Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 08 Ақпан 2022

Алаөкпе атақ

None
None

 Мен үшін бүгінгі күн ғажап күн болып, бір хабарды естіп, «Әп бәрекелді, осы күнге жеткізгеніңе құлдық!

» деп қуанғанымды жасыра алмаймын...

 Бұған дейін мен еліміздегі ең дәрежелі «Атақ» болатынмын… е, иә, еңбегі сіңген, маңдай тері төгілген азаматтарға берілетін өкіметтің ең жоғарғы наградаларының бірегейі едім. Бірегейі деп отырғаным, анау ең мықты мығымы болмасам да, менің де өз дәрежем бар, көпшілік, әсіресе әдебиеті бар, мәдениеті бар өнер саласының өрелі атақ-дәрежесімін.

 Алғаш атым белгіленіп, жарық жұлдыздай жарқ етіп елдің маңдайалды азаматтарының омырауына қадалғанымдағы мақтаныш сезімімді жасыра алмаймын. Ойхой, ол азаматты кілең сен тұр, мен атайындар құттықтап, омырауда тұрған қалпымда аялы алақандарымен сипап «Құтты болсын!» дегендеріндегі сәтті әлі ұмыта алмаймын.

 Басында жылына – екі-үш ерен жүйрікке ғана бұйырып мәртебем тасыған. Мен бұйырар жылдың мәртебелі мерекесін тағатсыздана күтетінмін.

 Ойхой, көп өтпей маған деген ұмтылыс артып, жылына екі-үш мәрте марапатталатын дәрежеге жетіп, бір берілгенде оннан аса пенденің омырауына тағылатын болдым...

 Не керек, міне, бас-аяғы бес-алты жылда мен кімге бұйырмадым десеңші… Кім көрінгенге барып әтуерім кетті, абыройым азды, бедел-қасиет құлдырады...

 Ойпыр-ай, өнерге он қайнаса да сорпасы қосылмайтын омырауына таққанда жүзім жығылып, ел-жұртқа тіке қараудан қалып жүнжіп біттім… Ал ана бір сахнаға кеше ғана шыққан тарсыл-тайраң бозөкпенің мені омырауына таққандағы кірерге тесік қалмаған қалпымды көрсең… Мына бір аузынан бөзі түскен сайқымазақтың қорлағанын кімге айтып көр-жер боламын...

 Ал ақшаның ашпас құлпы жоқ екенінің өз басым куәсі болдым. Сол бейбақ мені қаншаға сатып алғанын айтып қырлы үремкеге матырып сусынын сіміріп, суырып алып, қайта омырауына таққандағы қорлықты дұшпаныңның басына бермесін...

 Құдай көз жасымды көрген болуы керек, айым оңынан туып, бүгін мені алмастырған, менен дәрежесі жоғары атақ белгіленген қуанышты хабарды естіп өлгенім тірілгендей болды… Қуанғанымнан келесілерге берілетін жерде жатқан жерімнен атып тұрып ең алғашқы болып әлгі сабазды «шын ниетіммен» құттықтап омырауыма басып сәттілік тіледім...

ЕСЕҢГІРЕТКЕН ЕСІМ

 (кәмелеттік жасқа толып, жеке куәлік алардағы бозбаланың монологы)

Ер жетіп есейіп, он алтыға толып паспорт алатын күнге де жеттім-ау!

Әкемді де кінәлай алмаймын… Ата тегіміз – Елбасының, Президенттің фамилиясымен бір болғандықтан, ал керек болса деп менің атымды да Елбасының атымен атай қойыпты.

Күн өткен сайын көркейіп, не бір жақсылық, өсіп-өркендеу сонда болып жатқан қалада дүниеге келсем бір жөн-ау… Күн өткен сайын құлдырап, тіршілігі тозып біткен алыс ауылда туылып – Елбасының есімін, ат-фамилиясын иеленудің қорлығын көріп өстім...

Отбасы ошақ қасының өзінде екі күннің  бірінде менің «аты-жөнім» ерекше аталып жатады… Қиындыққа төзіп біткен әкем кешкілік оңашада осыған душар еткен Елбасын сыбап-мінеп, кей-кейде оның «адресіне» айтпағаны қалмайды. Тегі аттас екенін, атымен аттас баласы бар екенін де тарс ұмытып, әйда кеп аузына ақ ит кіріп, көк ит шығады дерсің… Аты-жөніме бағытталған бұл былапыт сөздерге етім үйреніп көндіккенмін.

Тек әкемнің бірде арағына тойып келіп алжасып, «осыған сен кінәлісің» деп, ай-шай жоқ бас сап мені сабағаны есімнен кетпейді… Тек әжем: – «Алжасқан неме, өзің де құры, анауың да құры, немеремнен аулақ!» – деп араша түсіп қатты таяқтан аман алып қалғаны бар.

Е, шешемнің кей-кейде теріс қылыққа тап келгенімде «Атаңанәлет!.. Желкең қиылғыр!.. Ойныңмен осылғыр оңбаған!..» деп, «шер» тарқататын «асыл» сөздері әлі есімде. Бұрындары балалықпен мән бере бермеуші едім, ес кіргелі қиын екен… Топ ортада әңгіме әріге кеткенде сырғып, сытылып, қарамды батырамын. Бірде антұрған бір топ саясатты сарқып ішіп әй-шай жоқ мені төпелеп тастағандары қанымды қарайтып, үйге келіп мұң-шерімді әжеме айтып еңірегенім күні кеше.

 Не керек, ауыз су іше алмай аңырап қалудан тартып, алты ай айлық алмағаны бар, ауылды тоз-тозы шыққан тірлік меңдеген сайын аттап ауладан шығудан қалдым… Топ тұрған жерден айналып өтемін… өзім қатарлы бозбаламен бас біріктіру қалды… Ең аяғы, есік алдыларында әжің-гүжің әңгемелесіп отырған қарттардан да қашқақтайтын болдым.

Елді жайлаған жемқорлық, талан-таражға түскен қазба байлық, кеңірдегінен керуен өтіп құсып жатқан қылмыскер, тағы-тағылар тоғытылғанда, денем түршігіп, құдды соларға қатысым бардай қарадан қарап күйіп пісіп жүнжіп бітемін. Дос-жораннан да жұрдаймын, ең батқаны – «бақыт құсыма» балап жүрген балаң махаббатым да теріс айналды.

Е, қайсыбірін айтайын, Елбасының есімін алып жүрем деп көрмегенім күл астында, естімегенім шөл далада… Алақай, таң да атып, есейіп ер жетіп, бақандай он алты жыл арқалап келген туу туралы куәлікті тапсырып, азаматтығымды айқындайтын жеке куәлік алуға да қол жеткіздім-ау!.. Куәлігімді ашып қарап, ондағы өзгертілген «Сұлтанбек» атты есімім мен тегімдегі шешемнің фамилиясы көзіме оттай басылды.

МІҢГІР МЕН ДАҢҒҰР

Пықып құрдаспен анда-санда кезігіп, салқын сыра сіміретініміз бар.

Бұл жолы Пықекең:

– Менен үлкен ағамның бірі қалада, бірі ауылда тұрады. Қаладағының ұлы ерке болып еркелеп өсті. Даңғұр есіміне сай әңгір-дүңгір, елгезек, еліктегіш, елп-желп… әке-шешесі «аман болсын, еті тірі, бір жерден тесіп шығатынына сенімдіміз», деп бетінен қақпады. Мектепте жүріп-ақ белсендінің бел ортасында жүрді. Уралағыш, ұрандатқыш. Тәуір оқығанының арқасында қоғамдық жұмыс десе жанып кетеді. Жиылыс, басқосу атаулыдан қалмайды. Мектеп басшылығы да біреуді құттықтау керек болса да – Даңғұрды алдыңғы сапқа қоса қояды. Өзі де сөйлей-сөйлей шешен де болып алды. Бір сөзбен қаладағы ағамның баласы белсенді, беделді, сен тұр мен атайын дәрежесінде мектеп қабырғасын бітіріп шықты.

Ал ауылдағы ағамның баласы Міңгір ілініп-салынып, әйтеуір мектебін бітірді. Сабақтан бұрын көбіне төрт түлікпен «тілдесіп», қойын қоздатып, құлын-тайдың жанынан шықпай, ес біліп, етек жапқанынан жылқықұмар болып, бәйге десе танауы делиіп, далақтап ат үстінде шапқанына мәз. Қан-сөкпен жұмысы жоқ, таң атқаннан кеш батқанға дейін төрт түлігін түгендеумен болады. Қызығы да, шыжығы да, айтар әңгімесі де мал төңірегі… – деп ауылдағы ағасының баласының тірлігіне көңілі толмайтынын білдірді.

Келесі бір кездескенімізде Пықып:

– Тіл-көзден сақтасын, қаладағы ағамның баласы Даңғұр шырақ ерлеп тұр. Дамыл таппайды, тек жүрмейді. Елгезек, ұр да жық. Осындағы жоғары оқуында жүріп көзге түсіп, небір бастамалардың бел ортасында болып, үкіметтің үндеуіне бел шеше кірісіп, белді партияның бастамасын қолды-аяққа тұрғызбай насихаттап жүріп, еңбегі еленіп, оқуын шетелде жалғастыруға қолын жеткізді. Онда жүріп те елін, жерін, әсіресе, басқарушы биліктің сойылын соғып, осыған балама жастар ұйымын құрып құрақ ұшты… Аман болса бір жерден ойып тұрып орын алатынына, сөйтіп әулетіміздің атын аспандататынына сенімдіміз.

Ал ана ауылдағы Міңгірдің білетіні мал төңірегінде қалып қойды. Оқитыны да мал жөнінде, көретіні де төрт түлік көрінеді. Пәлекет, сонысына қарамай, малының есебін шығарғанда шемішкеше шағатын көрінеді және өзі қазіргі заманның шықбермес Шығайбайы дейді. Түлігі көбейіп, малшы-жалшы ұстайтын дәрежеге жетіпті, – деген болды.

Кезікпегенімізге көп болған, бірде Пықекең екі саптыаяқ сырадан соң:

 – Әлгі қаладағы ағамның баласы Даңғұр басынан кетіп, айықпас дертке ұшырап… Ағам оны ауылға апарып інісінің баласы Міңгірге табыстаған екен, бауырдың аты бауыр, оқыған-тоқығаны бар Даңғұрды Міңгір малшыларына бастық етіп қойыпты… Өзім де Міңгір інішектен соғым малымды алып қайтайын деп ауылға кетіп барамын, – деп әңгімесін қысқа қайырды.

«КӨРІМ» КӨЗ

(Монолог)

Әй, ит өмір-ай!.. Құрсақ көтеруге зар болып жүріп, көзжасымды көріп, шарана шыр етіп дүниеге келгендегі қуанышымды айтсаңшы… Сөзімді «ит өмір-ай», деп бастауым тоғыз ай көтеріп, дүниеге келтіргенім… әй, иттікі, бәрі ана полигонның… атом сынағының сықпыты, туғаннан соның «бұлтын» жамылып, ауасын сіміріп өскеннің кесірі… балам «басқада жоқ бала» болып дүниеге келіп… қос жанарымен қосақталып тура маңдайына алақандай көз бітіп жарқ ете қалғанын айтсаңшы… Алғаш көріп абдырап, тілім күрмеле түске дейін есімді жоғалтып есеңгіреп, сасқаннан қақ маңдайдағы жанарды сипалап бір ашып, бір жұмғыза беріппін… Күйеуім көріп күреңітіп, онсыз да бар тұтықпасы қозып қылғынып қалды.

«Әй, ит өмір-ай, онсыз да шықпа жаным шықпамен жүрген мына заманда… қиындықтан, жетіспеушіліктен қажып біткен басымызға бала бұйырып еңсе түзеліп, ертеңгі күнге үмітпен қарап, қиындық атаулыға қасарыса тұрар демеу бола ма деп жүр едік… Ал керек болса, болашағың бордай тозды, үмітің үзілді деген осы» деген күңіреніспен ес-түссіз екі жеті жатып ес жисам… үй толы адам… сөйтсем олар перзентімнің көрім көзін қызықтаушылар екен. Ақырып тұрып айдап шықтым...

Кеткен соң қарасам, ашумен байқамаппын – сәбиімнің төңірегі толған ойыншық, өзін киіндіріп үлде мен бүлдеге орап-ақ тастапты. Күйеуімнің жүзі жайдары, баласын ойнатып бас жағында отыр. Ана емеспін бе, іштен шыққан шұбар жылан… еңірене емсініп емізейін кеп...

Облыстан келдік дейді, әкелгендері әжептеуір, үндемей отырып шығарып салдық.

Теледидардан келдік дегенде, «жетпегені осы еді» деп шат-шәлекей болдым… Олардың «сәби ерекше қамқорлыққа алынады, табиғаттың «тамашасы» ерекше құбылыс болып отыр» деп, өздері тарапынан теледидар әкелгенін құлағым шалып бір сәтке үнсіздік таныттым… Ойпыр-ай, көп өтпей «көрім көзімді» теледидардан көріп көзайым болдым.

Келушілер де көбейді, құрқол емес, «көрімдіктері» көңіл жұбатады… Жасырмаймын, келген кірістен әжептәуір қоң да қордаланып қалыпты.  Бір бизнесмен табалдырық аттағаннан ақша шашып, балам жатқан бесікті бір бумасымен «булап» кете барғанын айтсаңшы. Тағы біреуі арнайы келіпті, баламды құшағына алып теледидарға тебірене сөйлеп, «байғазым болсын» деп кетерінде жеңіл көліктің кілтін сәбидің мойнына іліп кеткені.

Құдай оңдап Астанадан да өкіл келіп, «Еліміздің атын айдай әлемге алып шыққан сәбидің ата-анасына деген құрметіміз мынау» деп облыс орталығынан тиесілі пәтердің құжаттарын бесіктегі баламыздың үстіне тастап, пәтер кілтін салтанатты түрде өзіме табыстады.

… Зымыраған уақыт-ай, өстіп жүріп жылда өте шығыпты. Несін айтайын, келіп кеткен ел-жұрттан айналмаспысың… Осындайда өзіме-өзім «атың шықпаса, жер өрте» деп мысқылдап, бұйырған бүлдіршініме тәуба деп жүріп, бір күні «тағы да перзентті болсам қайтеді?..» деп ой түйіп, оны санама сап саралай келіп: «Бізде ғой полигон құрығалы қашан… неде болса күні бүгіндері атомын сынаудан алдына жан салмай отырған ана аты шулы пәлекет мемлекетке барып тұрақтап, сонда жүріп құрсақ көтеріп қайтсам» деген делқұлы ойымды қорқа-қорқа күйеуіме сыздықтата жеткізіп едім, «Дұрысы сол! Осыны ойлағаныма да он айдың жүзі болды. Ойымыз бір жерден шықты, кеттік қатын!» деп, жүзі жайдары, жанары жадыраңқы, әшейіндегі тұтықпасының белгісі де жоқ отырған орнынан атып тұрғаны...

Тегтер: