«Алашорда» аксиомасы немесе Қазақстанға ұлттық-либералдық қозғалыс неге керек?

Елімізде Алашорданың 100 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар қолға алынып жатыр.
Бұл өзі қуанарлық әрі қолдауға лайық іс. Шынын айту керек, большевиктік болмыс билеген 70 жылда бұл тақырып жабулы күйінде қалып келді. Тыйым салынып қана қоймай, коммунистік жүйе үшін аса қауіпті идеология ретінде саналды.
Сол ауыр айып тағылған қаншама адам нақақтан-нақақ күйіп кетті. «Балақтағы большевик бит басқа шығып», нәтижесінде «пролетарлық интернационализм» деген идеологиялық химера төрге озып, «ұлтшыл» деген объективті түрде орынды әрі прогрессивті ұғым сатқындық пен мемлекет мүддесіне қарсы шығумен пара-пар аса зор қылмыс болып саналып, сондай пайым қоғамдық санаға түпкілікті орнап қалды. Соның әсері ме, бүгінде базбіреулер «ұлтшылмын» деп айтудан қашып, «ұлтжанды» деген солқылдақ балама тауып алып жүр.
Қазақ тарихының ең бір тағылымды әрі трагедиялық кезеңі туралы әңгіме 1991 жылдан кейін де жөнді өрби қоймады. Алашорда туралы жұмған аузын ашпаған советтік идеологияның сарқыншақтарынан тәуелсіздік алған Қазақстан билігі бірден арылмады. Тек соңғы кезде ғана Алаш тақырыбы ресми түрде мойындалып, қолға алына бастады.Мұның да өз себебі бар: батпандап кірген нәрсе мысқалдап шығады. Догматикалық дәуірде туып-өсіп, жалған, таптық құндылықтарды бойына сіңіріп, бөлек каста ретінде қалыптасқан белсенділер әлі де билік басында отыр. Олардың жеке бастық ностальгиясы, кешегі жүйені аңсап, қол үзгісі келмеуі қоғамдық-саяси реңк алып, мемлекеттің жалпыадамзаттық даңғыл жолмен дамуына кедергі болып отыр.
Сондықтан да 26 жыл бойына Алашорда тақырыбы ашық айтылмай, тұмшаланып келді. Енді, міне, тарихи әділеттік орнап, Алашорда өз тұғырына қайта орнығып жатыр.Әрине, Алашорда тақырыбы бір мақаланың қалыбына сыймайды, сондықтан да менің мақсатым – шектеулі ғана, яғни осы мерейтойдың өту барысына қатысты бірер ой тастау.
Біріншіден, қарап отырсақ, әлі де науқаншылдық пен ескі, заманы өткен формаларды пайдалану жағы басым. Қаптаған «домалақ үстелдер» мен қатысушылары аз конференциялар, асып кетсе ас беру. Шенеуніктік есеп үшін атқарылып жатқан дүниелер іспеттес, жансыз да жасанды формализм. Қайтесің, кеше Лениннің 100 жылдығын атап, машықтанып қалған жауапты қызметкерлер «ауру қалса да, әдет қалмайдыға» басып жатқан сыңайлы. Меніңше, Алашорда секілді асқан креативті идеяны сол дәрежедегі креативпен насихаттау керек. Әйтпесе көне тәсілдермен бұл идеяға жаңаша серпін бере алмаймыз.
Тағы бір байқағаным, Алашорда идеясын насихаттау барысында осы тарихи құбылыстың мән-жайына бармаған, тіпті сол үкіметтің тұғырнамалық құжаттарын оқымаған дилетант дөкейлер жаттанды да жауыр түрде жалпыламалап жатады. Ақырында Алашорда туралы екінің бірі сөз бастап кетті. Әрине, әркімнің өз пікірін білдіруге толық құқы бар, бірақ осы ұлы идеяның тереңіне бармай, түпкі мәнін түсінбей, қызыл сөзге салынып, үстірт сөйлеушілер көбейіп кетті. Одан асқан антинасихатты көз алдыңа елестетудің өзі қиын. Мұндай жартыкеш білімді пайымдар мен көзқарастардың пайдадан гөрі зияны көп. Соны тыйсақ.
Бұл «Алашорда секілді ұлы идеяның спикерлері кім бола алады?» деген мәселені көтереді. Әзірше бұл бағытта да олқылықтар шаш етектен: кейде беделі жұрдай шенді Алаш тақырыбын мінбеден қозғап, көсемсіп, елге ақыл айтып жатқанда Әлекең мен Ахаңдардан ыңғайсызданып, жерге кірер тесік таба алмай қаласың. Жер-жерде іс-шаралар өтіп жатқаны дұрыс-ақ. Бірақ, меніңше, Алашорданың 100 жылдығы секілді атаулы дата президенттің тікелей қатысуымен өтуі керек. Мұның өзі мемлекеттік саясаттың түбегейлі алаштануға бет бұрғанының жарқын көрінісі әрі дәлелі болар еді. Биліктің ішінде Алашорда идеясына іштей қарсы болып жүрген шенділерге, қала берді, қоршаған әлемге мықты сигнал болар еді. Әйтпесе «Алашорда идеясының қайта жаңғыруына Кремль қарсы, сондықтан біздің билік те бұғып қалып жүр» деген алыпқашпа әңгіменің жаны бар екенін ел сезіп қалады. Ондай лақап пен атақ билікке керек пе?!
Әрине, Алашорда идеологиясы, оның дүниетанымдық, теориялық аспектілері терең-терең ғылыми зерттеулер мен монографиялардың арқауы болып жатыр. Бірақ оның бәріне қатардағы адамдар бойлай бермейді. Сондықтан да Алашорда идеяларын қалың жұртшылыққа, соның ішінде басқа ұлт өкілдеріне ұғынықты түрде танымал ету мақсаты да алдымызда тұр.
Алашорда жетекшілері туралы қалың оқырман іздеп жүріп оқитын көркем шығармалар неге жоқтың қасы? Арыстарымыздың қоғамдық-саяси бейнесі ғана паш етіліп қоймай, адами образдары ашыла түссе, олардың өмірбаяндары мен ұстанымдарына деген бұқара қызығушылығы арта түсер еді ғой. Баспа мен телеарна ісіндегі мемлекеттік тапсырысты осыған жұмсамағанда, қайда жұмсаймыз?!
Орта мектептен бастап, арнайы «Алаштану» пәнін енгізу міндеті де өзекті болып тұр. Тәуелсіздік, ұлттық мүдде мұраттарын жастайынан бойына сіңірмеген ұрпақ – тұл. «Өз-өзін танығысы» келетін адам алдымен өз ұлтын тануы керек емес пе?!
Осы жерде бір маңызды нәрсені айтқым келеді: өз басым Құдайдан басқаны (тұлғаны не идеяны) абсолюттендіруге үзілді-кесілді қарсымын. Сондықтан да Алашорда өкіметі нақты кезеңде, яғни XX ғасырдың басында, нақты тарихи жағдайда, яғни Ресей империясына тәуелді тұста дүниеге келгенін ұмытпауымыз керек. Бұл дегеніңіз – оның саяси бағдарламасы нақ сол кезең мен жағдайды ескерген нақты, өз заманының сұранысынан туған құжат болды деген сөз. Сондықтан да оның кейбір тұстарын тарихи объективизм тұрғысынан қарастыруымыз шарт. Алашорда идеяларын XXI ғасырдың жаңаша талаптарына сәйкес, Қазақстанның геосаяси және ішкі жағдайына лайықтап, шығармашылық жағынан дамыту – біздің ұрпақтың тарихи міндеті әрі парызы. Ондай жұмысты атқара алатын тегеурінді күштер мен тұлғалар бізде бар.
Көпшілік Алашорда секілді феноменді тек қазақ ұлтына ғана теліп қойып, ғаламдық тұрғыда шектеп тастап, қарастырғысы келеді. Бұл кесірлі көзқарас. Меніңше, Алаш топырағында туған бұл бастамаға адамзаттық, өркениеттік тұрғыдан да баға беріп, қазақ халқының әлемдік ұлтаралық жағдайдың бірқұрамдас, ажырамас бөлігі ретінде қабылдау қажет. Мәселен, адамзат тарихының әртүрлі кезеңдерінде болған ұлт-азаттық қозғалыстар мен серпілістер арқасында шынайы тәуелсіздікке қол жеткізген елдердің, соның ішінде кешегі постсоветтік республикалардың қилы-қилы тәжірибесі ескерілсе игі болар еді. Ондай мысалдарды әлемнің кез келген түкпірінен табуға болады. Сонда Алашорда идеясы одан сайын асқақтай, айбарлана түсер еді. Оны осы күнге дейін қабылдай алмай келе жатқан көптеген ішкі және сыртқы жаулар да жалпыадамзаттық тенденция мен қисын алдында мойындар еді.
Сосын Алашорда құндылықтарын, негізінен, қазақ баспасөзі қызу талқылап жатыр. Яғни тағы да өз қазанымызда өзіміз қайнап жатырмыз. Орыстілді ақпарат құралдарының біразы не мүлдем үнсіз қалды, не құлықсыздық танытып, зорлықпен жазғандай күй танытып жатыр. Олардың тірлігіне қарап осы мерейтоға бойкот жариялаған ба деп қаласың. Ал сол баспасөз бен телеарна денінің құрылтайшысы үкіметтің немесе сол үйге жақын жүргендердің өзі емес пе?! Бірізді идеология қайда қалғаны сонда?!
Әдебиет теориясы мен психологияда, кейін – қоғамдық өмірде «катарсис» деген термин бар. Түп мәні «тазару» дегенге саяды. Меніңше, біздің қоғам мен билікке осындай катарсис керек, яғни совет дәуірінде орын алған барлық идеологиялық қателіктерден біржолата арылып, тазару қажет. Ол үшін осы күнге дейін біраз адамға құбыжықтай болып көрініп келе жатқан Алашорда идеялары саяси жағынан реабилитациялануы тиіс. Ақталуы тиіс, ақталуы емес, мақталуы тиіс. Сонда біз тарих пен осы идея жолында өздерін құрбандыққа шалған арыстар алдында таза боламыз. Билік қолынан келсе, сондай құжат шығарсын.
Мұның өзі қоғам мен өкіметті десоветтендіруге, декоммунизмдендіруге алып келеді. Мәселен, біздегі коммунистер неге Ленин-Сталин және басқа да басшылар кезіндегі жасалған қылмыстары үшін өз партияларының атынан елден кешірім сұрап, олардың мұрасынан бас тартпады?!
Осындайда ашық пікір айтқанды түрмеге тыққысы келетін биліктің қылығына таңғаласың: бір жағынан, осыдан бір ғасыр бұрын пайда болып, қоғамдық сана мен патшалық, буржуазиялық, большевиктік режимдерді дүр сілкіндіріп, шайқап жібере жаздаған Алашорда идеясын дұрыс деп санап, екінші жағынан, қазіргі күні ұлттық сананың қайта оянуына атсалысып жүрген, сол идеяларды ұстанып, билікке ашық сын айтып жүрген ұйымдар мен тұлғаларды тәрк ету қисынды ма?! Шынымен «алашордашыл» болғысы келсе, өкімет осы әдетінен бас тартуы керек.
Елде өркениетті саяси өмір дәстүрін қалыптастыру, Конституция мен заңнама аясында әрекет етуге дайын демократиялық оппозицияның қалыптасуына жан-жақтан кедергі жасамай, балама ой иелеріне мемлекетті басқару ісіне араласуға мүмкіндік беру де Алашорданың негізін қалаушылардың алдындағы бір парыз. Олай болмаса, мемлекеттің даму кезеңдерінде Алашорда секілді жаңа қозғалыстар қайдан пайда болмақ?!
Бізде не көп, мемлекеттік мерекелер көп! Солардың ішінен неге бүкіл халық болып атап өтетін Алашорданың құрылған күні табылмаған? Кезінде қоғам тарапынан сондай бір ұсыныс та болып еді. Ол – біздің баршамыздың тарих алдындағы парызымыз. Сан ғасырлық Қазақ елінің дамуына жаңа екпін беріп, Кеңес империясының боданы болуға ашықтан-ашық қарсы шығып, дербес мемлекет ретінде жаңаша құруға өмірін арнаған асыл арыстарымыздың алдындағы әлі де өтелмей келе жатқан парызымыз.Мерейтой өткізуге машықтанып алдық емес пе? Алашорданың 100 жылдығын да өйтіп-бүйтіп, жоғары жаққа әдемі ақпарат беретіндей атап өтерміз. Сосын не істейміз? Тақырыпты жылы жауып қойып, тағы бір мегажоба-мерейтойға дайындала бастаймыз ба?
«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан». Бұл мақалды осы мерейтой тұсында айтпағанда қашан айтамыз?! Меніңше, осынау ғасырлық датаның нақты, көзбен көріп, қолмен ұстайтындай бір нәтижесі болуы тиіс. Яғни осы күнге дейін тарих сандығында шаң басып жатқан ұлы идея ендігі жерде өзінің нақты көрінісін табуы керек.Ол үшін Қазақстанға ұлттық-либералдық қозғалыс қажет.
Ұлттық идея мен еркін де азат қоғам мұраттары қазірде мейлінше өзекті. Қолдаушылары көп, әсіресе жастар «берсе қолынан, бермесе жолынан» деп құлшынып, осы бағытта ерекше белсенділік танытып жатыр. Еркін қоғам идеясын өз басы еркін адамдар ғана насихаттай алады. Қоғам санасын алаштандыру миссиясын қатып-семіп қалған ресми идеология және оның ескіні әлі де аңсап жүрген кадрлары атқара алмайды. Жұртшылықтың шенеуніктік қауымға сенімі жоқ, олардың үгіті мен насихаты шын мәніндегі ұлттық идеяны жаңғырта алмайды.
Бұл міндетті тек қана халық сеніміне ие, қалың жұртшылықтың өз ішінен табиғи түрде шығып қалыптасқан, бүкіл елге қанат жайған беделді қоғамдық құрылым ғана атқара алады.
Шиеленіскен геосаяси қоршауда өмір сүріп жатқан біздің билік үшін де осындай ықпалды ұйымның болуы белгілі дәрежеде саяси маневр жасап, ұлттық мүдделерді күн тәртібіне шығарып, тиімді қорғауға мүмкіндік берер еді. Бірақ ондайды соншалықты терең әрі ұзақ мерзімге салып ойлайтын біздің стратегтер қайда дейсіз…Алаш идеясы біздің тарихымыз екенін күні-түні талмай айтып жатырмыз, ол идеологема санаға сіңген секілді.Енді «Алаш идеясы – біздің болашағымыз!» деген тұжырымды қоғам мен билік болып қолға алуымыз керек.