Алатау қаласы: заңсыз құрылыс, ауыз су және электр энергиясы

Алатау қаласында заңсыз құрылыс салуға жол жоқ. Бұл ретте Алатау қаласына жұмыс сапармен барған Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді. Облыс әкімі жауапты органдарға арнайы тапсырмалар берді.
Аталмыш қалаға қатысты Заречный шағынауданында өткен көшпелі кеңес барысында LH AL ЖШС-ға тиесілі құрылыс нысанында рұқсат құжаттарынсыз жер қазу жұмыстары жүргізілгені белгілі болған. Тексеру нәтижесінде компанияның құрылыс заңнамаларын сақтамай жұмыс жүргізіп жатқаны анықталған.
Облыс әкімі заңбұзушылықтарды қатаң сынға алып, тиісті шаралар қабылданатынын атап өтті. Сұлтанғазиевтің сөзіне сүйенсек, Алатау қаласын дамытуда заңсыз құрылысқа және жер мен экологияға қауіпсіздігін сақтауға немқұрайлы қарауға жол берілмейді. Барлық жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүргізілуі тиіс.
Бұған байланысты әкім бірқатар мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына LH AL ЖШС нысанындағы барлық құрылыс жұмыстарын тиісті жобалық және рұқсат құжаттары толық реттелгенге дейін тоқтату тапсырылды.
Сондай-ақ Алатау қаласының әкімдігіне уәкілетті органдармен бірлесе отырып, ұңғыманың өздігінен ағуын жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу міндеттелді.
Сонымен қатар Алматы облысының Экология департаменті тарапынан ұңғымадан тараған судың қоршаған ортаға әсерін бағалап, тиісті экологиялық мониторинг жүргізілуі қажеттігі міндеттелді. Ал Төтенше жағдайлар департаментіне нысанда төтенше жағдайдың туындауына жол бермеу мақсатында бақылауды қамтамасыз ету жүктелді.
Табиғат қорғау прокуратурасы мен полиция департаментіне заңнама талаптарының сақталуына бақылау орнатып, құқықтық шаралар қабылдау тапсырылды. Облыс әкімінің аппаратына бұл жағдай бойынша облыстық деңгейдегі тиісті құрылымдардың әрекетсіздігі туралы орталық мемлекеттік органдарға ұсыныс жолдау міндеті жүктелді. Сонымен қатар LH AL ЖШС-ға анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша күн сайын Алатау қаласы әкімдігіне есеп беріп отыру тапсырылды.
Аталған мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында. Құқықтық баға беру үшін барлық материалдар уәкілетті органдарға жолданады.
Жалпы, 2024 жылы Алатау қаласы президент жарлығымен құрылған болатын. Содан бері Алматы облысы Іле ауданы Жетіген ауылы облыстық маңызы бар қалалардың санатына жатқызылып, Алатау қаласы болып өзгерген. Әзірге жаңа қаланың тұрғындары қаланың дамуына біраз уақыт керек екенін айтады. Өйткені Алатау қаласына қарасты біраз елді мекендердің инфрақұрылымдық жағдайы тозып тұр. Қалада жол, электр энергетика саласының мәселелері жетіп артылады. Жаңадан құрылған қаланың әкімі халықпен жиі кездескенімен біраз мәселелер әлі шешімін таппаған. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те қалаға қарасты ауылдардың біраз мәселелерінен хабардар. Мысалы, су жаңа қаланың тұрғыны Тілектес Ерғалиева бұл қалаға қарасты Қоянқұс, Жаңадәуір, Жаңаталап ауылдарының проблемаларынан әкімдік қызметкерлерін үнемі хабардар етіп отырады.
«Мен осы үш ауылдың мәселесін Алатау қаласының әкіміне үнемі айтып отырамын. Орындаймыз деп уәде береді. Мысалы, бізде электр энергиясы жиі өшеді. Былтыр әкімдік ретке келтіреміз деп уәде берген. Дегенмен әлі де мәселе толыққанды шешілген жоқ. Әсіресе Қоянқұс ауылында электр энергиясы үп еткен жел тұрса бітті өшеді. Бұдан соң бізде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Тұрғындар скважина қазып, суды өздері кіргізіп отыр. Биыл е-Өтініш платформасы арқылы ауыл тұрғындары бірігіп әкімге хат жаздық. Орталықтандырылған су кіргізуге қатысты жобасы жасалып жатқанын 2026 жылы ауыл сумен қамтылатынын айтты. Тағы бір мәселе – біздің электр энергиясын беретін трансформаторымыз жекеменшіктікі. Соны мемлекетке өткізе алмай жүргенімізге бірнеше жыл болды. Осы мәселені де әкімге жаздық. Бірақ қалай шешілетіні белгісіз. Жауабын тосудамыз. Жалпы, Алатау қаласы құрылғанда біздің ауылды ықшам аудан етіп жіберді. Енді сол ықшам аудан деген атына сай халыққа жағдай жасалса», – дейді Қоянқұс ауылының тұрғыны Тілектес Ерғалиева.
Жалпы, Алатау қаласының құрамына кіретін ауылдар келешекте дамитын аймаққа айналатындарына сенгісі келеді. Әкімдер уәдесінде тұрса бұл аймақтар да дамып қалар, бәлкім...
Қ.САЙЛАУ
Алматы облысы