Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:07

Алаяқтар Қайрат Боранбаевтың Мәскеудегі зәулім үйін тартып алмақ болды

Қайрат Боранбаев
Фото: ашық дереккөз

Бизнесмен Қайрат Боранбаев Ресейде алаяқтардың құрбаны болды. Белгісіз адамдар құжаттарды қолдан жасап, оның элиталы жылжымайтын мүлкін сатып жіберген. 

Бұл кезде Боранбаев Қазақстанда ірі көлемде қаржы жымқыру ісі бойынша қамауда отырған еді. Сот процесі екі жылға жуық уақытқа созылды.

Аталған зәулім сарай Мәскеу маңындағы элиталы «Богородское» коттедж қалашығында орналасқан. Бұл жерді 90-жылдары «Газпром» топ-менеджерлері үшін салған. Қалашық Мәскеуден небәрі 10 шақырым жерде орналасқан, жанында Ресей премьерінің резиденциясы мен «Газпромның» қабылдау үйі бар.

Боранбаевтың иелігінде екі жер телімі (жалпы аумағы – 86 сотық), 1,8 мың м²-лік негізгі сарай, 425 м²-лік қонақ үй және 411 м²-лік аяқталмаған құрылыс нысаны бар. 2023 жылы бұл мүліктің нарықтық құны шамамен 1 млрд рубльді (5 млрд теңге) құраған.

Алаяқтар мүлікті 2023 жылы, Боранбаев қамауда болған кезде сатып жібергенге ұқсайды. Дегенмен, сот небәрі бір жылдан сәл асқанда мәмілені жарамсыз деп таныды. Мұнда Қайрат Боранбаевтың компаниясы «Консалтинггаздың» аталған мүлікті сол жылы Тимур Құлыбаевқа қарызды өтеу кепілі ретінде қойғаны да рөл ойнаған болуы мүмкін.

Алайда Боранбаев енді Ресейде тұрмайды. Аудиторлық есепке сәйкес, ол бұл активті және өзге де мүлкін сатуды жоспарлап отыр. Ал түскен қаржы Эмираттағы Nexta FZE компаниясының алдындағы қарызды жабуға бағытталмақ. Айта кетейік, бұл компания да Боранбаевтың бақылауында.