Алақаны бар ақшамыз, алақан жайып кетпесе екен

Осыдан 28 жыл бұрын ұлттық валютамыз айналымға еніп, еліміздің егемендігін айғақтаған болатын.
Алайда күн санап құнсызданған теңгеміз осы жылдар ішінде 56 есе құнсызданған екен. Рас, 100 теңгеге бір бөлке нан да келмейтін заманда 100 теңгеден гөрі 100 долларға бүйрегіміз бұрып тұратыны да өтірік емес. Содан ба, теңгенің туған күні тым елеусіз, халық еске алмастан, ел ішінде тіпті атаусыз өтіп кетті.
Шыны керек, қоғамымызда теңгенің ертеңіне көп адам сенбейді. Сондықтан халық та артық ақшасын өзге елдің валютасында жинайды. Негізі, еліміз рубль аймағынан босап, төл теңгемізді қолымызға ұстап, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылған, теңгеміздің туған күні ел өміріндегі басты тарихи күндердің бірі болуы керек-ақ еді. Алғаш рет 2003 жылдың басында теңге бағамы 33 есе – 1 доллар үшін 4,69 теңгеден 155 теңгеге дейін арзандады. Сондықтан теңгеден гөрі доллардың дәуреніне сенгендер артық ақшасын долларға айналдырып қалуға тырысу үрдісін сол кезден бастады. Яғни сол тұста-ақ доллар тек қымбаттай беретінін, ешқашан арзандамайтынын көріп, халық бар ақшасын америкалық валютада ұстауға дағдылана бастады.
Күні бүгінге дейін теңгесін долларға айырбастап қалғысы келіп тұратындар жетерлік. Теңгеге қатты әсер еткен тағы бір девальвация 2015 жылы 21 тамызда тіркеліп, 2015 жылдың 31 желтоқсанын теңге долларға шаққанда 339,47 теңгемен аяқтаса, биыл туған күнінде теңге бағамы доллармен есептегенде 430,78 теңгені құрап отыр. Ел іші оның 500-ге жетпей тоқтамайтынын айтады. Сырттан келетін көп дүниенің бағасы доллармен есептеліп келіп, елімізде қымбатшылық та күн санап шарықтап барады. Мұның өзі халықтың ел ертеңіне деген сенімін сетінетіп тұр. Тілі қадірсіз қазақ қоғамында теңге де қадірсіздердің біріне айналып, ел ертеңіне деген сенімсіздікті күшейтіп, халықтың ауа көшуіне де әсер етіп тұрғандай. Сондықтан артық ақшасының өзін шетелде сақтап, жылжымайтын мүлік болса да, шетелден сатып алатындардың қатары артуда.
Соның бір мысалы, мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың айтуынша, 400-ден аса қазақстандықтың шетелдік банктерде жүздеген миллиард ақшасы бар екен. Бүгінде декларацияны ұсынған 497 мың жеке тұлғаның 440 мыңының 58 елде банк шоттары бар болса, ондағы ақшаның жалпы сомасы 691 миллиард теңгені құрайды. Қазақстандықтар банк шоттарын көбіне Ресей Федерациясында, АҚШ-та, Швейцарияда ашқан. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев: «494 жеке тұлға Қазақстан Республикасынан тыс 26 елде 666 жылжымайтын мүлік объектісін декларациялады, оның ішінде 436 нысан – Ресейде, 44 нысан – Біріккен Араб Әмірліктерінде, 38 нысан Түркияда және т.б. бар. 1030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте тіркелген 1198 көлік құралын, оның ішінде 292-сі – Ресейде, 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі Германияда және т.б. декларациялады», – дейді. Болашағын бөтен елмен байланыстырғысы келгендердің де жинағаны өзге елдің валютасында екені айқын. Теңгеден теріс айналып, тағдырын да өзге елмен байланыстырғысы келгендердің ұлғаюы көңілде тастанды елге айналмасақ етті деген алаңдаушылық туғызады.
Осы орайда айта кетсек, биылғы тоғыз айда Қазақстаннан 25,3 мың адам көшіп кеткен. Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерге сәйкес, биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанға тұрақты тұруға 7246 адам көшіп келсе, 25 322 азамат елімізден көшіп кеткен. Көші-қонның айырымы 18 076 адамды құрап отыр. Келгендер азайып, кеткендер көбейіп жатқан еліміздің ертеңі не болмақ? Теңгенің тоқтар жері қайсы екен?