Алашорданың туы жасыл болған ба?
"Діни сөздер жазылған жасыл түсті туды қазір таратып жатқандар көп. Сондықтан, туға қатысты ақпаратты тексеріп көрдік" деп жазады Әшкере telegram каналы.
Ту жасыл түсті, "Жасасын Алаш автономоиясы!" деген жазуы бар. Ал орта тұсында «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед ﷺ оның Елшісі» деген араб тіліндегі жазу бар. Бұл ту қазіргі таңда Семейдегі музейде ілулі тұр.
Алайда, бұл автономия туы емес, «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметінің туы делінеді. Сол кезде Қазақстанның батысында құрылған үкіметтің атты әскері осы туды көтерген деген дерек бар. Бұл уақытша үкіметті Жаханша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов және тағы басқа тұлғалар құрған.
Тарихшы ғалым Тұрсын Жұртбай Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол тайғақ кешу» романындағы деректі келтіреді. Осылайша ол Алаш автономиясының туы жасыл түсті болған деп тұжырым жасайды.
Жасыл ту Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» де айтылады: «Залдағы қызыл тулардың арасына, Досмұхамметов басқарған алаш үкіметінің құран сөздерімен əшекейленген жасыл туы жайыла ілініпті...» - делінеді «Мейірімсіздік» деп аталған тарауында.
Бірақ ғылымда Алашорда туына қатысты пікірлер әр алуан. Мысалы, алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлұлы былай дейді: «Сибирская жизнь» газеті Әлиханды әскер қолбасыларының қарсы алғанын жазған. Онда, қазақ әскерлерінің туы ақ түсті екенін, «Алла жар болсын!», «Алаш автономиясы жасасын!», «Құрылтай жиналысы жасасын!» деген сияқты сөздер жазылғаны туралы дерек бар».
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Тарих ғылымдарының докторы, Кеңес Нұрпейісов 1918 жылғы "Сібір сөзі" газетінде басылған мәліметтер негізінде Алаш автономиясының туы ақ болғаны жөнінде деректер ұсынған.
Алашорда туының ақ түсті екеніне Халел Ғаббасовтың «Қазақ елі өз алдына Алаш атты партиясын құрып, Абылайдың ақ туын қолға алғалы, міне, бір жыл толды» деген сөзі де дәлел.
Алайда, мұның бәрі романдарда, мінберде айтылған сөзде екенін аңғарамыз. Ал бекітілген, мемлекеттік рәміз ретінде келтірілген құжаттама жоқ. Демек, Алашорда туының түсі жасыл болды дегенге дәлел жоқ. Ғалымдар оны Ресейдің архивінен іздеу керек дегенді айтады.