Alatau City үміт пен болашақ қаласы

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматы облысына ресми жұмыс сапарымен келді. Сапардың мақсаты – Alatau City мегажобасындағы атқарылып жатқан шаруаларды тексеру, тапсырмалар беру.
Жобалардың өміршеңдігіне назар аудару. Алматы облысының аймағында орналасқан бұл жобалар – Gate, Golden, Growing және Green аудандары деп аталады.Өнеркәсіптік-логистикалық және іскерлік орталықтан бастап, ғылыми-білім беру мен туристік кластерлерге дейін әр ауданның өзіндік бағыты бар.
Мәселен, Gate District Өтеген батыр, Покровка, Қоянқұс, Ынтымақ және Жаңалық елді мекендерінің арасында орналасқан. Мұнда PepsiCo, Caspian Group, Алматы желдеткіш зауыты сияқты ірі жобалар жүзеге асырылуда. Ауданның басты орталығы – Iconic Building-1 Халықаралық бизнес дамыту орталығы болмақ. Қанат Бозымбаев облыс әкімдігі және инвесторларға бұл ғимараттың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, бұл нысан Alatau City жобасының ресми бастамасының символы болады.
Ал Golden District Кіші Алматы және Қаскелең өзендерінің арасындағы тасжол бойында орналасқан. Бұл аймақ ғылым, білім және медицина орталығы ретінде дамытылмақ. Мұнда: K-Park мәдени-бизнес кешені, халықаралық білім беру орталығы, заманауи академқалашық, көпсалалы медициналық кластер бой көтереді. Сонымен қатар Hyundai Green Food Almaty және Mars сияқты әлемдік компаниялардың жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.
Growing District Алматы – Қапшағай автожолы бойында және Жетіген – Қазыбек теміржол желісінің маңында орналасады. Бұл аймақ экспортқа бағытталған өндірістік және логистикалық орталық ретінде дамытылады. Көлік дәліздерінің тоғысында орналасуы және әуежайға жақындығы экологиялық таза өндірістерді дамытуға ерекше мүмкіндік береді.
Қ.Бозымбаев бұл жерде халықаралық Rhenus Logistics компаниясының басшылығымен кездесіп, Алатауда көлік-өндірістік хаб құрудағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Аумағы 31 730 гектарды құрайтын Green District Қапшағай су қоймасымен, Қаскелең өзенімен және Қонаев қаласымен шектеседі. Мұнда курорттық аймақтар мен саябақтар салынып, болашақта Формула-1 жарыс тасжолы, Iconic Building-2 туристік орталығы бой көтереді. Бұл аймақ Алматы агломерациясының басты туристік және демалыс орталығына айналмақ.
Осындай төрт аймақ арқылы облыстың экономикасы дәуірлемек. Бұл жобалар тек облыс экономикасына ғана емес, мемлекеттің өндіріс қуаттылығын арттыруға сеп болуы тиіс. Сондықтан да аталмыш жобаларға артылар жүк ауыр.
Жұмыс сапары барысында Қанат Бозымбаев министрліктер өкілдері, инвесторлар, бизнес қауымдастығы, халықаралық сарапшылар және президенттің штаттан тыс кеңесшісі Вонг Хэн Файнның қатысуымен Жобалық офис отырысын өткізді. Жиында отандық және шетелдік инвестицияларды қорғау, келісімшарттардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, Қытайдың CRDI компаниясымен бірлескен кеңес беру тетіктері, Алатау қаласының даму кеңесін құру және Alatau City Authority мемлекеттік қорының Жарғысын бекіту сияқты мәселелер қаралды. Сонымен бірге президенттің Алатау қаласын дамыту жөніндегі Жарлығының орындалу барысы және «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» конституциялық заң жобасының орындалу барысын да талқылады.
Жалпы Алатау қаласынан күтіп отырған үміт көп. Кездесу қорытындысы бойынша Қанат Бозымбаев жауапты мемлекеттік органдарға Алатау қаласын дамытуда кешенді тәсіл қолдануды және тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуді тапсырды.
Әнуар ҚАЙЫРБЕК
Алматы облысы