Алаш арыстарына арнау

Отар да болған, бодан да болған, құл болған...
Дінінен безіп, тілден де ділден тұл болған
Дәуірлер өтті-ау… Елім, жерім деу – сор болған,
Ұлтын сүйгендер ұлтандай тозып, қор болған
Көк көзді жынның әзірейілдері зор болған,
Асылдарыма түрмеде тұзақ тор құрған.
..
Зұлмат заман-ай!
Жігерді жасық бор қылған...
Қара шаңырақтың табалдырығына зар қылған!
Жампоздарыма жапқаны аздай жаланы,
Кебенек киген аналарымды қамады
АЛЖИР мен КАРЛАГ зындандарынан күңіренген
Азалы жесір тажал-тағдырын қарғады.
Бөкейхан тегі Әлихан еді – Көшбасым!
Байтұрсын тегі Ахмет еді – Ұстазым!
«Оян, қазақ!» деп жар салған Дулат Міржақып,
Кім мойындамас Мағжандай сөздің ұстасын?!
Мұрагерлері – үш бәйтерек һәм үш діңгек,
Тағында отыр Сәкен мен Ілияс, Бейімбет!
Абайға іні, еңіреп туған елім деп,
Ән-жырға қосты дүлдүл бір ақын Кәкімбек!
Қайран ерлерім! Алаштың абзал ұлдары!
Сұңқар да тұлпар, Тұранның текті тарланы!
Қаның мен терің, өмірің зая болмады
Тәуелсіздіктің ақ таңы атпай қалмады!
Желтоқсан даңқы паш етті баба арманын!
Сезді ме рухың қыранның биік самғауын?!
Тілеші оның қанаты әсте талмауын!
Арысым! Абыз ардағым! Есіл боздағым!
Тәуелсіздіктің тәтті дәміне мас болып,
Отыз жыл өтті қара мен сұлтан қас болып.
Ай-күн аманда шейіт кеткен жасты жоқтаймын
Көкірекке запыран, көзіме көлдей жас толып...
Иманды ұрпақ ұстаған қолға Құранын,
Жаңғыртар асқақ Алаштың өршіл ұранын!
Отқа жанбаған, суға батпаған халқыңды,
Сары даласында тербетер байтақ Тұраным!
Азапты кешкен, өтінен өткен тозақтың,
Алашпен бірге төрлерге өрле, Азаттық!
Алашым десе, ұлықтар өңкей данасын,
Көк туы көкте желбірей берсін Қазақтың!