Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 18 Мамыр 2024

Алаш туралы миф пен махаббат

Алаш

Соңғы уақыттарда қазақ қоғамы Алашты жиі айта бастады. Алаш туралы фильмдер түсірілді, зерттеулер көбейді.

Мұны ұлттың іштей түлеуі, түп тамырын, ұлттық құндылығын іздеу деп түсінген жөн болар. Бірақ кейде осы Алашты әсірелеп айту да бар секілді. Тіпті бәріміз алашшыл, Алаш ұстанымындағы азамат болып көрінгіміз келетін секілді. Жалпы осы Алашқа деген қызығушылықтың сыры неде, біз Алашты қалай насихаттап жүрміз, бұл сұрақтарды алаштанушы ғалым Айгүл Ісімақоваға, журналист Болат Мүрсәлімге және әлеуметтанушы Серік Бейсембаевқа қойдық.

Айгүл Ісімақова
Фото: ашық дереккөз

Айгүл Ісімақова: Отанға, елге ақысыз, шенсіз қызмет етудің үлгісі – Алаш

Алаш саяси элитасы 1988 жылдың қараша айынан бастап ақтала бастады. Сөйтіп, 1989 жылдан бастап біз Әдебиет және өнер институты Алаш зиялыларының еңбектерін төте жазудан кириллицаға көшіріп шығара бастадық. Ал үш жылдан соң Міржақып Дулатұлы ақталды, себебі ол Әлихан Бөкейханнан да қауіпті саналды. Өйткені оның «Оян, қазағын» қазақтар, татарлар жатқа оқыды, ол тұтас түркі жұртын оятты. Біз сол 1990 жылдардан бастап Ахмет Байтұрсынұлының көп томдығын шығаруға атсалысып, оның ғалымдығын насихаттай бастадық. Сонда кейбір мүйізі қарағайдай академик ағаларымыз: «Совет үкіметіне қарсы шыққан Алашты біз неге насихаттаймыз?» деп, біздің әр мақаламызға қарсы пікір айтатын. Тіпті менің «Абайтану Әлиханның 1905 жылы Абай туралы жазған мақаласынан басталды» деген пікіріме «Әлихан саясаткер, ол абайтанушы емес» деп қарсы уәж айтты. Міне, осындай ғылыми жаңалықты осыдан 30 жыл бұрын кіргізе алмайтынмын. Кейбір ғалымдар «Алаш орысқа қарсы күресті, ал орыс біздің көршіміз, сондықтан Алашты зерттеу өнбейтін жоба» деп те айтты. Негізі біз онда алаштықтардың саяси күресін емес, ғылыми еңбектерін талдап, насихаттадық, бірақ соның өзінде үлкен қарсылыққа ұшырайтынбыз. Ал қазір бәрі басқаша. Соңғы бес жылда халық Алашқа бет бұрды. Бұған билік түрткі болған жоқ, халық өзі бет бұрды. Шынын айтқанда, осыған дейін 35 жыл бойы біздің билік бір адамды ғана мақтап келді. Тіпті билік «Алаш» деген сөзден қорықты. Алашқа қатысты кітаптарға, Алашқа қатысты ғылыми жобаларға шектеу қойылды. Сөйтіп 30 жыл Алаш деген сөз айтылмай келді. Әдетте біз тәуелсіздігімізді алдық, ғылымымызды жолға қойдық дейміз. Бірақ шын мәнісінде олай емес, 30 жыл бойы бір адамды насихаттады, жемқорлыққа жол бердік, оның ақыры «Бишімбаев сотына» алып келді. Ал Отанға, елге ақысыз, шенсіз қызмет етудің үлгісі Алаш элитасы, соны енді түсіне бастадық.

​ Қазір мектепте Жүсіпбек Аймауытов, Әлихан Бөкейхандар жай жазушы ретінде оқытылады. Олардың репрессияға ұшыраған, антиколониялық қозғалыстың басында тұрған тұлғалар екені мүлде айтылмайды. Жүсіпбекті сұрай қалсаң, «Ақбілекті» оқыдық дейді, бірақ оның қайраткерлігін білмейді. Тіпті Алаш қайраткерлерінің кейбірінің шығармалары оқулықта жоқ. Ерлан Сағадиев министр болып тұрған кезде алаштықтардың шығармаларының көбісі оқулықтан алынып тасталды. Көрдіңіз бе, осындай оқулықтан дым білместер шығып жатыр. Оның есесіне, «Міржақып. Оян, қазақ!» сияқты фильмдер жастардың санасын оятты, сөйтіп жас ұрпақ өздері Алашты іздей бастады.

​ Қазіргі ойлы, оқыған жастарға алаштықтар үлгі. Оларға «жемқор болса, біреуге жамандық жасама, өзіңе тілегенді өзгеге де тіле» деп айтсақ, оның нақты үлгісі осы алаштықтар. Соңымыздан ақылды, оқыған жастар өсіп келеді. Олар ең алдымен өз ұлтының рухани құндылықтарын іздейді, сонан соң барып Илон Маск болуды армандайды. Осындай ұрпақтың бойына Алаш ұстанған құндылықтарды сіңіре білуіміз тиіс. Жастар ең әуелі Алашты оқып, содан үлгі алуы қажет.

​Алаш саяси элитасының бағдарламасында «Қазақ қыздарының некесі он сегіз жасқа дейін қиылмасын, он сегіз жасқа толмаған қыздың некесін қиған жолдас сотталсын. Қазақ қызы он сегізге келген соң өз еркімен мемлекеттік мекемеде өз еркімен қол қойып, некеге отырсын» деп жазылған. Бұл – 1918 жылғы құжат. Ал Еуропада екінші дүниежүзілік соғыстан соң ғана Біріккен ұлттар ұйымы құрылған соң әйелдің құқығы қорғала бастады. Мұны неге айтып отырмын, қазір енді гендерлік саясат деп жүрміз ғой, мұны негізі алаштықтар баяғыда-ақ айтып кеткен. Жастардың Алашқа қызығатының бір себебі осында.

Болат Мүрсәлім
Фото: ашық дереккөз

Болат Мүрсәлім: Алаштықтардың бойындағы тазалыққа ұмтылатын сияқтымыз

Қазір Алаш тақырыбын айту, жазу, көрсету сол тақырыпта сөйлеу «мода» болды. 1990 жылдардың басында алаштықтар ақталғаннан кейін Алашқа деген шынайы бір іңкәрлік болды. Одан кейін бұл үрдіс басылғандай көрінді. Ал қазір қайта айтылып, жазыла бастады, Алашқа қатысты бірнеше сериалдар түсірілді. Сөйтіп елдің қайтадан Алашқа деген көзқарасы, ықыласы қайтадан ауып отыр. Алашты айтуда екі түрлі бағыт байқалады, біріншісі, Алаштың шын тарихын айту, екіншісі, Алашты әсірелеу, Алашты айтқанда өзі ойдан қосу, жоқ жерден мифтер шығару. Міне, осы нәрсеге адамның жаны күйеді. Шынын айтқанда, Алашты әспеттейміз деп артық кетіп жатқан тұстарымыз көп. Мұндай дүние алдыңғы буында да, кейінгі буында да бар.

​Бұрын мектепте Алаш зиялыларының еңбектерін жүйелі түрде оқытатын. Жүсіпбек, Мағжан, Ахмет, Міржақып бұлардың қай-қайсысы болсын, әдебиет сабағында оқытатын. Одан соң тарих сабағында да бұған мән беретін. Қазіргі мектеп бағдарламасында соның көбі жоқ сияқты. Әлде бар болса да дұрыс оқытылмай ма деп ойлаймын. Сол себепті жас ұрпақ (мектеп оқушыларын айтып отырмын) Алаш туралы дүниелерді TikTok-тан немесе фильмдер көріп, Алаш туралы біліп жатыр.

​ Қазір біз ақпараттық қоғамда өмір сүреміз. Осыдан 25-30 жыл бұрын мұндай емес еді. Анда-санда газеттен оқып, телеарналардан шағын ғана деректі фильмдерді көретінбіз. Ал қазір ақпарат көп. Бұл да Алашқа қызығушылықты оятқан болар.

​ Мен өзім Алаш туралы айтпауға, жазбауға тырысам. Алаш туралы ізденіп жүрсем де аз айтуға, аз жазуға тырысам. Өйткені беталды жаза беріп Алаштың қадірін кетіргім келмейді. Алаш сондай мөлдір, судай таза, олардың қайсысын айтсаңыз да сондай кіршіксіз, кірпияз, адал, бірін-бірі дос ретінде сатпаған тұлғалар. Мәселе олардың білімділігінде ғана емес, олардың парасатында, мәдениетінде, ішкі рухани тазалығында. Біз сол тазалыққа ұмтылатын сияқтымыз. Олар саяси күреске араласса да тазалықпен араласты. Ұлтқа, өзінің қоғамына деген шынайы махаббатпен араласты. Мағжанның бір өлеңі бар «Неге екенін білмеймін, сол шешемді сүйемін» дейтін. Яғни олар о заманда қатарластарының, замандастарының оқымаған күйіне, еш нәрседен хабарсыз хәліне соншама жандары аши отырып, кіршіксіз сүйді. Олардың осы Алашқа деген махаббатына өзіміз де ғашық сияқтымыз. Мүмкін біздің қоғамның қайта-қайта Алашты іздеуі – қазақ қоғамының тазалықты да іздеуі сияқты көрінеді. Мүмкін бұл сөзім шалқыма сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде мен солай ойлаймын.

​ Бізде Алаш туралы зерттеулер көп. Бірақ академиялық терең зерттеулер бәрібір аз. Әрине, жекелеген тұлғатану тұрғысынан, деректану тұрғысынан, портрет тұрғысынан жақсы. Ал тұтас кезеңдерді құбылыс ретінде қарау, мысалы, Алаштың автономия құруға ұмтылысы кезіндегі, Алаштың қозғалыс кезіндегі демократиялық жолды таңдауы, Алаштың Совет үкіметі орнағаннан кейін астыртын болса да ішкі қарсылықпен жұмыс істеу кезеңін қорыту сияқты, осы құндылықтарды философиялық тұрғыда қайта қарау, олардың әкелген жаңалықтарын сараптау, осы сияқты үлкен еңбектер аз. Егер осыны істей алсақ, біздегі насихат та дұрыс бағытқа шығатын ба еді деп ойлаймын.

Серік Бейсембаев
Фото: ашық дереккөз

Серік Бейсембаев: Тәуелсіз жылдардағы саяси тұлғалардан жұрттың көңілі қалды

Алаш тақырыбы, Алаш орда лидерлеріне қатысты қызығушылық қоғамда артқандығын байқауға болады. Әрине, жаппай қызығушылық артты деп айта алмаймыз. Алайда қоғамның ең белсенді интеллектуалды қауымдарының ішінде Алаш мұрасын зерттеуге арналған кітаптар шығып жатыр, әртүрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Сосын Алаштың символикалық маңызының артқандығын көреміз. Мұны әр жерлерге Әлихан Бөкейханның фотосының салынуынан байқауға болады. Бұнда Әлиханды ұлтты ұйыстырушы тұлға ретінде тануға деген талпыныс сезіледі. Қазір қоғамда өзіміздің кім екенімізді анықтау процесі жүріп жатыр. Бұл негізі тәуелсіздік алғаннан бері басталған процесс еді, бірақ соңғы он жылдың ішінде үлкен серпіліс бар. Өйткені жаңа буын өсіп жетілді. Бұл буын қазақ тілді, әрі өзін тікелей қазақ мемлекеттілігімен байланыстырады. Сәйкесінше, олар өзінің кім екенін қазақ тарихынан іздейді. Міне, осы ұрпақ үшін алаштықтарды қазақ тәуелсіздігінің, қазақ егемендігінің негізін қалаушы деп түсінеді.

​ Алашқа қызығудың тағы бір себебі – тәуелсіз жылдардағы саяси тұлғалардан жұрттың көңілі қалғандығын білдіреді. Ел басынан бастап, одан соңғы түрлі саяси партиялардың жетекшілері сияқты адамдардың рөліне қатысты сыни пікірлер көп айтылды, мұның ақыры жұрттың көңілін қалдырды. Осыдан соң қоғам «бізде бұдан басқа кім бар еді?» деген сұраққа жауап іздеді. Бұл сұрақтың жауабын Алаш ордашылардың еңбегі, өмірі, қайраткерлігінен тапқан сияқты. Олардың күрескерлігі көп адамдарға үлгі болған секілді.

​ Алаштың насихаты туралы айтқанда әуелі тарихи саясаттың сапасы жайында айтуымыз керек. Біз қаншалықты өз тарихымызды дәріптеп, ұлтты ұйыстыру жағында оны қаншалықты пайдаланып жатырмыз. Мұнда мемлекеттің саясатына қатысты айтылатын сын көп. Тарихи шындықтың әлі толық ашылмауы, әсіресе Алашорда, одан кейінгі ашаршылық, репрессия кезеңі осы тақырыптардың бәрінен мемлекет айналып өтіп, оны жылы жауып қойғысы келеді. Мұндағы негізгі мәселе – мемлекеттің еш нәрсені бүкпей, барды бар деп көрсету және соның қоғамда кең талқылануына мүмкіндік жасау. Бұл ең алдымен мектептегі оқулықтардан басталады. Одан бөлек, мұражайлар, ескерткіштер, мемориалды комплекстер, түрлі деректі, көркем фильмдер арқылы дәріптелуге болатын еді. Бірақ бізде Кеңес өкіметі кезіндегі саясаттың салқыны әлі сезіледі. Бізде әлі күнге дейін демократиялану жүріп өткен жоқ, Ресейдің ықпалы басым, сол себепті бұл тақырыптар беті ашылып айтылмайды. Бұл тұрғыдан алдағы уақытта мемлекеттің саясаты жанданып кетеді деп аса үміт артпаймын. Өйткені саяси жүйе өзгермей, бұл тақырыпқа деген ұстаным өзгермейді. Ол үшін осы тарихи шындықтың ашылуына мүдделі болатын саяси элита келуі тиіс.

​ Алашты дәріптеуде кім айтқанына және оны қалай айтқанына баса мән беруіміз керек. Мысалы, парламенттің бір депутаты күнде осы мәселені көтере берсе, ол, әрине, жұртты жалықтырады. Ал егер бұл жөнінде ғалымдар, тарихшылар, мәдениет өкілдері, саясаткерлер сөйлесе бұл, керісінше, біздің бұл тақырыпты түсінудегі түсінігімізді тереңдетуге ықпал етеді. Пікір қайшылығы жаңаша ұғым қалыптастырады. Керісінше, бізге осы жетіспейді. Мен тіпті Алаш туралы фильмдердің көбірек шыққанын және бір-біріне қарама-қайшы болғанын қалар едім. Себебі осы арқылы біз қоғам ретінде тарихи шындықты ашуға атсалыса аламыз. Мемлекет қашан бізге шын тарихымызды жазып береді деп күтіп отырсақ тағы отыз жыл күтуіміз мүмкін. Алашты зерттеп, қоғамға насихаттап жүрген азаматтардың әрекеті арқылы біз өзіміз Алаш тақырыбын жаңа қырынан ашпасақ, жаттанды, таптаурын болған көзқарастардың шырмауынан шыға алмай қаламыз.

Дайындаған

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ