Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:43, 02 Ақпан 2021

Алаш атын ардақтаған газет бұл

None
None

«Жас Алаш» — 100 жыл

Жастық шақ – адамның арманшыл шағы, әсершіл, ең әдемі кезі, жалындап, жарқылдай көрініп, қандай іске де жанын сала, жасымай, жігерлене кірісетін керемет кезеңі. Жарық көргеніне бір ғасырға аяқ басқан «Жас Алаш» жөнінде мен осылай деймін.

Ә дегенде-ақ қазақ жастарына өршіл рух пен жалынды жүрек отын алаулата келген басылым өз бағытын жасауға ұмтылды, редакциясында  қайталанбайтын қолтаңбасымен дараланған қаламгерлерді жинады. Бастау басында жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың өзі тұрған басылым елмен бірге есейді, халқымыздың жүзжылдық тарихы мен тағдырының жылнама-шежіресіне айналды. Сондықтан да дүйім елдің сүйікті газеті туралы тебіренбей сөз ету, толқымай қалам тербеу әсте мүмкін емес.

Біздің артықшылығымыз – басшылық қабілет-қарымымен ерекше серпін берген, сілкініс жасаған Шерхан Мұртазаев (ол уақытта тегі солай еді) кезінде оқырмандар қатарына қосылғанбыз. Хабарлары қасаң тілден аулақтаған, ал құлаш-құлаш болып басылатын мақала, очерктері әдемі әңгімеге бергісіз болып оқылатын Оралхан, Ақселеу, Серік ағалар мен Фариза апамыздың әр материалы қаламға құштар жастарға қалай әсер еткенін, кең-байтақ қазақ жерінің әр аймағындағы мыңдаған оқырмандарын арманшыл етіп қанаттандырғанын, бақытын адал да абыройлы еңбектен табуға  тәрбиелеп талпындырғанына куәміз. Осы ретте газет үлкен күш бола білді.  Жаны жаралы, жабырқаған ел соны іздейтін, пана тұтатын. «Ақ мылтық» тілшілері жазықсыз жұртқа тізе батырып, теперіш көрсеткен кім-кімді де оңдырмай сынап, шындықтың қай кезде де үстемдік құратынын күнделікті жарыққа шығатын әр санында жарқырата жазып, барша жұрттың көкірек көзін ашатын. Солай болғандықтан да жастар газеті үлкен-кішінің бәріне ортақ, оқырмандары еселеп артқан басылым болды. Оның бетінде жарияланған бір ғана жақсы өлең, әсерлі әңгіме, мықты мақаласымен дүйім жұртқа танылған қаламгерлер қаншама!.. Осылай жүзжылдық тарихы бар жастар газеті ой-қиялы ұшқыр, қаламы жүрдек журналистерді кең құшағына алып, өзіндік дәстүр жасап, соны оңды үрдіс етіп жөнімен жалғастырды. Басылым тізгінін ұстаған қай басшы да жазу қабілеті күшті қаламгерді жеріне, еліне қарамай жан-жағына үйіре топтастырды. Біздің осы ойымызға арғы жылдарды былай шегеріп, өзіміз анық білетін ақырғы алпыс жылдың әлетіндегі Ұлттық кітапхана мен Ұлттық кітап палатасында сақталған тігінділері даусыз дәлел бола алады дер едім.

Мен алпыс жылға жуық оқырманы болсам, ҚазМУ-ға оқуға түскен 1976 жылдан бері материал жазып, редакциямен тікелей байланысымды үзбей ұластырып келе жатқан тұрақты авторларының бірімін. Сонда әскерден оралғаннан кейінгі ұстаздық жұмысым жөнінде сыршылдықпен жазған мақалам бүгінгі ұрпақтың көбі біле бермейтін журналист Шәкизада Құттаяқовтың қолынан өтті. Оны Жуалыда, кіндік қаным тамған Қошқаратада жүріп хатпен жолдасам, енді студент болған соң, әр дүниемді өз аяғыммен апарып беретін жағдайға жеттім. Редакцияға аптасына екі-үш рет бас сұқпасам, байыздап отыра алмайтын әдет таптым. Бір ғана бөліммен шектелмей, газеттің көрігін қыздырып, даңқын дүрілдеткен аға-әпкелердің қай-қайсымен де араласып, ара-тұра берген тапсырмаларын ізін суытпай орындап, қолдарына ұстатып жүрдім. Осындай тиянақтылығыммен ойынан шықтым ба екен, екінші курстың сабағы енді басталған қоңыр күзде газеттің ең үлкен «Комсомол тұрмысы» бөлімінің меңгерушісі Жақау Дәуренбеков аға «бізге қызметке келсең қайтеді» деп қолқа салды. Келісіп бара қалсам, сабағыма кесірі тиер деп бас тарттым. Бұл бірінші рет болса, екінші сөзді қазақ журналистикасында өз орны бар, «Ана тілі» газетіне редактор болып барып, өзіндік бет-бейнесін жарқырата жасап,  үлкен белеске көтеріп кеткен Жарылқап Бейсенбаев ағаға да ыңғай бермедім. Әйткенмен ол кісі басқаратын бөлімге шама-шарқымша араласып, адамгершілік-тәрбие тақырыбында ешқашан ескірмейтін (ол кездегі тегім Өтегенов), барша оқырмандар қызығып оқитын мақалалар жарияладым.

   Ол жоғарғы курста оқитын кезім еді. Қазақ радиосының жастар мен балаларға арнап хабар тарататын редакциясында редактор болып қызмет істей бастаған жылым. Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу мәселесін мемлекеттік деңгейде қозғап, жер-жерде шұбартаулық жастардың үлгісімен құрылған комсомол-жастар бригадаларының жұмысын жарқыратып көрсету үшін Қазақстан ЛКСМ орталық комитеті, Қазақ теле-радиосының жастар редакциялары және «Лениншіл жас» газетінің біріккен жобалық экспедициясы бар еді, басшылық мені осы құрамға қосып, Гурьев облысына жіберді. Газеттің батыс облыстардағы тілшісі Төлеген Берішбаевпен бірге Индер, Қызылқоға аудандарындағы жаз жайлаған шопандар бригадаларын араладық. Қақаған қаңтардың қысында дәл осындай сапармен Целиноградқа ұшып бардым. Газеттің сол облыстардағы тілшісі Айқын Несіпбаев қойлы Қорғалжын, Теңіз аудандарына барып, жас шопандар мен олардың ұстаз жетекшілері, аудан басшыларымен репортердің (бір жігітке жүк болатын радиожурналистердің сондай жазу аппараты болған) алдында сыр-сұхбат құрдық. Бүкіл жазба менде болғандықтан, Алматыға келгеннен кейін «Лениншіл жастың» етектей-етектей екі бетін алған екі материал жазғаным да есіме түсіп отыр. Иә, оқырман, осының бәрін даңқымды дабырайтайын деп емес, жастар газеті маған да үлкен үйрену, шығармашылық тұрғыда машықтану мектебі болғанын айбарлап айтайыншы деп жаздым. Бұл «Жас Алаш», кейінгі «Лениншіл жас» атауымен шыққан басылымның кеңестік кезеңдегі жеке өзіме байланысты мақаламның бастапқы бөлімі.

Енді екінші бөліміне ауыссам, бұл – мәңгілік мызғымастай көрінетін Кеңес өкіметі келмеске кетіп, әке-шешелеріміз 70 жыл бойы жинаған мал мен қисапсыз береке, байлықты талан-таражға салған, табан астына тап болған тәуелсіздіктің басымызды бақыттан айналдырған жылдарының ащы шындығы туралы жеке журналистік жазбаларым...

 Бір-ақ күнде газеттің фирмасын «Жас Алашқа» ауыстырған Уәлихан Қалижан аға парламент мәжілісіне депутат болып сайланып, бас редакторлық орынтаққа Төрехан Даниярдың келген күні. «Алматыдан – Ақсуатқа дейін» деген, өзім қолыммен терген бес-алты бет мақаламды алып бардым. Материал қаңтардың азынаған аязы бет қаратпай тұрған жаңа жылдан кейін Павлодарға апаратын пойызбен жолға шыққанымыздан басталады. Вагонымыз билетсіз мінген кісілерге сықай толған, кілең қытайдың ала дорбасын арқалағандар. Арақ ішіп, жұртқа ұйқы бермей жатса да, жолсеріктер қой демейді, жағатын отыны да жоқ вагон іші азынап тұр. Табан астымызды сүрткен су мұз болып қатып қалыпты. Қалшылдап тоңып, қалжырап барып таңға жуық көзім ілініп кетіпті. Аяқ жағымда жол-жөнекей бекеттерде түсетін кісілерміз деп мінген жігіттер отырған. Қайсысының қалай алғанын сезбей қалыппын, мойнымды мытып ораған бөкебайсыз қалғанымды бір-ақ білдім. Сол сапар «Ел межесі – елу миллион!» деп ұрандатып әзер жинаған қойлардың тушасын «аласыңдар ма, алыңдаршы, арзан бағаға береміз» деп, вокзалдың ана шетінде де, мына шетінде де шапқылаған бауырларымызды көріп, қайран ішім қан жылады.

    Отызыншы жылдардағы голощекиндік геноцид кезіндегі қазақ қасіреті туралы жазылған орыс жазушысы Валерий Михайловтың «Ұлы жұттың жазбалары» кітабындағы қынадай қырылған қазағымыздың жантүршігерлік қасірет елесі қайта көрінгендей көзім жастан бұлдырап, ішім қатты қаусырған қайғыдан ұлып тұрды. Мынаны тезірек тоқтату керек қой, бүйтіп елді бетімен жібермей ие болмасақ, арты жаман қасірет қой деп, жазған сол мақаламды сұрап Төреханға әлденеше рет бардым. «Сәл шыдаңызшы, басшылық қызметке енді ғана келдім ғой, мақалаңызды міндетті түрде басамын» деді. Екі-үш рет өстіп жылы сөзбен шығарып салды. Не керек, менің сол мақалам жоғарыдағы бей-берекет былғаныш тірлікке тоқтаусыз есік ашқан билікке жетпей, «Жас Алаштың» хат қоржынында көміліп, «жылап» қалды. Солай болғанына автор ретінде әлі күнге дейін қатты қамығамын. Неге десеңіз, мақаланы жүрегім жылап жазған кезде басылымдар мықты беделін жоғалта қоймаған, қып-қызыл қаны тамшылаған әрбір материалға билік ерекше мән беретін әдемі кез еді. Бірте-бірте сөздің де қасиеті тайды. Қолына қалам ұстап, жан баққандар нені жазарын білмей абдыраған зар заман кеуделеп төрге озды. Жалтақ, жағымпаз, билікті мақтап, майлайтын, масайрайтын жазғыштардың туы желбіреді. Олардан өнеге алған жан баққыш бауырлары көбейді. Не дейін...

Иә, менің қолымда қандай қайран бар? Жалғыз ғана күш – ұлы Абайдан, оның қадір-қасиетін аспандатқан Ахмет, Әлихан, Міржақып аталарымнан ұлағат болып ұласқан қасиетті қару – қаламға қол создым да, бар шерімді қойын дәптерге, одан соң өзім қызмет істеген «Бірлік» газеті мен «Арай» журналы арқылы елге жайдым. Билікке ондай ашық әңгіме алаңы болатын басылымдар өте ұнамайды екен, Қайнар курстасым бас редакторлық еткен «Бірлік» те бітті, Асқанбай ағам басқарып, өзім бас редактордың орынбасары болған «Арай» да шығуын тоқтатты. Барар жер, ішті буған әңгімені ақтарыла айтатын басылымдарға бардым. Ақша, айлық іздеп емес, жазғандарымды жарияласа екен деген оймен ат ізін салдым. Алайда ондай басылымдар өте аз еді. «Дат», одан соң «Солдат», оны жапқаннан кейін «Тас жарған», «Общественная позиция»...

Қалам ұстағандардың басты парызы елдің мұңы мен зарын жазу ғой деп, барымды салып жаздым. Қазіргі әңгіме жүз жасаған «Жас Алаш» жөнінде емес пе, сондықтан тек 2007 жылдан бергі исі қазақ үшін ғажап болған осы газетте бет-бет болып басылған мақалаларымның аттарын тізейін. Кәне, қадірменді оқырмандарым, менің жазбама бір сәт ой көзімен қараңызшы: «Қош бол, Қойшыбай!» (10.07.07) – бұл өзіне-өзі қол салған, колхоздың озат тракторшысы, бала досым туралы көзімнің ащы жасы тамшылап жазған жоқтау мақала, «Жүз жылдық жазалау» (06.11.07) – Ұлы Октябрь жеңісінен бермен қарай жүз жыл өтті, бұл қазақ не көрмеді, енді арайлы күн шығады деген оймен жазған толғақты дүние еді, одан кейін күллі қазақ құрмет тұтқан Ақселеу Сейдімбеков ағаға арналған «Ақасы еді қазақтың» (25.05.10), одан соң… Иә, майда-шүйдені аттап өтіп, ірілеріне көшсем, олар: 2012 жылдың еншісіндегі – «Алаш туын желбіреткен ағалар, кешіре көріңіздер...», «Қара тізім», «Халық алдында дәл қазір қазақ қаламгерлерінің жүзі төменшік болып тұр», «Бодандыққа түстің бе, қайран елім?!», 2013 жылы жарияланған «Мың мәселенің 999-ы бүркеулі жатыр» (29 қаңтар), «Қазаққа енді қантөгістің қажеті жоқ» (30 сәуір), «Тіл үшін күресе білейік немесе 126-шы тіл жанашырының жазбасы» (19 қыркүйек), «Қиянаттың қыл көпірінде» (12 желтоқсан), «Он тоғыз жыл өткен соң» (31 желтоқсан), 2014 жылы басылған «Алатау, сені аяймын...» (18 қыркүйек), «Жетімдік» (27 қараша), 2015 жылдың еншісіндегі «Бір өзі – бір әлем немесе Гераға жазып жүрген қазақ шындығы туралы» (15 қаңтар), «Саңыраудың астына түскендей сот болған» (28 маусым), «Алғыс пен қарғыс» (20 қазан), «Ұлт мәселесі және қазақтар» (5 шілде), «Қиын кесел» (10 желтоқсан), 2017 жылы жазған «Желтоқсан қазақтың жан жарасы еді...» (10 қаңтар), «Халқыңыз барда қамықпаңыз, аға!» (16 ақпан), содан газеттің басындағы бір дауға байланысты жазған дүниелерімді «ДАТ-қа» бердім де, артынан басшыларында нем бар, мыңдардың мінбері дейтін газет емес пе деп, 2019 жылы қайта араластым. Сондағы жер-жердегі қазақ бауырларымның ойына от берейін, жерге, елге, тілге жанашырлар көбейсін деген ізгі ниетпен бастыртқан қос мақалам: «Шеруде – өмір шындығы» (9 мамыр), «Сөз бен іс қабыспаса, бассыздық деген сол болады» (28 мамыр).

Иә, аяулы оқырман, мақтанып кетті дей көрмеңіз, қызық үшін қараңызшы, осы жазғандарыма айдарлап қойған тақырыптары-ақ не туралы екенін ашып тұр емес пе?! Айтарымды айттым, жазарымды жаздым. Бұл кәсіби журналистік міндетім еді, барынша адалдық таныттым. Былайша алғанда, шындығы сол шығар, қаламгерлік парызымды абыройлы атқардым. 2014 жылы ата жасы алпысқа толған күні Қазақстан жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде өткен мерейтойлық кездесуде әлгі материалдардың біразының басын қосып, «Айтпай қойды-ау демеңіз» деген кітабымның тұсаукесерін жасадым. Мені «жақсы көретіндер» де аз емес екен. Афиша қағазым сол қасиетті қарашаңырақтың кіреберіс бағанына ілінсе, артынша жұлынып қалады. Кім жұлады, білмеймін. Өзі, екі күн қалғанда, 3 мамырда жасатып ілдіртіп едім, қайтейін… Үлкен кінәні өзімнен, ащы тілімнен, ақиқатшыл ойымнан іздедім. «Әй, Талғат, қазақты тонаудан талмаған билікті даттап нең бар еді, оданша май жағып мақтасаң бәрі болатын еді ғой...» дедім. Артынша ауқымды залды әдемі сөз, айшықты ойларымен толтырған Ғаббас Қабышұлы, Қабдеш Жұмәділ, Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Мұхтар Шаханов, Уәлихан Қалижанов, Марат Тоқашбай, Бақтияр Сманов, Сәуірбек Рузитдинов, Доқтырхан Тұрлыбек, Молдағали Мәтқанов және басқа да ағаларымның жүрекжарды сөздерін естігенде көзіме күлкі үйірілді, жүзіме нұр жүгірді. Міне, осының бәріне даңғыл жол ашқан бір газет, бірегей басылым «Жас Алаш» десем, менің осы ойымды өтірік дейтін аузы қисық бір пенде шыға қояр ма екен?

Сонымен, газет жөніндегі әңгімемнің түйіндер кезеңіне жеткен сыңайлымын. Енді басылымның атына келейін. Сол бір алмағайып, аласүргін кезде Ғани бастаған аруақты аға буын өкілдері «Жас Алаш» демей-ақ, «Ленинская смена» деген секілді, «Лениншіл жас» деп қоя салмай, неліктен Алашты ауызға алды? Араға ондаған жылдар жүгіртіп, ақыры күллі қазақ қастерлейтін осы сөзді неліктен ауызға алды? Осының өзінде бүркенген бір сыр бар-ау деп ойлаймын.

Біз осы Алаш арыстарын аспандатып айтамыз да, діттеген қазаққа қатысты мәңгілік, мағыналық ойларын жүзеге асыра алмай ұятты болып жүрміз. Жүз жылдығын атап өтетін жастар газетінің соңғы 15 жылындағы тігіндісіне қарап еріксіз осылай дегім келеді. Бұл – қасиетті қазақтың, байлығымен бәтуәлі тірлік кешетін бүгінгі қазақтың мұңы мен зарына толы басылымдар.

Адамның өмірбаянынан жылдарын жұлып алуға, лақтырып тастауға болмайды. «Жас Алаштың» өмірі – сондай өмір, ол – қазақтың тағдыры. Сондықтан да елдің иығына жүк болған қиын кезеңдегі «Жас Алаштың» өзім білетін ұжымын түгендей кеткім келеді. Олар: Рысбек Сәрсенбай – газеттің бас редакторы, Әмірхан Меңдеке – ел өте жақсы білетін талантты қаламгер, бас редактордың орынбасары, Ерік Рахым, Сансызбай Нұрбаба – екеуі де жауапты хатшы болған, Сәлима Ысқақова, Меруерт Хусаинова, Елнұр Бақытқызы, Дәнеш Асқарбекұлы, Қуаныш Нұрданбай, Гүлзат Нұрмолда, Асылхан Әбдірайым...

Иә, арада уақыт өтеді. Заман өзгереді. Сол кезеңде кешегі Алаш арыстарын іздегеніміз секілді осы азаматтар жанкештілікпен шығарған «Жас Алаш» газетін де іздейтін болады.

Бұл – айдай ақиқат.

Тегтер: