Аласұрған Қазақстан...
Қазақстанда уақыт алға озған сайын қарапайым халықтың тұрмысы кері кетіп, өмірі нашарлап барады.
Он жыл бұрын елдің қолына алатын кәдімгі айлығы 1000 доллар болса, қазір одан аз. Былтыр жақсы болып еді, бес жыл бұрын одан да жақсы еді дейміз. Уақыт өткен сайын халықтың жағдайы жақсарудың орнына нашарлай берсе, ендеше, билік елді дұрыс басқармай отыр. Биліктің саясаты қате болғаны ғой?
«Қаңтар қайталанса, тәуелсіздіктен айырыламыз» деп, Абзал Құспан дейтін адвокат шығыпты. Қаңтар қайталанса, мемлекет құриды екен, ойбай-ау. Мемлекет құрыса, қазақ бар да, қазақ тірі де өз жерінде басқа адамдарын сайлап, басқа мемлекет құра алмайтындай айтатыны несі-ей?
«Популистерді тыңдасақ, мемлекетімізден айырыламыз» деп тағы біреу қорқытыпты. Біз өзгермейміз, біздің билігіміз, жүйеміз ауыспайды, өзгеруге болмайды, дегені. Қазақстанда тағы да жағымпаздар мен пропагандистер сахнаға шығып жатыр.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат дейміз де, өзі туған жерінің асты-үсті байлыққа толған қазақтың кедейшіліктен көз ашпай келе жатқанын елемейміз. Мемлекеттің билігі өз еліндегі халықтың қамы үшін жақсылық жасамаса, мұндай тәуелсіздіктен не пайда? Жалпы, өзі тәуелсіз елміз бе, әлде, жоқ тәуелсіздікті халыққа «саудалап» жүрміз бе? Путин ғой, жиырма жыл бойы орыс халқын ақымақ қылып, «сыртқы жаумен» қорқытудың арқасында жоқшылық пен кедейлікке көндіріп келді. Қазақ билігі де неге сөйтеді?
Тағы бір сайлау келе жатыр. Тура бұрынғыдай, кімнің жеңетіні бесенеден белгілі сайлау. Демократия деген қойылымдарымыздың бәрі сырт көзге арналған. Өз халқымызды ғана емес, халықаралық қауымдастықты да қатты алдаймыз.
Әңгіменің басы уақыт туралы еді. Сол уақыт деген, заман өте қатты өзгеріпті. Интернет кез келген адамға қолжетімді неше түрлі ақпарат тарату құралдары бар қазір. Солтүстік Корея сияқты бәрін өшіріп, бұғаттап, бүкіл әлемнен оқшауланбасаң, жаңа уақыттың жаңа қоғамында тұратын жаңа азаматқа ертегімен өмір сүргізетін коммунизмнің әдістері енді жүрмейді. Әділ қоғам болайық, жемқорлық жасамайық, қазақтығымызды күшейтіп, демократиямен жүрейік дейтін қазақ популист емес. Террорист те, экстремист те емес. Жемқорлардың ғана емес, әрбір қазақтың тұрмысы жоғары, өмірі жайлы болмауы керек пе, әлде?
Қазір қазақтың бәрінің басында кредит. Үйді ипотекаға ит қылып, құл етіп тұрып береді. Жалақы жетпейді. Билік халыққа бетін қарата салайын десе, жақсылықтың бәрін жасап бере салайын десе, бір нәрсе жібермейді. Ол – ескі әдеті еді. Демократиясыз, теңдіксіз, еркіндіксіз, әділдіксіз билеп үйренген әдеті. Ескі әдет пен жаңа заман талабында қайтерімізді білмей, аласұрып жатырмыз-ау осы.