмағандықтан Сатыбалдылар Алагөзовті қайтадан жұмыстан шеттеткен.
2022 жылы наурызда Алагөзов антикорға рейдерлік бойынша арыз түсірген. Сол жылы жазда Гүлмира Сатыбалды 43 пайыз акцияны қайтарып беремін деген. Бірақ ол 10 млн доллар төлегендіктен кәсіпорынның 90 пайыз акциясын беруді және ортадағы келісімнің күшін жоюды талап еткен. Нәтижесінде, Гүлмира Сатыбалды озбырлық жасады, қылмыстық топ құрды және адам ұрлады деп айыпталып, 7 жылға сотталды. Сондай-ақ сот Алагөзовтің азаматтық талап-арызының кейбірін орындады. Сот Гүлмира Сатыбалдыны Алагөзовке Galanz Bottlers АҚ-ның 6,5 млрд теңге тұратын 43,25% акциясын қайтарып, моральдық өтемақы ретінде 1 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бірақ кәсіпкер бұған келіспей, акциядан бөлек моральдық өтемақы ретінде 5 млрд теңге сұраған.