Алаштанудың алтын ұясы — Шәкәрім төрінде
Ертеден Алаш жұртының астанасы атанған, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "еліміздің тарихи орталығы" деп таныған Семей қаласында ұрпаққа тағылым болар бірқатар тамаша істер жүзеге асты. Атап айтқанда,
Шәкәрім университетінде «The turning point: Білім мен руханияттағы бетбұрыс» атты кең ауқымдағы шара аясында бүгінгі күн талабына сай жаңартылған білім және ғылыми кеңістіктер кешені ашылды. Жоғары оқу орнындағы білім беру процестерін дамытудың бағыттары жан-жақты қамтылатындығын студенттер қауымы жақсы біледі.
Соның бір жарқын көрінісін, шоқтығы биігін Шәкәрім университетінде алаштанудың негізін салған ғалым, кеңқұлашты қаламгер, ұлт құндылығын ұлықтаған ұстаз Тұрсын Жұртбайдың атындағы дәрісхана ашылғанынан көруге болады.

Алдымен Қарағанды қаласындағы "qasymkitap" баспа үйінен жарық көрген кітаптар кеңінен таныстырылды. Бұл шараға арнайы келген осы баспа үйінің басшысы Бек Русланұлы Шәкәрім университетінің ректоры – Басқарма төрағасы Думан Орынбековке игілікті бастамаға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіре келе қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Мағауиннің 26 томдық шығармаларын тарту етті.
Құнды кітаптарымен танымал баспа үйінің университеттен арнайы бұрышының ашылуына "Түйешінің қызы" атты кітабы осы баспадан шыққан жазушы Тұрсын Жұртбай, тарих ғылымдарының кандидаты, ғалым Амантай Исин қатысып, лентасын қиды. Еңселі қабырғаны түгел қамтыған бұрыш сөрелерінен жаңа үлгіде басылған А. Байтұрсынұлы, М. Дулатұлы, Ғ. Мүсірепов, Б. Соқпақбаев тағы да басқа қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің туындылары және шетел жазушыларының көз тартады. Сөз жоқ, бұл осы оқу ордасында білім алатын студенттер үшін таусылмас құнды қазына болары анық.
Бұдан кейін Инклюзивті білім беру ресурстық-даму орталығы, бірнеше дәрісханалар кеңінен таныстырылды.

Білім берудегі бетбұрыстың ең айтулы сәті филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың атындағы «Алаштану» дәрісханасының ашылуы болды. Аталған дәрісхана ғалымның шәкірттері – жас зерттеушілердің бастамасымен толық жөндеуден өткізіліп, заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған.
«Жыл басының осындай игі істермен, шынайы қуанышпен басталуы – үлкен жақсылықтың нышаны. Бүгін бір ғана оқу ғимаратының өзінде бірнеше маңызды бастаманың жүзеге асқанына куә болып отырмыз. Бұл – тек инфрақұрылымдық өзгеріс емес, университет рухының, ғылымға деген құрметтің, ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастықтың айқын көрінісі. Бұл дәрісхана бір адамның атымен аталса да, мыңдаған студенттің санасына ғылымға деген құрмет ұялататын, мыңдаған жастың болашағына қызмет ететін қасиетті кеңістікке айналуы тиіс»,-деді университет ректоры Думан Рымғалиұлы.
Тарихтың талай ақтаңдағын архивтерде көз майын тауысып, жарыққа шығарған Тұрсын Жұртбайдың шығармашылығы, ұлттық танымды байытудағы, әсіресе, Алаш қайраткерлерінің жоғын түгендеп, тұлғалық болмысын айқындаудағы қажырлы еңбегін көзіқарақты қауым өте жақсы біледі. Дәрісхананы сан қырлы талант иесінің 75 жас мерейтойына тарту ғана емес, кейінгі толқындағы шәкірттер үшін алаштанудың алтын ұясы деуге әбден болады.
Алаштану тақырыбында тынбай ізденіп жүрген журналист һәм ғалым Заңғар Кәрімхан ұстазы туралы тебіренісін былайша жеткізді.

- Адамзаттың даму тарихында ұлы ойшылдар, ғұлама данышпандар ғылым сөзін сөйлеу арқылы өркениеттің тегершігін алға жылжытқан. Барлық дамудың, гүлдену мен өркендеудің алтын сандығы – ғылым. Осындай ұстанымдағы Шәкәрім университеті соңғы жылдары ғылым мен руханиятты үйлестірген тың бастамаларға жол ашып келеді. Соның нақты айғағы ретінде ғылыми орталықтар, зерттеу жобалары мен танымдық алаңдардың іске қосылуына куә болдық. Осы игі істердің шарықтау шегі деп көрнекті әдебиеттанушы ғалым, көркем ойлы кемеңгер жазушы, профессор, біздің ұстазымыз Тұрсын Жұртбайдың Алаштану аудиториясының ашылуы болды.
Дәріс залы заманауи өзгеше бір қалыпта, мультимедиялық сипатта жабдықталды. Тың жобаларға үнемі қолдау көрсететін университет басшылығына, ректор Думан Рымғалиұлына алғыс білдіреміз. Бұл аудиторияны жоба күйінен бастап іске шынайы жүзеге асырған Асем Әленқызына, Қарлығаш Әділханқызына, Ұшқын Сайдрахманұлына және әріптесім Елдос Тоқтарбайға да орта мақсатқа жұмыла кіріскені үшін алғыс айтқым келеді, -дейді қазақ әдебиеті мен тарихын инфографикалық форматта жаңаша сөйлетіп жүрген Заңғар Кәрімхан.
Салтанатты рәсім барысында университет ректоры Думан Орынбеков профессор Тұрсын Жұртбайға құрмет көрсетіп, «Шәкәрім» медалімен марапаттады.
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,
Семей қаласы