Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 23 Желтоқсан 2025

Алаш аспаны бір сәтке аласарды

Асанәлі Әшімов
Фото: из открытых источников

Қабырғамыз сөгілді. Көз жасымыз төгілді. Жүрегіміз езілді. Ел-жұрты егілді. Алаш аспаны бір сәтке аласарды. «Қараңғы түнде тау қалғыды»... Бұл қайғы халықтың қайғысы болғанда басқаша қалай деуге болады? Дүниеден бір дәуір көшіп барады.

Көзі тірісінде аңыз-абызға айналған, танымалдылығы төрткүл дүниенің түкпіріне жеткен, Алаш атын аспандатқан, Аймановтардың аманатын алға апарып, арманын асыра орындаған Асанәлі Әшімұлы – Бекежан баһадүр бұ жалғанның есігін жылы жауып, өзі жиі жазып, жиі айтатын сағынышқа айналған самородок – сары алтындарына аттанды.

«Әлі талай мың өліп, мың тірілерсің», – деуші еді жанындай жақсы көрген досы Оралхан. Күні кеше ғана жарық көріп, тұсауы кесілген «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кісілік кітабы соңғы аққу әніндей болған екен. Сәбит досы екеуі «біз айтып кетпегенде, кім айтады?» деп кітап жазудан жарысқа түсіп еді. Артында тағы да беті ашылмай қанша кітапқа арқау болар алты дәптер қалды.

Тәңірден оған талант берілді. Сан қырлы, көл-көсір талант. Оған ғана тән тартымдылық, тектілік көп кісінің бойынан кездеспейтін еді. Ол жұртты өзінің дарын қуатымен мойындата тұра, сол дарын атрибуттары былайғы өмірінде де сәтті жалғасып, тәнті етіп жататын. Ойынында бір фальш жоқ, оның қалжыңында да халтура болмайтын. Ол жағымпаз, жасанды емес, жасампаз ғұмыр кешті.

...«Егемен Қазақстанға» «Жаңаөзен оқиғасы туралы мақала беріңіз» деп қыштағанда: «Мен «маскүнем, нашақор» деп айыптағанға түп-тамырымен қарсымын, мен – Халық артисімін, қашанда халық жағындамын, халық өз құқын талап етті» деумен шектелдім», – деп жазды соңғы кітабында кинода да, сахнада да қайта тумас қаҺарман кейіпкерлерді сомдаған Асаға. Иә, ол шынында Халық артисі еді. Ол отырған жердің бәрі жарқырап кететін. Атшаптырым үлкен залдарға, ғимараттарға әкімқаралар кіріп келе жатқанда селт етпейтін халық, оны тік тұрып қарсы алатын. Көшеге шыға қалса, жұрт кес-кестеп жүргізбейтін. Халықтың құшағында болған, шексіз сүйіспеншілігіне бөленген мұндай тұлғалар аз да емес, көп те емес. Солардың қатарындағы санаулы санаткердің бірі еді ол. Түнеу жылдары оның басына қара бұлттай қаптаған қайғыны еңсерген де сол халықтың өлшеусіз құрметі еді.

«Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық» деп өткен ол қашанда осы ұстанымынан айнымады. Басқасын былай қойғанда, «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі» трилогиясы – ұлт руханиятының тарихында мәңгілікке қалатыны алғаусыз ақиқат.

Асағаңның кластасы, досы Октябрь әкеміз «Асанәлінің төбесін көргеннен бар екенбіз ғой, бар екенбіз деп шүкіршілік етемін» дейтін еді. Бұл сөздің қазақ аманда әлі талай айтылатынына, айтыла беретініне шүбә жоқ.

...Ол енді биіктей береді.

Қали СӘРСЕНБАЙ