Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:40, 26 Сәуір 2024

Аласталғандар

Тасмағамбетов, Шөккеев, Нығматуллин
Фото: из открытых источников

Қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің саяси сахнасынан біраз шенеуніктер ғайып болды. Кезінде өзін екінші Назарбаев сезінген Нығматулин де, экс-премьерлер Асқар Мамин мен Бақытжан Сағынтаев та бұл күнде көзге көп түспейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанынан орын табылмаған лауазымды шенеуніктер қазір қайда жүр? Біз «экс» атанған ескі басшы кадрлардың бірсыпырасына іздеу салдық.

Экс-премьерлер Асқар Мамин мен Бақытжан Сағынтаев

1987 жылы алғашқы жұмысын «монтажниктен» бастаған Асқар Мамин арадан бір жыл өтіп, Целиноград облыстық атқару комитетіне партиялық қызметке тұрады. Содан кейін әртүрлі ұсақ басшылық қызметтерді атқарып, 1996 жылы Астана әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалады. Орынбасарлықтан соң мемлекеттің жауапты түрлі қызметтерінде «креслодан» түспеді. 2019 жылы Назарбаев дәуірінде премьерлікке тағайындалды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кетті. Премьерліктен отставкаға кеткенімен, ол Qazaq Geography үкіметтік емес ұйымының төрағасы қызметін сақтап қалды. Асқар Мамин Қаңтар оқиғасынан кейін жұртшылық алдында бір жыл көрінбеді, тек былтыр сәуір айында Ташкентте хоккей чемпионатының жабылу салтанатында бой көрсетті. 2022 жылғы қаңтардан кейін ешқандай ресми қызмет істемеген экс-премьер биыл ақпан айының соңында Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті болып сайланды. Бұл оның үкіметтен кеткеннен кейінгі бірінші қызметі. Оған дейін әне ұсталады, міне ұсталады деп жүрген ел осыдан кейін оны жаңа билікпен жақындасып кетпесе де, тіл табысқанын түсінді.

Оны ел есінде бір ісімен қалды деп айту қиын. Билік кезінде де оның бар-жоғы білінбеді, қызметтен кеткесін де оны ешкім іздеген жоқ. Оның қызметі кезінде мемлекеттің ішкі өнімі тек 1 пайызға ғана өсіп, «минусты» премьер деген де атқа қалды. Тіпті қазақшаны қатырмаған экс-премьер 2019 жылдары «таңғы сағат төртте тұрып қытай тілін үйреніп жүрмін» деп айтып қалып, елдің күлкісіне қалғаны тағы бар. Түптеп келгенде, Мәсімовтің сыныптасы президент ауысқан соң Қаңтар оқиғасына дейін «Кітапхана» мен Ақорданың арасында мәңгі жүре берердей көрінген Маминнің де басынан дәурен тайды.Ақордадан алыстаған экс-премьердің тағы бірі – Бақытжан Сағынтаев. Ол мемлекеттік мансапта «ер төстіктей» өскен шенеунік. Бір қызметте ұзақ тұрақтамаған. 1998 жылы туған жері Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалғаннан бастап түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Ал 2016 жылдың қыркүйегінде премьер-министр болып тағайындалды. 2,5 жылдық қызметі кезінде экономика мен банк секторындағы жағдай ушықты. Миллиардтаған ақша ұрланды. Бұл үшін сол кездегі президент Сағынтаев басқарған министрлер кабинетін «қорқақтар» деп атады. Көп өтпей, міндетін орындай алмаған үкімет отставкаға кетті. Бақытжан Сағынтаев премьер-министр кезінде БАҚ беттерінде оның күйеу баласы делінетін Qazaq Banki акционері Бақыт Ибрагим 50 млрд теңге қаржы жымқырды деп айыпталды. Кейін оның бірқатар шетелдегі мал-мүлкі тәркіленді. Бейресми ақпараттарда Бақыт Ибрагимді Сағынтаевтың «әмияны» деп те атайды. Бірақ оған қатысты Сағынтаевтар әулеті қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Сағынтаев премьерліктен босағанда экс-президент туралы «Елбасымыз мемлекетіміздің негізін қалаушы тұлға, ол барлық уақытта дұрыс шешім қабылдайды» деп риза кейіпте кетті. Содан кейін көп өтпей, Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Қаңтар оқиғасы кезінде оның медиа алаңнан жоғалып кетуі алматылықтардың наразылығын тудырды. Шенеунікті тәртіпсіздік кезінде «қашып кетті» деп айыптаған жұрт оның қызметінен кетуіне қатысты петиция жариялады. Көп өтпей, Сағынтаев қызметінен алынды. Одан кейін шенеунікті «Жамбыл облысына әкім боп барады немесе Ресейге елші болады» деген сыбыстар тарады. Бірақ ол алдымен Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының мүшесі, содан кейін төрағасы болып тағайындалды. Биыл ақпаннан бастап қызметіне ресми кірісті. Қаңтардан кейін «изгойға» айналғандар арасында Сағынтаевтың бәсі жоғарылау деуге болады. Өйткені оны жақында ғана Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезек қабылдады.

нигматулин

Еліктегіш Нығматулин

2022 жылы 1 ақпанда өз еркімен мәжіліс төрағасы қызметінен кетті. Жалпы, Нұрлан Нығматулин бұл қызметке 3 рет сайланып, 10 жыл мәжілісті басқарды. Ол өзін Назарбаевтан кейінгі екінші адамдай ұстады. Соның әсері болу керек, экс-президент сияқты мәжіліс басқосуында министрлерге, өзге үкімет мүшелеріне, депутаттарға дауыс көтере сөйлеп, кекетіп, тіпті ұрысып алып отыратын. Бір ғана мысал айтайық, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевты «жоспарың дұрыс емес» деп, жерден алып, жерге салғаны бар. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға «кеңседе отыра бермей халықтың арасына бар» деп «тапсырма» берсе, 2021 жылы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев заң жобасын таныстырғанда «мұндай жобаны қандай министр әкеліп отыр» деп мысқылдағаны бар. Одан басқа да сөгіс жариялаған, зеки сөйлеген кездері аз емес.

Қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев БАҚ-қа берген сұхбатында Нұрлан Нығматулинді елдегі жаппай тәртіпсіздікке қатысы болуы мүмкін деген еді. Бірақ бас прокуратура «мәжілістің бұрынғы спикері Нығматулинге қарсы қылмыстық іс жоқ» деп мәлімдеді. Нұрлан Нығматулиннің қазір қайда жүргені белгісіз. Тіпті экс-президент інісіне арнап ас берген кезінде де келген жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін оның дүние-мүлкін сатып, Англияға кетіп қалды деген ақпарат тарады. Бірақ көп өтпей мәжілістің экс-төрағасы Астанада жүргенін айтты. Оның отбасылық бизнесіне байланысты да бір өрт тұтанатындай болып келіп, ақыры тыншыды. Соған қарағанда, ол да Жаңа Қазақстан билігімен бір мәмілеге келген сияқты.

Шөкеев
Өмірзақ Шөкеев Игорь Бутманмен бірге сахнада. Фото: ашық дереккөз

Саксофонист Өмірзақ Шөкеев

Экс-президенттің тағы бір сенімді серігі, «тяжеловестердің» бірі – Өмірзақ Шөкеев еді. Ол да қызмет жолында еш кедергісіз өскен шенеунік. Сонау Қазақ КСР-і кезінде мемлекеттік жоспарлау комитетіне қарасты СПУ ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеуден бастаса, 31 жасында экономика министрі болып тағайындалды. Ал 34 жаста Қостанай облысының ең жас әкімі атанып, облысты басқарған жылдары бұрынғы әкім Қадамбаев сияқты музыкаға деген сүйіспеншілігімен есте қалды. Ол музыкалық қабілетін Астана қаласы мен Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған кезінде де көрсетті. Тіпті әйгілі ресейлік музыкант Игорь Бутман тобымен бірге өнер көрсетті. Қостанай облысы әкімінен бөлек, ауыл шаруашылығы министрі, Астана қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысының басшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары, «Самұрық-қазына» қорының басқарма төрағасы қызметтерін атқарды. «Самұрық-қазына» қорын басқарған кезде Назарбаев оны «жұмыс істеу қолыңнан келмесе, ізіңді басып келе жатқан жастарға орныңды босат» деп сынға алды. Соған қарамастан, «Шөкеев Назарбаевтың ең жақын адамы, ол тікелей Назарбаевпен сөйлесе алатын санаулы шенеуніктердің бірі» деген сөздер айтылып қалып жататын. Өмірзақ Шөкеев 2019 жылы Түркістан облысының әкімі болды.

2022 жылы қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлыққа кінәлі деп танылып, 10 жылға сотталды. Шөкеевтің өзі қылмыстық іс бойынша күдікті болмаса да, қарамағындағы қызметкердің кінәсі дәлелденсе, қызметінен кетем деп уәде берген. Уәдесінде тұрды да. Көп ұзамай, орнын босатып берді. Содан бері Өмірзақ Шөкеев мемлекеттік қызметке қайтіп тағайындалмады. Қазір қайда жүргені белгісіз. Кейбір БАҚ мәліметтеріне қарағанда ол Қазақстаннан мүлдем кеткен. Өзбекстанда тұрады, бизнеспен айналысады және Түркияға жиі ұшатын көрінеді.

1

Экс-президенттің сыныптасының ұлы Бауыржан Байбек

Ел арасында «Президент болады» деп болашағынан көп «үміт» күттірген шенеунік Бауыржан Байбек те Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттен кеткендердің бірі. «Болашақ» бағдарламасының түлегі еңбек жолын Франкфурт қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығында мәдени атташе болып бастады. Ол Нұрсұлтан Назарбаев президент кезінде маңызды саяси қызметтер атқарды. Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек Қазақстанның экс-президентінің сыныптасы әрі жақын досы болған. Әкім кезінде автобус жолағын көбейтіп, әл-Фараби даңғылындағы жылдамдықты 60-қа түсіріп, көптің сынына ұшырады. 2019 жылы қайтадан «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне барды. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевты жақтай сөйлеген жалғыз адам да сол болды деуге болады. Қаңтардан кейінгі жаппай тергеу кезінде жұрт ең алдымен Байбек ұсталады деп күткен. Бірақ ол бұл кезде отбасымен Дубайда жүрген. Бірер мәрте әлеуметтік желіде «сол екен» деген фотосы тарағаны болмаса, одан қайтып елге де оралмады, көзге де түспеді.

Бауыржан Байбек
Пианист Эвелинда Тренкнердің Германияның Любек қаласында орнатылған бюстінің ашылу салтанатына арнайы қатысқан Бауыржан Байбек Фото: ашық дереккөз

Кейіннен оның үстінен жемқорлыққа қатысты іс қозғалды деген ақпарат тарады. Алайда мемлекеттік органдар бұл ақпаратты ресми растамады. Қазір Бауыржан Байбектің қайда жүргені белгісіз. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол Кипрде. Былтыр сәуірде еуропалық пианист Эвелинда Тренкнердің Германияның Любек қаласында орнатылған бюстінің ашылу салтанатына арнайы қатысқаны белгілі болды. Lübecker Nachrichten басылымы «ескі Қазақстанның» белгілі саясаткері Бауыржан Байбек бюстке демеушілік жасағанын жазды.

Абаев, Тасмағамбетов және басқалар...

Назарбаевтың соңынан ілесіп келе жатқан бәсі жоғары, дәмелі шенеуніктердің бірі Дәурен Абаев Қаңтар оқиғасынан кейін Ақордадағы президент әкімшілігінің бірінші орынбасары қызметін тастап, іле-шала құрылған жаңа үкімет құрамында мәдениет және спорт министрі болды. Араға тағы бір жыл салып алдымен ТМД Бас хатшысының орынбасары болып, сыртқа кетті. Одан көп ұзамай, Ресейге елші болды.

Билік дәліздеріндегі жүрістерді қалт жібермей болжап отыратын сарапшылар да, былайғы жұрт та елшілік қызметті орталық биліктен алыстау деп есептейді. Соны есепке алсақ, Дәурен Абаевты да Ақордадан алыстағандар тізіміне қосуға болады.

2014 жылдан бастап алдымен қорғаныс министрі, сосын премьер-министрдің орынбасары болып, ысырыла берген, көзге көп түспеуге айналған Иманғали Тасмағамбетов те Ресейге елшілікке кеткенде оның саяси мансабы да, амбициясы да шегіне жетті дегендер болған. Тоқаев президент болып келген соң оны жасына байланысты зейнетке шығарып, мемлекеттік қызметтен біржола босатқан. Содан бастап ұмытыла бастаған Тасмағамбетов Қаңтардан кейін жазға салым Қазақстан гольф федерациясының президенті болып шыға келгенде, оны қанды оқиғадан кейін бар билікті қолына алған Ақорданың бір жағына шығысады деп болжағандар болды. 2023-тің алғашқы күні ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы болып тағайындалғанда бұл болжам шындыққа айнала бастағандай көрінген. Бірақ ҰҚШҰ Тасмағамбетовке опа берді деуге келмейді. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға әскер кіргізген ҰҚШҰ-ны бүкіл халық қас қақпай бақылап отырған кезеңде ала-құла мәлімдеме жасап, бірер күн елдің гу-гу әңгімесіне арқау болды. Содан бері саяси аренаға қайта оралды дегенмен, ол да бойын жасырып жүр.

Бұдан бөлек, Ақордадан алыстағандардың қатарында бірнеше шенеунік бар. Экс-министр Бейбіт Атамқұлов қазір Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, экс-министр Дархан Кәлетаев қазір Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі, экс-әкім Гүлшара Әбдіқалықова қазір ешқандай қызметте емес, әлеуметтік жобалармен айналысады. Бұрынғы бас прокурор, экс-сенатор Қайрат Қожамжаров Қаңтар оқиғасынан кейін жеке заң фирмасын ашқан. Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев жақында Қаңтар оқиғасына байланысты тергеліп жатқаны белгілі болды. Экс-министр Асқар Жұмағалиев қазір Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі елшісі. Бұрынғы қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтің соңғы қызметі «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болған. Қазір қайда жүргені белгісіз.

Тұрсынбек Башар