Алақандай ауылдан шыққан батырлар ұрпаққа үлгі
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Арқат деген ауыл бар. Кеңестік дәуірде Арқат ауылының атағына қызығып қарайтындар көп еді.
Арқат өңірі десе, алдымен, Кеңес Одағының Батыры Зәкария Белібаевтың есімі аталады. Зәкария Белібаев 1917 жылы 9 мамырда Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Абай ауданы Арқат ауылында дүниеге келген. Майдангер 1941 жылдың маусым айынан бастап, шайқасқа қатысты. Орталық майданда 18-ші жеке понтон-көпір батальонында понтон салатын жауынгер болған. Қатардағы жауынгер Зәкария Белібаев 1943 жылы қыркүйек айының соңында Киев қаласынан солтүстікке қарай орналасқан Днепр өзенінен өту кезінде ерекше батылдығымен көзге түседі. Ол бөлім командирі жараланған сәтте оны алмастырып, әскерді өзеннің оң жақ жағалауына бірінші болып өткізген. Бірнеше тәулік бойы төпелеген жау оғының астында жүріп, жеке құрам мен техниканы бағыттап отырған. Судан өтетін салды жөндегенде де аса ептілік танытып, әскерін оқ пен судан аман-есен алып шыққан.
Жауынгерге 1943 жылғы 17 қазанда КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ол – Ленин орденінің, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» төсбелгісінің, бірнеше медальдің иегері. Кезінде бүтін бір совхоз Зәкария Белібаевтың атымен аталды. Қазір де аудан орталығында Зәкария Белібаевтың атымен аталатын алаң бар. Бұдан бөлек, Семей өңіріндегі ең ұзын көшелердің бірі Зәкария Белібаевтың атында. Ал былтыр Алматы қаласы Наурызбай ауданында Зәкария Белібаевтың атына көше берілді. Бүгінде шалғайдағы Арқаттың тұрғындары 9 мамырда жыл сайын батырдың туған күнін атап өтіп, ауылдан шыққан батырларға құран бағыштап, ас беріп, үлгі-өнеге көрсетуде.
Ұрпаққаүлгі Бекбосынов
Арқат өңірінде 1925 жылы дүниеге келген тағы бір батыр – Серікқазы Бекбосынов. Ол – 1943 жылы Қызыл армия қатарына шақырылады. Әуе-десант бөлімшесінде оқығаннан кейін Серікқазы Бекбосынов 99-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 330-шы гвардиялық атқыштар полкының атқышы, гвардия қызыл әскері атанды.
1944 жылғы маусым айының басында 37-ші гвардиялық атқыштар корпусы құрамында Карель майданына келеді. Карель майданының Свирь-Петрозаводск операциясы 1944 жылы 21 маусымда 7-ші армияның Свирь өзеніне шабуыл жасауымен басталды. Үш сағатқа созылған авиациялық және артиллериялық әзірліктен кейін 37-ші гвардиялық атқыштар корпусының комсомол-гвардияшыл (99-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының 300-ші гвардиялық атқыштар полкінің 12 жауынгері және 98-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы 296-шы гвардиялық атқыштар полкының) төрт жауынгері бірінші болып өзеннен өтті. Жауынгер-гвардияшылар өз салдары мен қайықтарын қарсы жағалауға қарай итермелейді. Бұл өзеннен өтудің жалған көрінісі еді. Ондағы мақсат – жаудың отты нүктелерін анықтап, жою.
Гвардияшылардың үздік әскери дайындығы олардың әскери тапсырманы сәтті орындауына көмегін тигізді. Барлық қайықтар мен салдар өзен ортасына жетпей, жау артиллериясының оғынан жойылып кетті. Бекбосынов және оның жауынгерлері жау жағындағы жағалауға жүзіп өтті, ешкім де жараланған жоқ. Жағалауға шыққаннан кейін Бекбосынов шұңқырдың бірінен орын тепті. Көп кешікпей, оған басқа гвардияшылар қосылды. Бекбосынов пен Юнусов біраз барлаудан кейін жағалау траншеясына жетіп, қарсыласқан фашистерге граната мен автомат оғын жаудырды. Гвардияшылар алдында тұрған әскери тапсырма сәтті орындалды. Өзіне жау оғын қабылдаған батыл да ер жүрек жауынгерлердің ерлігі жаудың от ату нүктелерін жоюға көмегін тигізді. Соның арқасында, біздің шабуылдаушы топтар Свирьді тез арада жаудан азат етті.
1944 жылғы 21-шілдеде КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен неміс-фашист басқыншыларымен ұрыста әскери тапсырманы үздік орындап, ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен гвардия қызыл әскері Серікқазы Бекбосыновқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Қазір Арқат ауылындағы 11 жылдық орта мектеп Серікқазы Бекбосыновтың атымен аталады. Бүгінгі ауылдағы жас ұрпақ Бекбосыновтың ерлігін есінен бір сәтке де шығарған емес.
24 фашисті жер жастандырған қаршадай қазақ қызы
Арқат өңірінен шыққан тағы бір батыр Баян Байғожина еді. Ол – Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовадай ерлік көрсеткен Арқат өңірінің даңқты қызы. Соғыс басталғанда Баян он жетідегі балауса қыз еді. Алматыда оқып жүрген студент болатын-ды. Өзі сұранып, майданға аттанды. Белоруссия мен Польшаны жаудан азат етуде ерлігімен көзге түсіп, фашизмнің ордасы Берлинге дейін барады. Баян Байғожина «Даңқ» және «Ұлы Отан соғысы» ордендерін иеленді. Ефрейтор-атқыш «11» АП құрамында 1945 жылға дейін жаумен ерлікпен шайқасқан.
Баян Байғожина жөнінде белгілі жазушы Павел Кузнецов «Шыңғыстаудың Баяны» деген мақала жариялап, «Москвадан – Берлинге дейін» атты кітабында Баян туралы естелік жазған. Кузнецов Баянды былай суреттейді: «Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса киген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Ганденбургте, Виллинштрасседе қашуға үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік. Шын пейілмен әңгімелесе отырып, Н. атқыштар полкының ефрейторы Баян Байғожинаның өмір тарихын білдім. Баян әскерге өз еркімен келген екен. Алғашқы кезде жолы болмапты. Көздеген жеріне жетпей, эшелондарына неміс самолеттері тап береді. Сонда жараланады. Жараланған Баян госпитальда қала береді. Көп ұзамай, сауығып, өз дивизиясы емес, жол батальонына жіберіледі».
Майданда Баянның даңқы тез тарайды. Ол – тоғыз жолдың торабы болған бір көпірді қорғауда тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденін алады. Бұл ұрыста ол тосқауылда тұрып, бір өзі тоғыз немісті өлтіреді. Ұрыс алаңында көрсеткен ерлігі үшін ол екінші рет «Даңқ» орденімен марапатталады.
Баян Байғожина арпалысқан ұрыстарда Белоруссияның, Литваның, Польшаның жерін жаудан азат етеді. Бірде Гинденбургтың іргесіндегі қыстақтарда қатты ұрыс болады. Немістер үйдің шатырынан бастап, жертөлелерге дейін оқ жаудырады. Снарядтың жарықшағы Баянның бетіне тиеді. Командир Баянға дәрігерлік батальонға баруға бұйырады, бірақ Баян ұрыс даласынан кетпейді. Осы арада Баян тағы он бес немісті жойғаны үшін «Отан соғысы» орденімен наградталады. Бұдан кейін майдан алаңдарында Баян Байғожинаның «бір өзі 24 немісті өлтірген қаршадай қазақ қызы» деген атағы тарайды. Баян Байғожина Ұлы Жеңіске 12 күн қалғанда, 24 сәуірде ерлікпен қаза табады. Ол – Гинденбург қаласында жерленді.
Жалпы, алақандай ауылдан 186 адам соғысқа аттанған. Олардың – 144-і ауылға оралмай, ұрпағы үшін қан майданда шейіт болды.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ