Алатауда тау туризмі дамыса...

24.07.2018, 21:03

11

Бүгінде туризм әлемдегі ең пайдалы бизнестердің бірі екені бұлтартпас шындық. Еліміздегі саяси жағдайдың тұрақтылығы, қазақ халқының қонақжайлығы, тұрақты нарықтық бәсекелестік, мемлекеттік қолдау өз кезегінде туризм индустриясының гүлденуіне қолайлы кеңістік қалыптастырып үлгерді. Жақында Шымбұлақ тау шаңғы курортында International Mountain Sports Festival III халықаралық тау және спорт фестивалі аясында Халықаралық тау форумы өтті.Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсел Жүнісованың айтуына қарағанда,  республика бойынша барлық келушілердің бестен бірі оңтүстік астананың еншісінде екен. Соның ішінде ішкі сапарлар және 40 пайызы шетелден келетін қонақтар. Соңғы үш жылда қалаға келген туристер саны жылына 14 пайызға өсті, ал өткен жылы универсиаданың арқасында 20 пайызға артты. 2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында әуежай арқылы 232 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың тура осы кезеңімен салыстырғанда 20 пайызға артық. Қазақстандық және шетелдік туристер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, шетелдік туристердің 60 пайызы Алматыны экотуризм үшін таңдайды, ал қазақстандық туристердің 55 пайызы түрлі белсенді іс-шаралар мен ойын-сауық үшін ат басын тірейді. Табиғат пен мегаполистің заманауи ойын-сауықпен үйлесуі – біздің қаламыздың ауыз толтырып айтарлық ерекшеліктерінің бірі. Алматыға TripAdviser әлемдік платформасында қызығушылық та артып келеді: екі жыл ішінде Алматы микросайтының көрілімі 140 есе артты, парақшаға, негізінен, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан және Германия азаматтары кіреді. Экотуризмге үлкен қызығушылық байқалады. Алматы қаласының әкімдігі Іле-Алатау ұлттық паркі және Алматы облысындағы әріптестері саналатын «Қазақтуризм» компаниясымен бірге тау туризмін дамытудың бас жоспарын іске асыру жұмыстарын қолға ала бастады. Жоба жаңа тау шаңғысы курорттарының пайда болуын, жалпы ұзындығы 500 км-ден астам жаяу жүру (хайкинг) мен бақылауға (трэкинг) арналған тау маршруттарын ұйымдастыруды қарастырады.«Эйр Астана» әуекомпаниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-президенті Ричард Леджердің айтуынша, 2017 жылдың жазында туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан. Алайда шетелден келген қонақтар Қазақстанға іссапарға немесе туыстарымен көрісу мақсатында сирек келеді. Мәселен, 2016 жылы елімізге келген 6,5 миллион шетелдік туристің тек 50 мыңға жуығы ғана жыл сайынғы еңбек демалысын осында өткізу үшін келген. Сарапшының айтуынша, қазақстандық туризмнің негізгі проблемасы – халықаралық нарықтағы өнімнің жеткіліксіз дистрибуциясы.Мысалы, Австралиядағы интернет қолданушы туристік порталға кіргенде, елдің көрікті жерлері туралы ақпаратты ғана алып қоймайды, сонымен қатар ішкі нарыққа әлеуетті туристер үшін қызмет ететін туроператорлардың тізімін қарауға да мүмкіндігі бар. Kazakhstan.org сайтында ол сондай-ақ көрнекті орындар туралы ақпаратты және электрондық поштаны жіберуді сұрайтын форманы көреді. Ал шетелдіктер хат жазбайды, оларға жергілікті нарықтардағы серіктестер қажет. Қазақстан туралы ештеңе білмейтін турист ол жерде өзін не күтіп тұрғанын білмей, бөтен елде екі аптасын өткізгісі келмейді, – дейді бұл жөнінде Ричард Леджер.Мұнымен қатар «Эйр Астана» әуекомпаниясы транзиттік жолаушыларға стоповер бағдарламасын ұсынды, мұның аясында турист қонақүйде бірнеше түн тұрақтай алады, сондай-ақ жергілікті көрікті орындарға баруға мүмкіндігі бар. Аталмыш бағдарлама – брендті халықаралық әдіс, жергілікті мазмұнға негізделген және халықаралық нарықта елдің беделін арттырады. Бағдарлама Алматы мен Астанада жұмыс істейді. Ұлттық тасымалдаушы бұл жүйені бүкіл әлем бойынша 40 мың туристік агенттерге таратты және стоповерге компания сайты арқылы қатысуға болады. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 9000 түнеу тіркеліп, бұл өнімді 50 мың турист пайдаланған.Қазақстан өзінің туристік нысандарының әлеуетін толық пайдаланбайды деген пікірмен Шымбұлақ тау шаңғы курортының бас директоры Ержан Еркінбаев те келіседі. 2010 жылы, яғни қайта қалпына келтіру жұмыстарына дейін, демалыс күндері курортқа 1000 адам ат басын тіресе, ал қазір Шымбұлаққа әр сенбі және жексенбі күндері 15 мың адам қыдырып келеді. Жыл сайын келушілер саны артуда, биылғы көрсеткіш 600 мың адамға жетті.– Шымбұлаққа бәсекелестік жетіспейді, бірақ біз оның рельеф бойынша және жолдардың ауқымы бойынша шектелетінін түсінеміз. Ең көп қонақ келетін күндері курорт тұншығып тұрғандай әсер қалдырады, мұның салдары қызмет көрсету сапасында айқын көрінеді. Егер Алматы облысында кәсіпқойлар үшін ғана емес, әуесқойларға да, балаларға да, қарт адамдарға да бірнеше жеңіл әрі қолжетімді жолдары бар курорттар бар болса, ол шетелдік туристерді тартуға септігін тигізеді, есесіне барлығы ұтады, – дейді Ержан Еркінбаев.Қазақстандық KITA кірме және отандық туризм қауымдастығының вице-президенті, ACT Adventure экстремалды туризм жобасының жетекшісі Анатолий Савичев Алматы облысындағы таулы аудандар өзінің жолдарымен ғана емес, сонымен қатар ат топтарына арналған маршруттарды, парапланмен ұшу орындарын және велосипед пен квадроцикл айдауды ұнататын әуесқойлар үшін таптырмас мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті. Шымбұлақ пен Кіші Алматы шатқалдарының туристеріне бір күндік сапар үшін шамамен айналма саяхаттың 15 нұсқасы және альпинистік тауға көтерілудің түрлі маршруттары бар, мұндай ресурстар барлық таулы жүйелерде қолжетімді емес.– Жергілікті өнімнің артықшылығы – көптеген тау маршруттары, жабайы және жүрілмеген жолдар, өзіндік ерекше тұсы – маусымаралық кезеңнің болмауы. Қауіпсіздік – шетелдік туристердің біздің таулар мен курорттарға толыққанды сенуі үшін маңызды қажетті элементтердің бірі. Өзге елдің тау курортында турист аяғын сындырып алса, оны дереу тікұшақпен ауруханаға жеткізеді. Францияда турист ски-пасс алған уақытта, оған қоса, полисті де алу ұсынылады. Сақтандыру полистерінің онлайн және тау шаңғы курорттарының кассаларында сату тәжірибесін енгізу біздің жағдайымызда әбден мүмкін, дегенмен әзірге туристерге арналған көңілге қонымды сақтандыру жүйесі жоқтың қасы, – деді Анатолий Савичев.Жергілікті туристердің қауіпсіздігі бойынша семинарлар мен практикалық тренингтерді тұрақты ұйымдастыру өте маңызды, себебі олардың тәжірибесі мен дағдылары арта түседі, сәйкесінше шетелдік қонақтар біздің тауларымызда өзін-өзі қауіпсіз сезінеді.Форумның шетелдік қатысушылары тау туризмін дамыту тәжірибесімен бөлісті. Белгілі швед саяхатшысы, Халықаралық табиғатты қорғау одағы және Snow Leopard Foundation қорының елшісі Йохан Нильсон 20 жылдан астам уақыт ішінде әлемнің 169 елінде және түрлі тау жүйелеріндегі саяхаты туралы баяндады. Швед саяхатшысы әлемнің әртүрлі елінде ұшырасатын қоршаған табиғатқа қатысты мәселелерді қозғады. Мысалы, дүниежүзінің ең биік шыңдарында, оның ішінде Эвересте үйілген қоқыс проблемасын да алға тартты. Үш жыл бойы Нильсон және оның әріптестері жалпы саны 250 адамның қатысуымен арнайы экспедиция ұйымдастырған. Экспедиция мүшелері әлемнің ең биік нүктесі төңірегінен 15 тонна қоқысты жинады. Айтуынша, осыншама қажетсіз заттарды лақтыратын туристер емес, жергілікті тұрғындар.– Меніңше, адамдар өздері тұратын аймақтың сұлулығын сезбейді. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуды ғана қолға алмай, жергілікті халыққа ақпарттық жұмыстарды жүргізу абзал және тасталған қоқыс үшін айыппұл салу жүйесін енгізуді жүзеге асыру орынды, тиісінше тұрғындар қоқысты тастау алдында ойланады, бірегей тау жүйесі мен қоршаған ортаны тазалықта ұстауға ниеттенеді, – деді Йохан Нильсон.Туристерді тарту жолында дәстүр мен менталитетке қарамастан, Қазақстан әлемге және өз қонақтарына есігін айқара ашуға дайын болуы тиіс деп тұжырымдады Les Portes du Mont Blanc тау шаңғы курортының бас директоры Лукас Маршанд. Сарапшы 2010-14 жылдар аралығында Шымбұлақта қызмет еткен.– Менің Отаным Францияда соңғы 50-60 жылда өз тіршілігін туризмнің арқасында дөңгелетіп отырған ауылдар бар. Осы аймақта бұрыннан тұрып келе жатқан тұрғындардың қонақтарға қаншалықты көңілі толмаса да, олар туристер болмаса, ауыл жағдайының қазіргідей болмайтынын түсінеді, – деді француз маманы.Оның пікірінше, туристік жобаны табысқа операциялық әрекеттер жетелейді. Соңғы 15-20 жылда туризм түсінігі жаһанданды, бұл үдеріс барлығын өзгертті: туристер әлемнің барлық нүктесіне саяхаттайды, өз тәжірибесімен интернетте бөліседі, туристік сала ойыншыларының әрдайым жетіле түсуіне себепкерлік танытады. Курортты дұрыс позициялау және вау-эффекті тудыру өте маңызды.– Орташа стандарттар туристерді тартпайды. Бұл курорт әкімшілігінде қомақты қаражат болуы қажет деген түсінік емес. Ұзақ бастап, орташа жобаны жүзеге асыруға болады. Жобаның басынан бастап, операторды енгізу орынды және бағдарламаның бүге-шігесін талқылап алған дұрыс, – деп топшылады Лукас Маршанд.Франциядан келген қонақтың заманауи туризмнің жаһандануы пікірімен «Шексіз әлем» (Ресей) туристік қауымдастығының атқарушы директоры Александр Агамов та келіседі. Оның айтуынша, 2017 жылы Ресейден Қазақстанға келген туристер саны 65 мыңға, ал Грузияға  166 мыңға дейін жеткен. Осыған қарап сарапшы ресейліктер Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы аз біледі деп қорытынды жасады. Ресей туризм индустриясының өкілі өз елінің тәжірибесіне сүйене отырып, туристерді тартуда Қазақстан үшін ең тартымды нарықтарға назар аударуға кеңес берді. Ол осы ретте Қытай, Оңтүстік Корея, Иран және Үндістан мемлекеттерін атап өтті.– Бұлар түрлі нарықтар және түрлі белсенділікке негізделген. Қытайлықтарды экологиялық туризм қызықтырады, оның ішінде демалыстық-мерекелік іс-шаралар ғана емес, сонымен қатар белсенді, танымдық туризм, түрлі өнімдер дегустациясы да бар. Қытайда жыл сайын туристік сапарлар саны 10 миллионға артады, қытайлық турист бүкіл әлемді қонақжайлылық индустриясының жаңа бет-бейнесін құруға үйретеді, – деді Александр Агамов.Ресейлік сарапшы қазақстандық әріптестеріне тау курортына өздері көргісі келетін туристер елінен келетін атақты, танымал тұлғаларды тартуға кеңес берді. Олар Алматыға бір ғана түнге келсе де, мыңдаған туристі әкеледі.Австриядан келген қонақ, Австрияның Қазақстандағы елшілігі сауда бөлімінің басшысы Михаил Мюллер өз елінің үлгісінде тау туризмін дамытудың құқықтық аспектілеріне назар аударды. Австрия тау туризмі нарығындағы негізгі ойыншылар – түрлі қауымдастықтар, олардың негізгі бөлігі Австриялық Альпі клубы, оның құрамында 500 мыңнан астам мүше бар. Клубтар 20 мың шақырымнан астам тау жолдары мен соқпақтарды басқарады, еріктілер бұл қызметті ерекше ынтамен атқарады. Клуб дұрыс жол белгілері орнатылып, тиісті маршруттар салынғанына жауапты. Австриядағы тау туризмі дамуының екінші компоненті – федералды жерлер. Олар инфрақұрылымды қаржыландыруда, жеке компаниялармен ынтымақтастықты ұйымдастыруда маңызды рөлге ие.– Туризм өте табысты бағыт болуы мүмкін, бұл үйлестіру мәселесіне келіп тіреледі, сондықтан жергілікті және шетелдік туристер қызықты ұсыныстар пакетін және тау маршруттары туралы толық ақпарат ала алуы шарт. Турист гидті табу, велосипедті қайдан жалға алуға немесе өз балаларын қайда қалдыруға болатыны туралы ақпаратты білуі заңдылық. Адам тынығуға келеді және бұл мәселелерді өзі шешкісі келмейді, – деді Михаэль Мюллер.Ал ресейлік маман Александр Агамов біздің елдің курорттарында шағын және орта бизнес жеткіліксіз, көптеген мейрамханалар мен ойын-сауық орталықтары жоқтың қасы деп айтады.«HORECA Казахстан» мейрамханалар мен қонақүй бизнесі кәсіпорындары ұлттық қауымдастығының президенті Игорь Копайловтың ойынша, Алматы облысындағы тау шаңғы курорттарына келетін туристер үшін жағымсыз жаңалықтардың бірі – қазіргі заманғы халықаралық стандарттарға сәйкес келетін туризм және қонақжайлылық индустриясы нысандарының жетіспеушілігі.Биік таулы жерлерде мейрамхананы ашар алдында барлық ұтымды және жағымсыз аспектілерді мұқият зерттеу шарт. Таулы ауданда мейрамхана бизнесін дамытуда табысқа жеткізетін факторлар – тау шаңғы курорттары мен қонақүйлердің, су спортын насихаттауда маңызды рөлге ие тау өзендері мен көлдердің, саябақтар мен табиғат қорықтарының болуы. Игорь Копайловтың айтуынша, Қазақстанның таулы аймақтарында мейрамхана бизнесін жандандырудың басты мәселесі таулы аймақтағы құрылысқа рұқсат алумен тікелей байланысты. Сонымен қатар аспазшыны бағып-қағу мәселесі және қызметкерлердің жетіспеушілігі мен тапшылығы кедергілер тудырады. Мәселен, мейрамханалардың шамамен 50 пайыз персоналы жылына шамамен 30-40 пайызға жаңарады.Айта кету керек, бұл форум осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Осы жылы оның тақырыбы «Алматыда тау туризмін және бұқаралық спортты дамыту тетіктері: бүгін және ертең» деп тұжырымдалды. «Бақ. Кз» сайтының жазуына қарағанда, форумның қатысушылары мен қонақтары тау туризмінің жаһандық нарығының дамуы, Алматы қаласының осы нарықтағы рөлі мен орны, туризм индустриясының қала және өңір экономикасын дамытуға әсері, сондай-ақ туризм индустриясындағы қоғамдық ұйымдар мен шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпорындар ұшырасатын проблемалар мен кедергілерді талқылады. Форум аясында өткен баспасөз мәслихатында қазақстандық және шетелдік спикерлер бұқаралық ақпарат құралдарының сұрақтарына жауап берді. Қазақстандық туризм индустриясы мен белсенді спортты дамытуға мамандандырылған қауымдастық өкілдері Алматы қаласының әкімдігіне тау туризмін және белсенді демалысты насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 20.08.2020, 18:13
Су тазарту қондырғыларын жасап шығарады
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 19:15
"Доғарыңдар, ұрмаңдар!". Беларусьте сәрсенбі күні де наразылық акциялары жалғасты
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 16:40
Қазақстанда бір күнде 517 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды
Сайт әкімшілігі 13.08.2020, 02:00
Қазақстан ресейлік коронавирус вакцинасын толық сынақтан өтпейінше сатып алмайды
12.08.2020, 17:29
Қазақстан Ресейдің вакцинасын әзірге алмайды – ҚР ДСМ
Сайт әкімшілігі 12.08.2020, 16:48
Орталық клиникалық госпиталь соңғы науқасты шығарып салды

Аңдатпа


  • Бір тәулікте қанша адам коронавирус жұқтырғаны анықталды
    23.09.2020, 09:43
  • Nur Otan еліміздің солтүстік облыстарына қатысты қандай уәде береді?
    22.09.2020, 09:50
  • Конгресс-Холл экс-директоры миллиардтаған ақша жымқырған ба?
    21.09.2020, 15:07
  • 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты
    20.09.2020, 14:39
  • Көлік кептелісінен құтылар күн бар ма?
    18.09.2020, 14:27