Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

Алақай, қаникул! Бейсембаев несімен мақтанады?

Бейсембаев
Фото: Жас Алаш коллаж

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар алаңында 2024–2025 оқу жылын түйіндеп, брифинг өткізіп үлгерді. Тақырып – қорытындылар мен «негізгі жетістіктер». Сонымен, сын сөзге жиі ілігетін орта білім беру жүйесі бұл оқу жылында не істеді? Не өзгерді?

 

Тасбақаға мектеп салдыру

Брифингке министр Ғани Бейсембаевтың өзі қатысқан жоқ. Жиынды ашқан орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Ұлттық білім беру деректер қорының есептеріне сүйеніп, елімізде 8 мыңнан астам мектеп пен 4 млн оқушы бар екенін айтты. Иә, бұл еліміздегі ең үлкен «мақсатты аудитория» деуге де болады. Әрі бұл көрсеткіш алдағы жылдары демографиялық өсім есебінен арта бермек. Ал орын жетіспеушілігі қазірдің өзінде қысып барады. Парадокс та сонда, министрлік ең бірінші орын саны артуда деп жарияға жар салды: «2024 жылдың басынан бастап елімізде 400 мыңға жуық жаңа оқушы орны құрылды». Бұл бірінші жетістік деңіз. Бірақ жақында ғана президент құрылыс қарқыны баяу екеніне акцент қойып, тексерістер күшейетінін айтқан жоқ па? Жай мектепті қойғанда, жайлы мектептің өзі «планкадан» әлдеқайда қалыс.

2024 жылдың соңындағы есептерге сүйенсек, Қазақстанда 260 мың оқушы орны тапшы. Болжам бойынша, бұл көрсеткіш 2026 жылы 1 миллионнан асады. Осыған қарай 2025-тің соңына дейін 842 мың орынға шақталған жайлы мектеп салынатын болды. Десек те, былтырғы жоспардың жартысы да орындалған жоқ. Оны биылдан күту де қиын. Жаңа мектеп салуды былай қойғанда, 1 300-ге тарта мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Соған қарамастан, министрліктің сөздің басын орын саны артты деп бастағаны орынсыз ғана емес, күлкілі де. Әне-міне орын жетіспеушілігі 1 млн болады деп жатқанда, жоспардан қалып келе жатқан министрлік 400 мың орынның (жартысына да жетпейді) өзін жетістік қылып көрсетуі – тасбақаның жүрісіне сүйсінгенмен бірдей.

Ауылдықтардың арнайы олимпиадасы – сапа көрсеткіші

Бұл мектептердің 65 пайыздан астамы ауылдарда. Ондағы жағдай да жалпыға аян. Айта-айта жауыр болған тақырып. Бірақ шешімін тапты, қала мен ауылдағы білім алшақтығы азайды деуге тағы ерте. Ал оқу-ағарту министрлігі:

«Қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асырылуда. Министрліктің бастамасымен дәстүрлі шараға айналған ауыл мектептерінің республикалық пәндік олимпиадасынақызығушылық жыл сайын артып келеді. Соның нәтижесінде ауыл оқушыларының жүлделі орындарға ие болу көрсеткіші 10 есеге дейін артты», – дейді.

Екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан, «дәстүрлі» деген негіз алуға үміті бар ауылдық олимпиада балаларды кемсіту ме, әлде ауылда жүріп қаладағы әріптестерінен қалып қоя беретін педагогтарды «жүлделі орны көп болсын, олар да аттестациядан өтеді ғой» деп жарылқау ма? Кім білсін. Әркім әрқалай қабылдады. Ал министр Ғани Бейсембаевтың өзі мұны керемет жоба деп есептейді.

Осы жайлы еліміздегі олимпиадалар мен ғылыми жоба сайыстарын ұйымдастыруға, өткізуге тікелей жауапты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысынан сұраған едік. «Ауылдық олимпиада аттестациядан өту үшін міндетті жетістіктерді жинай алмай жатқан ауыл мұғалімдеріне көмек пе? Бұл ауыл оқушыларына дискриминация емес пе?» деген сауалымызға орталық басшысы Гаждембек Тұрсынов ондай да мотив болуы ықтимал екенін айтты. Басшыларға сай әдеппен қазір қалыптасқан жағдайға байланысты осындай жобаның бастау алғанын, оның ауыл оқушыларына мотивация екенін де түсіндірді. Тек біздің бірнеше аргументімізден кейін ғана «ведомствоның ондай да мақсаты болған шығар, ол жағы бізге белгісіз» деп, қысқа қайырды. Не де болса, ауыл олимпиадасы елдегі білім беру жүйесінің мақтанып айтатын жетістігі емес. Керісінше, қаншама он жылдықтар бойы түзей алмай келе жатқан мәселені тұмшалау сияқты көріне береді.

Мұғалімнің ешкімнің алдында мәртебесі жоқ

Брифингте жіпке тізілген жағымды жаңалықтардың тағы біреуіне тоқталайық. Ведомствоның ресми өкілі Мереке Нұрмахан педагогтар санының артқанын, министрліктің ұстаз мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөліп жатқанын айтты. Осы орайда, Семейдегі «шырша» оқиғасы мен Қаскелеңдегі көше тазалаушы мұғалімдерді мысал ету артық болмас. Ол туралы газетімізде жазылды, ресми сауалдар да жолданған. Министрлік Абай облысындағы оқиға бойынша мектеп басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын, Қаскелеңдегі жайлы мектептің мұғалімдерін кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту фактісі бойынша директордың міндетін атқарушы Г.Ахметоваға әкімшілік іс қозғалғанын жеткізді. Жалпы, педагог мәртебесіне қатысты резонансты оқиғаларда ведомство әрдайым осы позицияны ұстанады. Артынан айтушы, хат жолдаушы, ескертуші... Педагог мәртебесіне ерекше көңіл бөлу деген осы ма? Ұстаздар олай ойламайды.

Мейрамгүл Нүсіпбек, педагог-шебер, 40 жылдық тәжірибесі бар зейнеткер ұстаз:

«Бізге қызметімізден тыс көп тапсырма келеді. Оны әдетте қағазға жазып, ресми бұйрық түрінде емес, ауызекі формада жеткізеді. Директорлар айтып, орындатады. Ұстаздар да үндемей орындауға мәжбүр. Үнемі қысым бар. Министр Ғани Бейсембаев қызметіне кіріскен соң өңірлердің әкімдерімен келісім жасасқаны айтылған. Онда не нәрселер қаралғаны бізге беймәлім. Бірақ содан соң әкімдіктер қайтадан иығымызға шыға бастады. Олардың осылай үстемдікпен әрекет етуіне министрлік жауапты. Басқа ешкім емес.

Шынында, заң қабылдаумен мәртебе шешілген жоқ. Қазіргі жағдайға қарап алдағы 4-5 жылда да педагогтың мәртебесі іс жүзінде де заңдағыдай болады деп күту қиын. 2016 жылдан бері жағдай күрт нашарлады. Жаңа бағдарламаның кемшілігі көп. Ал талаптар жылдан-жылға күшеюде. Соның бәрі айналып келіп мұғалімнің беделін түсіреді».

Жас маман (басшылық қысымынан сақтану мақсатында аты-жөнін көрсетпеуімізді өтінді):

«Жұмыс істеп жүргеніме бір жылдай ғана болды. Диплом ала салып орналастым. Тоғызыншы сыныптарға сабақ беремін. Бір сыныпқа жетекшімін. Жұмысым жаман, жағдайым қиын демеймін, әрине. Алайда бір нәрсені нық басып айта аламын, мұғалімнің ешкімнің де алдында мәртебесі жоқ. Басшылықтың да, оқушылардың да. Қай жағынан келсе де не басшынікі, не баланікі дұрыс. Ұстаздар әрдайым кінәлі. Қағазбастылық көбеймесе, азаймаған. Оны кез келген педагогты ұстап алып сұрасаңыз айтады. Болмайтын «отчеттар»». Сайлау науқанына әлі тұспа-тұс келе қоймадым. Ал жиын-жиналыс, концертке жұмсау тыйылмаған. «Мұғалімдер де өз құқығын білмейді, заң бойынша мені жібере алмайсыз десе, басшысы да қояды ғой» дейтіндер де баршылық. «Сендер жассыңдар ғой, өздеріңді басындырмаңдар» деп ақыл айтатын үлкен мұғалімдер де жоқ емес. Бірақ таптаурын жүйеге әбден үйренген ұстаздар басшыға қарсы келе алмайды. Олардың бәрі заң аясынан тыс «қызметіне» келісіп тұрғанда, жас маман болып бірдеңе айтуға да ыңғайсызданасың. Содан соң «олардың негізі құқығы жоқ қой» деп бір ашуланып аламыз да, жұмсағанына барып-келіп жүре береміз. Бұл нәрсе жалпыдан жалқыға жүрмейді. Жалқыдан жалпыға әсер етпесе, әзірге ұстаздардың қарсы тұратын шама-шарқысы жоқ сияқты».

Расында да, елімізде тура заңдағыдай педагог мәртебесін қалыптастыруға әлі біраз жылдар қажет секілді. Дәл орын саны мен ауылдық олимпиада секілді, бұл да мақтаныш сезімімен айтатын деңгейге жетпеген бастама.

Азық-түлік қауіпсіздігі мектепте

Министрлік жыл қорытындысында ерекше талқылауға тиіс бір мәселе – ол бастауыш сыныптарды тегін ыстық тамақпен қамтудағы проблемалар болуы керек еді. Иә, бұл өзі құптарлық жайт болғанмен, басы даудан арылмаған тақырып болды. Жаппай улану деректері артып кетті. «Жас Алаш» бұл мәселені де егжей-тегжейлі талқылап, денсаулық сақтау және оқу-ағарту министрліктеріне ресми сауал жолдаған. Реті келгенде келтіре кетейік, жауап мынадай:

«ДСМсанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізеді. Берілген рұқсаттар бойынша тексеру, профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүзеге асырылады. Тексеру екі жылда бір реттен жиі емес, объектіге бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу жарты жылда бір реттен жиі емес ретте орындалады.

Былтыр екі министрлік пен өңірлік әкімдіктер бірлесіп, елдегі барлық мектеп асханаларына мониторинг жүргізді. Олардың 12 пайызынан, яғни 845 асханадан әртүрлі кемшіліктер анықталды. Соның ішінде, жалған медициналық анықтама арқылы жұмыс істеу, ас мәзірін сақтамау, өнімдердің жарамдылық мерзімінің дұрыс болмауы, азық-түліктердің тиісті ілеспе құжаттарсыз қолданылуы, тыйым салынған өнімдерді сату және тағы да басқа фактілер белгілі болды. Осылардың негізінде 22 мектеп асханасына қатысты әкімшілік шаралар қабылданған».

Ал екі рет улану бойынша үлкен дауға қалған Маңғыстау облысындағы жағдайға қатысты өңірде жоспардан тыс тексеріс жүргізілгені айтылыпты. Тексеріс нәтижесінде, 14,5 млн теңгеге айыппұл салынып, бір іс сотқа жіберілген.

Осының бәрінен кейін де, брифингте бір миллион жеті жүз мың оқушыны тегін ыстық тамақпен қамтыдық деген ақпарат берілді. Сан айтылды, ал сапа жағы талқыланбады...

Халықаралық олимпиада министрді құтқармайды

Ведомство да, оның басшысы да әрдайым аузынан тастамайтын тағы бір дүние – халықаралық олимпиада жеңімпаздары. Оқу жылының қорытындысында да ол жайында ұзақ айтылды, сандар келтірілді. Дегенмен 4 млн оқушының тіпті 0,1 пайызын да қамтымайтын бұл дерек орта білім беру жүйесінің жемісі деу қаншалықты дұрыс? Массаның сапасы сынға ілігіп отырған шақта олардың арасындағы бірлі-жарым дарынды оқушының жеңісін оқу-ағарту министрлігінің табысы ретінде ұсыну манипуляцияға ұқсамай ма? Түптеп келгенде, есептілік арасындағы әдемі эмоция мен сәтті риторика ғана сынды бұл. Әрі халықаралық олимпиада мен сайыстарға жолдама алатын оқушыларды қойғанда, облыстық кезеңде жеңіске жететін бес баланың төртеуі жалпы білім беретін мектептен емес, НЗМ, лицейлер мен мамандандырылған мектептердің оқушысы. Республикалық кезеңге жолдама алатындардың 90 пайызға жуығы да осы мектептерден. Ол жайлы біздің сауалымызға жауап берген «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының басшысы

Гаждембек Тұрсынов айтты. Демек, бұл да Қазақстандағы білім беру жүйесінің емес, бюджеті мен кадрлық әлеуеті жоғары мектептердің ғана жетістігі.

Қысқасы, министрлік брифингте барынша жақсы көрсеткіштерін алға тартуға тырысты. Бірақ мұның бәрі онша мақтан қыла қоятын дүние болмай шыққандай. Министрдің өзі қатыспаған, 33 минутқа созылған, көп жұрт хабарсыз қалған Бейсембаевтың «тығылып жасаған тойының» сиқы – осы. Сірә, каникулға қатты асығып жүрген сияқты.

Баян Мұратбекқызы