Алаш баласы, ойланайық!

Бүгін асханада ас ішіп отырғанымызда ойнап жүрген бала жығылып қап, орнынан тұра алмады.
Америкада колледж оқыған немерем көмекке ұмтылып барып, тоқтап қалып, алыстан жұбатты. «Көтерсеңші жерден», – деп ем, жан-жағына қарады. Іле анасы да келді. Немерем маған өзінің тоқтап қалуының себебін: «Америкада жығылған баланы ұстауға болмайды (бала шетелдік еді). Ол бөтен семьяның ісіне қол сұғу болып табылады. Мүмкін, америкалық бала шығар», – деп түсіндірді. Сонда ыза боп: «Өйткен заңына болайын! Жығылғанға – сүйеу, сүрінгенге демеу болғанды жазалайтын», – дегенмін ішімнен.
Арада он сағат өтпей, енді, міне, өз елімде сондай заң қабылданғалы жатқанын біліп отырмын. Ұшынған, азғындыққа бастайтын, ата-ана мен баланың арасын арандататын заң. Қазақ менталитетіне мүлде қарсы заң.
Біздің баспасөз қайда? Соншама можантопай болып кеткеніміз бе? Халықтың талқылауына салмай, мұндай аяр заңды қабылдауға болмайды. Қандай астыртын ойлары болды екен, соны ұсынушы депутаттардан сұрау керек.
Алаш азаматтары! Атсалысыңдар! Бұл мәселе тікелей ұлттың тұтастығына қатысты. Абай айтқандай, «Атадан бала ойы өзге» ұрпақтың қалыптасуына жол ашады.