Алаш ардақтыларына қарызбыз....

Белгілі жорналшы Айтбай Сәулебек «Жас Алаштағы» өз мақаласында бүкіл түркі халқының ардақты перзенті, Түркістан Мұқтариятының басшысы, өз кезіндегі кеңестік саясатқа байланысты елде тұра алмай, жарты ғасырдан астам ғұмырының 20 жылға жуық Францияда өткізген, Түркістан легионын құру туралы фашистік жобадан бас тартқаны үшін белгісіз жағдайда қайтыс болып, Берлинді мәңгілік мекен еткен Мұстафа Шоқайдың дүние есігін ашқан өңіріне ескерткіш белгі қоюдың қажеттігі туралы маңызды мәселе көтерген.
Бұл Сыр бойындағылардың ойында көптен бері ұялағанымен шешуін таппай келе жатыр.
Кешегі Тәуелсіздік отыз жылдық кезінде Алаш ардақтыларына лайықты көңіл бөлінбегені мәлім. ЮНЕСКО «хан аталарымның қазаққа қарызын өтеймін» деген уәде биігінен көрінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуын кеңінен атап өту туралы шешім қабылдағанда сол кездегі Үкімет басшысы мұны өткізуге бізде қаржы жоқ дегені жұртшылық құлағында әлі жаңғырып тұрған шығар. Иә, осылай бір масқара болып едік. Алаш қозғалысының 100 жылдығы да ұялғаннан өткізілген шаралардың бірі болды. Мен өзім екі конференцияға қатысып, барды көзіммен көрдім. Ұлы тұлғаның шығармалар жинағының он бес томдығы 2016 жылы қарағандылық жеке жанашырлардың қолдауымен шығуы да көп нәрсені айтса керек. Ал кешегі Елбасы туралы том-том кітаптарын ауыл кітапханаларында қоятын жер таба алмай қиналды.
Газетте көтерілген мәселе тікелей Мұстафа Шоқайға қатысты болған соң қосымша бірер ойымызды айта кетейік. Біріншіден, Алаш ардақтыларының ішінде Мұстафа Шоқай екі жылдай Грузияда тұрып, сонан соң 1921 жылы Францияға жетісімен Совет одағындағы, әсіресе Түркістандағы большевиктердің озбыр саясатын әлемдік аренада жан‑жақты ашу үшін бар саяси қайраткерлік күшін де, шығармашылық қуатын да еш аямаған болатын. Егер бұл бағыт аз уақытта соншалықты қарқын алмаса, 1925 жылдың 29-мамырында И.Сталин «ақгвардияшыл баспасөзге мәлім Шоқай» туралы РКП(б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне арнайы хат жазбас еді. Содан кеңестік насихаттың негізгі бір нысанасы Мұстафа Шоқай болды. Оған тақпаған ат қалмады. С.Шәкібаевтың «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы да осының бір көрінісі болатын. Екіншіден, Мұстафа Шоқайдың өмірінің соңғы кезін шетелде өткізуі оны тануда, зерттеуде көп қиыншылықтар туғызып отырғаны да аян. Оның осы кезге дейін толық өмірбаяны жазылған жоқ. Соңғы кезде ғана бұл айқындала бастады. Үшіншіден, Мұстафа Шоқайдың шығармашылық мұрасы тоғыз тілде жазылған. Алайда «Яш Түркістан» журналында жарияланған 200-ден астам мақаласы, «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» мен «Советтер қол астындағы Түркістан» сияқты еңбектері ғана ана тілімізге аударылды. Орыс, француз, ағылшын, неміс, поляк, т.б. тілдерде шығармалары уақытын күтіп тұр. Бұл да белгілі жағдайда еліміздегі Алаш мұрасына шынайы мемлекеттік көзқарастың қалыптаса қоймағанын танытады.
Осындай жағдайлардан Мұстафа Шоқайға қатысты да кейбір мәселелердің кештеу шешіліп келе жатқаны рас. Сондай мәселенің бірі – оның туған жеріне ескерткіш белгі қою туралы әңгіме. Мұның көтерілгеніне де көп болды. Облысқа 2013 жылы Қ.Көшербаев әкім болып келгеннен соң, көп ұзамай, мен бұл туралы арнайы хат жаздым. Ол ауданға тапсырылып, тіпті 40 миллион теңге тұратын жоба жасалды. Шынымды айтайын бұл жоба ұнады да. Алайда әзір ауданда мұндай қаржы болмай тұр, кейін ораламыз деген. Бірақ бұл ұсыныс аяқсыз қалды. Осыдан екі‑үш жыл бұрын Шиелі ауданының әкімдігі 58 миллион қаржы бөліп, қазіргі Бірінші мамыр елді мекенінің орталығынан аулақтау жерде, белгілі бір мақсаттармен Мұстафа Шоқайға арнап аллея салды. Аллея елдің ішінде, адам көпшілік жерде болатын сияқты еді. Бұл өзгеше және ұзақ әңгіме әрі шикі тірлік.
Енді мақалада көтерілген «жазушы Мұстафаға Тартоғайда ескерткіш орнатуды ұсынды» дегенге келейік. Бұл хабарды маған Қызылордадағы жергілікті жорналшы, жазушы таныстарым жеткізді. Мен әкімшілікке арнайы хат жазуға мәжбүр болдым. Біріншіден, қазіргі Шиелі ауданына қарасты Тартоғай ауылы тұсынан Сырдариядан сағасы бастау алатын, кеңестік дәуірде салынған «Жаңа Сұлутөбе» каналы бойында Майлытоғай ауылына жақын, бір жағы «Қызылкөл» деген жермен жалғасып жатқан тораңғыл өскен жер де, одан дария ағысымен сәл төмен, қазіргі Сұлутөбе бекетінен 18-20 шақырымдай жердегі көне жұрт орны да «Әулиетораңғыл» деп аталады. Екіншіден, Тартоғай‑Тұрсынбай датқаға қарасты өңір. Онда негізінен бес арыс тұяқтылар мекен еткен, әлі мекен етеді. Сол себепті Торғай датқа ұрпақтары өзге мекендерін тастап, өзге жерге баратындай жағдай болған жоқ. Ол кезде арнайы бекітілмесе де, датқаларға қарасты өңірлер белгілі болған.
Мұстафа Шоқай Тартоғайда туған деген жаңылыс пікірдің авторы көпті, тіпті белгілі жазушылар мен киносценаристерді шатастырған марқұм, аруағы кешірсін, Байдрахман Садықов. Газеттегі мақалада жазушы Мақсат Тәжімұраттың «Неразгаданная тайна Мустафы Шокая» деген деректі кітаптан мысал келтірілген. Мен бұл кітапты оқығаным жоқ. Алматы, Астана қалаларындағы орталық кітапханалардан таба алмадым. Интернеттен ол өзін Мұстафаның немере ағайынымын (двоюродный брат) деп таныстырған Байдрахман Садықовтың сөзінен басталатын үзіндіні ғана оқыдым. Шынына келгенде, Б.Садықов Мұстафа Шоқаймен бір рулас, бірақ аталас емес. Ал кейін жарық көрген «Ақмола энциклопедиясы» осы мәліметті пайдаланған болуы мүмкін. Менде азын‑аулақ Мұстафа Шоқайды зерттеп жүргеннің бірімін. Бірақ осы кезге дейін ол Тартоғайда дүниеге келді дегенді ешкімнен, еш жерден естігенім де, оқығаным да жоқ. Мен бала күнімнен Мұстафа атын естіп өстім. Өзім он үшке келгенше, ол өмірден өткенше Сопбектің Ахметінің тәрбиесінде болдым. Ол Мұстафаның анасы Бақтыбикенің туған ағасы Баспақ батырдың (шын аты – Мәмбетәлі) немересі болатын. Ал 1950 жылдары Қызылорда қаласында Мұстафаның туған інісі Мұртазаның баласы Мадияр ағаймен көрші тұрдық. Оның анасы Зүлфия шешеміз біздің қайынаға (Мұстафаны айтып отыр) жеті патшаның тілін біледі деп отыратын.
Сондай‑ақ қазірдің өзінде кейбір белгілі мұстафатанушыларда пікір алуандығы жоқ емес.
Міне, осындай жоғарыда айтылған пікірлерді қорыта келе және көп жылғы өзінің зерттеулерінің нәтижесінде профессор Көшім Лекерұлы Есмағамбетов өзі бас‑көз болып шығарған он екі томдықтың бірінші томында Мұстафа Шоқай қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Сұлутөбе теміржол стансасынан он бес шақырым жердегі Наршоқы мекенінде 1890 жылдың 25 желтоқсанында (ескіше бойынша) дүниеге келді деп жазған еді. Бірақ сол жылдың көктемінде Сырдария қатты тасып, Әулие тораңғылдағы мектеп үйі судың астында қалып, содан Шоқай ауылы Көксу өзенінің сағасындағы Наршоқы деген мекенге қоныс аударған көрінеді (Шоқай М. Шығармаларының толық жинағы. 12 том. 1-том – Алматы: Дайк-Пресс, 2012. 30, 33-бб.). Бұрынғы Әулие тораңғылда да медресе ашқан Торғай датқаның баласы Әліш (Әлмұхамед) Наршоқыда қайтадан екі бөлмелі мектеп үйін (медресе) салады. Ол 1896 жылы шәкірттер қабылдайды. Алты жасар Мұстафа да осы төрт жылдық медресе табалдырығын аттап, оны екі жылда үздік бітіреді. Наршоқыда осы кезге дейін күйдірген қыштан салынған мектептің құлаған орны, қора-қопсылардың ізі сақталған. Жарамсыз болса да, осында қойылған, жеке адамның ғана тірлігі болған белгі негізсіз емес еді.
Мақалада артықтау кеткен мәселелер де жоқ емес. Былтыр университет ғалымдары Мұстафа Шоқай 1919-1921 жылдары бас‑аяғы екі жылдай тұрған Тбилисиде он шақты күн болып, архив құжаттарының, кітапхана басылымдарындағы материал‑мақалалардың көшірмелерін алып келді. Бүгінде орталықта «Мұстафа Шоқай» тұлғалық энциклопедиясы даярлануда, қайраткердің түрік‑шағатай, француз, поляк тілдерінде жазылған мақалалары қазақ тіліне аудару бағытында да біршама жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Қаламгер інім мақаланың атын да дұрыс қоя алмаған. Басқаны былай қойғанда «Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың туған жеріне ескерткіш орнату мәселесіне қатысты мүмкіндіктерді қарастыруға тапсырма беремін» деген облыс әкімін «аруақ алдаған» деуі артықтау. Мұстафа Шоқай туралы әңгіме Айтбай ініммен арада болған. Марқұмға уәде берілмеген. Мен інімнің өмірінің ұзақ болғанын тілеймін.
Сөз соңында Алаш ардақтыларының мәңгі өлмес идеяларын, бүгінгі күрделі заман ұсынып отырған саяси‑әлеуметтік ой‑тұжырымдармен және қазіргі тәуелсіз мемлекетіміздің тұрлаулы талаптарымен байыта, әрі игере отырып қана сан ғасырлардан арып‑ашып қол жеткен Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете аламыз дегіміз келеді. Алаш ардақтыларына биліктегілердің өздері де әркез қарыз екендіктерін терең түсінгендері жақсы болар еді.